Шымкентте отбасылық қарым-қатынастардағы қылмыстар саны айтарлықтай өскен. Прокуратура дерегінше, биыл әдейі дене жарақатын салу фактілері үш есе көбейген. Былтыр осындай 32 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны 146-ға жеткен.
Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, отбасындағы қылмыстардың басым бөлігі ішімдік ішу, жұмыссыздық және қаржылық қиындықтармен байланысты болған.
Биыл маусым айында күшіне енген Қылмыстық кодекстегі өзгерістердің де зорлық-зомбылықтың ресми тіркелу санына әсер еткені мәлім болып отыр. Бұл заң әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған және кез келген шағым бойынша қылмыстық іс қозғауды міндеттейді. Мәселен, 53 жастағы ер адам әйелі мен үш айлық қызын ұрып-соғып, пышақпен қорқытқаны үшін алты жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Мұндай жағдайларда жазалау шараларымен қатар алдын алу жұмыстары да қолға алынып жатыр.
Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығында агрессорларға арналған тегін психологиялық көмек жобасы іске қосылды. Бағдарлама отбасылық құндылықтарды нығайтуға және ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған. Жоба аясында 30-дан астам агрессормен жұмыс жүргізіліп, олардың арасында құқық бұзушылық қайталанбағаны белгілі болған.