Стартапты қалай бастау керек: медиа индустриядағы кәсіпкерлерден кеңестер

Ғаламтор өмірімізді 180 градусқа өзгертіп қана қоймай, бүкіл әлемде төңкеріс жасады. Қазір жаңалықтардың негізгі көзі газет – журналдар емес, сайттар мен әлеуметтік желілер. Радионы көлікте тыңдағанымызбен, күнделікте өмірде оның орнын подкаст пен музыка тыңдауға арналған қосымшалар басты. Сол сияқты 2000 жылдардың басында теледидар алдында сүйікті бағдарламамызбен телехикаямыздың басталуын асыға күтсек, қазір онлайн платформадан кез келген уақытта көре аламыз. Енді жас жеткіншектерімізге де ертегіні ересектер емес, мобильді қосымшаның оқып бере алатынына сенесіз бе?

«Ordagen»   қазақстандық әлеуметтік  жоба. Оның мақсаты – баланың санасына ұлттық, танымдық, мәдени құндылықтарды ертегілер арқылы жеткізу. Қазақ ертегілерінің басын қосып, оны заман талабына сай интерпретациялаған «Ordagen» танымдық жобасының жетекшісі Парасат Тәненмен сұхбаттасып, табысты әлеуметтік жобаны қалай құру керектігін білдік.

«Ordagen» онлайн ертегілер платформасын жасау туралы идея қалай пайда болды?

Ең алдымен, «Ordagen» атауын түсіндірейін. Біз мәдениеті, білімі жоғары, болашақта орда құратын ұрпақты тәрбиелегіміз келгендіктен, «Орда» сөзін алдық. Ал, «ген»  ағылшынның «generation» деген сөзінен алынған, яғни ұрпақ. Осындай атпен жобамыз 2020 жылдың 21 желтоқсанында халыққа жол тартты. «Ordagen» – «Бүгін Холдингтің» бір бөлімі. Бұл холдингте бізден басқа, «Daryn» онлайн білім беру платформасы,  «Медиа» порталы және инфобизнесмендерге арналған «Edu Center» платформамыз бар.  Ниетіміз білімді, мәдениетті,саналы ұрпақ тәрбиелеп, қиялын дамытатын  құралдарды балаларға ұсыну. Құрал ретінде ертегіні алдық. Бұл идея 2015 жылы Айбек ҚуатбайDaryn Online» платформасының құрушысы –ред.)бауырымызға келген. 2020 жылы бұл істі маған ұсынғаннан бастап жетекшілік етіп келемін.

«Ordagen» жобасы белгілі бір қажеттіліктен пайда болды. Кәсіпкер тұтынушының сұраныстарын қанағаттандыра алмаса, ісі алға баспайды. Қазір не нәрсеге сұраныс болып тұрғанын қалай байқадыңыздар?

Өте жақсы сұрақ. Расымен, жоба үлкен қажеттіліктен пайда болды. Айбек (Қуатбай ред.) екеуміз балаларға арналған ұлттық құндылықтар мен әдемі суреттерге бай, тәлім көзін ашатын  қазақша кітап таба алмағаннан кейін осы іске кірістік. Әлеуметтік жоба бірден табыс әкелмейтіндіктен, кәсіпкерлердің көбісі айналыса бермейді. Одан бөлек, мұндай жобалар өзінің миссиясына жету үшін үлкен еңбекті қажет етеді.Біздің миссиямыз балалардың сауаты мен білімін арттыратын дүниелерді өзіміздің кітап, мобильді қосымша және мультсериалдарымыз арқылы беру.

Жоба қалай дамуда?

«Ordagen» үш бөлім бойынша дамып келе жатыр. Біріншісі «Ordagen Mobile», яғни мобильді қосымша. Оны Appstore мен Play Market тен тегін жүктей аласыздар. Қосымшада бұған дейін нарықта болмаған ертегілердің аудио және жазбаша нұсқалары, кітаптарымыз сатылатын дүкендердің мекенжайы мен баланы ұйықтатуға арналған әуендер жинағы бар. Жалпы айтқанда, авторлық контенттен тұрады. Екінші бөлім мобильді қосымшада көп тыңдалынған кітаптарды басып шығару. Үшінші бағытымыз “Orda Animation”. 2022 жылы «Оның атыАйбар» мультсериалы жарыққа шықты. Бұл мультхикая –  2D мен 3D форматтарының біріккен түрі.

