“Қыздар.нет” сайты артында кімдер тұрған және ондағы ақша айналы қандай болған? ІІМ мәлімдеді

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Kyzdar.net интернет-ресурсының серверлік инфрақұрылымын ұйымдастырушылар мен бенефициарларын ұстады.

ІІМ мәліметінше, сайтта интим қызмет көрсету туралы 9000-ға жуық анкета орналастырылған, оның 500-ден астамы — дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы тұлғалар мен трансвеститтердің сауалнамалары. Тергеу барысында күдіктілердің IT-компаниялардың бірінің негізін қалаушылар екені анықталды.

«Олар әзірлеген Kyzdar.net сайты негізгі жобалардың бірі болған және кейіннен қызмет көрсету саласындағы басқа да заңды IT-өнімдерді жасау кезінде енгізілген бағдарламалық шешімдерді әзірлеу мен тестілеуге арналған технологиялық платформа ретінде пайдаланылған», — деп хабарлады министрліктегілер.

Компанияның дамуы Kyzdar.net сайтының заңсыз қызметінен түскен қаржы ағындары есебінен жүзеге асырылған. Алдын ала есептеулер бойынша, олардың көлемі айына 500 миллион теңгеден аса соманы құраған. Қаражат қозғалысын бақылауды қиындату үшін қаржылық операциялардың едәуір бөлігі криптовалюта құралдарын пайдалану арқылы жүргізілген.

«Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 144 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақша, 1,3 миллион доллардан аса қаражат, соның ішінде 300 мың доллардан аса криптовалюта, оқ-дәрілерімен қоса қару-жарақ, 150-ге жуық компьютерлік және өзге де техника, автокөлік, құжаттар мен қылмыстық іс бойынша басқа да айғақтар тәркіленді», — деді ІІМ өкілдері.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция құқыққа қайшы қызметтің барлық мән-жайын анықтап, ықтимал сыбайластарды, сондай-ақ заңсыз алынған кірістерді заңдастыру схемаларын әшкерелеумен айналысып жатыр.

Еске салайық: бұған дейін Алматы прокуратурасы атышулы «Қыздар.нет» сайтының ұйымдастырушылары ұсталғаны туралы хабарлаған болатын.

Бұл жолғы ұстау — ресурс басшылығын жауапқа тартудың екінші талпынысы.

2023 жылдың көктемінде полиция Kyzdar.net сайтының 11 топ-менеджерінің ұсталғанын хабарлаған болатын. Ол кезде тергеушілер Қылмыстық кодекстің 309-бабы «Жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.

Алайда істі сотқа дейін жеткізу мүмкін болмады. 2024 жылы іс тоқтатылды. Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz басылымына бұған заңнамадағы олқылықтар себеп болғанын түсіндірді.

Tengrinews.kz

Related posts

В районах области Абай растет число пожарных постов

Алпыс жыл бұрынғы халықтың арманы орындалды

editor

Абай облысының әкімі Шыңжаң ұйғыр өлкесінің партия комитетінің хатшысымен кездесті

Назия Жоямергенқызы