СТУДЕНТТЕР МҮШАЙРАСЫ

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн! – деп осыдан бір ғасыр бұрын жырлаған Мағжанның сенім артқан тәуелсіз елдің жастарына жалын, жүректеріне жігер беру үшін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті студенттер арасында «Тәуелсіздік және дін» атты бәйге ұйымдастырған болатын. Өлең -жырлар және мақалалар сайысы етіп екі бағытта жарияланған байқауға 52 шығарма түсіп, оның 26-сы мақала, қалғаны поэзия саласы болды. Алдын ала сараптау бойынша мақалалардың басым бөлігі талапқа сай келмегендіктен, ол бәйге кейінге қалдырылды. Ал Жазушылар Одағының назарына ұсынылған 26 үміткердің 10 авторы ақтық сынға жолдама алды.
Мемлекеттік әнұранмен басталып, қасиетті Құранмен шымылдығы түрілген жыр кешінде проректор, доцент Қайрат Құрманбаев бұл байқаудың Жастар жылы әрі ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің құндылығын паш ету үшін жастар шығармашылығына қолдау ретінде ұйымдастырылғанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Филол.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан, теол.ғ.д., доцент Мұхитдин Исаұлы, Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Самат Қабылбеков, ақын, тәуелсіз сарапшы Даулетбек Байтұрсынұлы, PhD доктор, ҚР Ұлттық Кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлы сарапшылық еткен жазба жыр додасына Алматы, Талдықорған, Көкшетау, Атырау қалалары және Ресей, Монғолиядан жас тұлпарлар бақ сынады.
Жол қашықтығына орай, Атырау мен Монғолия елінен қатысушы үміткерлер онлайн жүйесінде LED экран арқылы өлеңдерін оқыды. Нәтижесінде:
«…Дінімді қасиет тұтып, арлы болғам,
Қойдай қылып айдағанмын жауды жолдан.
Еділ болып Европаны еншілегем,
Мен ол кезде Ғұн болғам, Қаңлы болғам.
Мен ол кезде Түркі болғам, алдаспанмын,
Бөріден бастау алып жалғасқанмын.
Бумын болып бұрқ етіп көтеріліп,
Жужандардың жағасына жармасқанмын…» деп қазақ тарихын жыр маржанымен тізбектеп, тәуелсіздіктің туын көтерген І. Жансүгіров атындағы ЖМУ студенті Айтақын Айғаным Қуатқызы Бас жүлде «Қажылықты» қанжығасына байлады.
1-орын Өмірбай Бибарыс-Сұлтан (І.Жансүгіров атындағы ЖМУ) – Умра;
2-орын Талап Нұрай (Атырау жоғары медициналық колледжінің студенті) – 200 000 (екі жүз мың) теңге;
3-орын Заңғар Еркебекұлы (РФ Новосибирск Аграрлы университетінің студенті) – 100 000 (жүз мың) теңге.
Ал Көкбөрі Мүбарак (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) арнайы жүлдеге ие болса, қалған бес үміткер: Қанағат Қаржаубай ( Нұр-Мүбарак ЕИМУ), Айдын Асылбек (Нұр-Мүбарак ЕИМУ), Шыңғыс Атай (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), Оралбек Нүрүш Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау МУ), Әуесхан Нұрмұратов (Әбу Ханифа атындағы медресе-колледж) арнайы сертификат пен сыйлықтарға ие болды.
Бас демеушілер Амангелді Еренғайып басқаратын «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы (қажылық), Абдусамат Арипов басқаратын «Dostyk Travel Company» (умра) және Бас имам Қайрат Жолдыбай Нұр-Мүбарак мешіті, «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті Оралхан Сейдманов жастарға демеушілік жасап, мүшайраның мерейін үстем етті!
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Related posts

АНКАРА/ANKARA фоторепортаж

Назия Жоямергенқызы

«QOLDA» — ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖОБАСЫ

ttjk

ФРИГИЙСКИЙ УЛЬТРАМАРАФОН

ttjk