Түркістанның жеке дизайн-коды енгізілмек

 Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беріледі.  Мәжіліс отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков осылай деді. Оның айтуынша, заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беру көзделген. Бұл тұрғыда қала мәслихатына 7 құзырет беріледі.

Бұл орайда қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын, бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын, көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын, сондай-ақ Түркістан қаласының аумағында нышанды пайдалану тәртібін бекіту ескеріледі.

Сондай-ақ ол қала әкімдігіне 27 құзырет берілетінін айтты. Олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт — қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне келесі құзыреттерді беру ұсынылды:

— жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізу;

— қаланың тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерттеуді, пайдалануды және олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;

— жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу.

Ал екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағытталған. Бұл ретте Түркістан қаласының әкімдігіне  қаланың дизайн-кодын және қала құрылысы регламентін әзірлеу, қала құрылысы кеңесін құру және оның ережесін бекіту құзыреті беріледі.

Үшінші бағыт — туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға арналған. Осы тұрғыда Түркістан қаласының әкімдігіне туризм инфрақұрылымын дамыту шараларын қабылдау құзыретін беру жоспарланып отыр.

Related posts

ТІЛ — ҰЛТТЫҚ ҚАЗЫНА

Назия Жоямергенқызы

Ресейліктерге азаматтық алуға көмектесуге уәде еткен

editor

ЗАМАНАУИ ТЕХНИКА — САПАЛЫ ӨНІМ КЕПІЛІ

ttjk