Биыл ұлттық қауіпсіздік органдары 4 террористік актінің алдын алған. Бұл туралы бүгін Президент алдында есеп берген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев айтты.
Комитет төрағасының айтуынша, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған. Лаңкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланып, олардың екеуі сотталған. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеген.
– Ішкі істер министрлігімен бірге 19 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленген, 60 адам қамауға алынып, заңсыз айналымдағы 505 атыс қаруы, 5 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш топтама және 15 046 оқ-дәрі тәркіленді. Есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылды. 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр шикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленіп, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар 162 адам сотталды. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында 1,6 триллион теңгеден астам көлемде мемлекетке келтірілетін залалға тосқауыл қойылып, бюджетке 315 миллиард теңге өтелді, — деді ол.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық әрекет жасағаны үшін 46 адам сотталған. Мемлекеттік шекарада 55 мыңға жуық құқық бұзушы ұсталды, қару мен оқ-дәріні, есірткі мен басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдаудың 1300-ден аса әрекетінің жолы кесілген. Шекара арқылы 18 миллиард теңге көлемінде валюта мен құны 66 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге жол берілмеген. Заңсыз көші-қонның 20 арнасы тоқтатылған екен. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне 552 миллионнан астам кибершабуылды және 6 мың DDoS-шабуылды тойтарған.