Қанша инвестиция құйдыңыздар? Стартап көп қаражатты қажет ете ме?

«Daryn» онлайн білім беру платформасынантапқан табысымызды құйдық.  Кез келген стартапты бастауға әр түрлі сомада қаражат керек. Сомасы оның миссиясы, қойылып отырған мақсаты мен стратегиясына байланысты. Біреулерге 5 миллион немесе 50 миллион теңге жеткілікті. Оны кесіп айтуға болмайды.

Командаға іріктеу болды ма? Қызметкерлерге нақты қандай талаптар қойдыңыздар?

Жоба басталған кезде бастапқы 2 ай ішінде құндылықтарды бекіттік. Кез келген ертегі, тақпақ, әңгіме  міндетті түрде адами, ұлттық, танымдық және қоршаған орта құндылықтарына негізделіп жазылады. Біз дін мен саясатты мүлдем қозғамаймыз. Осы құндылықтар бойынша авторлар қабылданады. Жұмыс бабын айтсам, редакторлық топ ертегі жазады, оны сұрыптағаннан кейін суреті мен аудиосы жазылып мобильді қосымшаға жүктеледі. Ал көп тыңдалынған ертегілер кітапқа басылып шығады. Команда жинау қиын емес. Егер құндылықтар мен миссияны түсінсе, кез келген адаммен жұмыс істеуге болады.

Әлеуметтік танымдық компанияныңқазіргі мақсаты қандай?

Болашақта нарықта болмаған 10 мың жаңа кітап шығарып, Қазақстан бойынша өзіміздің кітап дүкендерімізді ашқымыз келеді. Одан бөлек, 2025 жылға дейін мобильді қосымшаның қолданушылар санын 500 – 700 мыңға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз.

Бәсекелестікке көзқарасыңыз қандай? Және оған қалай дайын болу керек?

Бәсекелестікті құптаймыз. Балаларға арналған сапалы өнім шығаратын компаниялардың нарыққа шығып жатқанына қуаныштымыз. Бәсекелестік бар жерде сапалы өнім болады. Және бұл өнімдерді тұтынушылар балалар болғандықтан, мықты азамат пен азаматшалар тәрбиелеуге септігі тиіп жатыр. Бәсекелестікке дайын болу үшін үнемі дамып, жаңашылдыққа дайын болу керек. Мысалы, біз Франция, Италияға барып, балалардың кітапқа қызығушылығын көргеннен кейін, өз елімізде осындай мәдениетті қалыптастыруға жұмыс жасағымыз келеді.

Көздеген  мақсатына жеткен жобаларды біріктіретін ортақ қасиет.

Бұл – миссияға сенімділік, өзіңе «Бұл істі не үшін бастадым?» деп сұрақ қою. Мысалы, қиын сәттерде өзіміздің миссияға деген сенімділігіміз жаңа дем береді. Одан қалмаса, жұмысты жай жасай бермей, анализ жасап, ақылмен еңбек ету керек. «Ordagen» жұмысын бастаған кезде «Кітап оқымайтын заманда кім кітапертегі оқиды?» деп күлген адамдар да болды. Ал, қазір олар біздің өнімдіі тұтынуда. Осы жолда табандылық танытпасақ, осындай көрсеткішке жете алмайтын едік.

Стартап бастағысы келетін жандарға кеңесіңіз.

Нарықты білу, қажеттілікті өтейтін жоба жасау, жаңа нәрселерге ашық болу, жаңа ортаға, таныстыққа ұмтылу.

Сұхбаттасқан: Т.Қ.Жүргенов атындағы Өнер академиясы “Медиажурналистика” мамандығының 2-курс студенті Аружан Мусабекова

Related posts

“АЗИЯ ДАУЫСЫ”-2024 “МЕДЕУДЕ” КҮТЕДІ

ttjk

«Ұлы Абылай хан – таңдаулы деректер үзіндісі» қойылымы

Назия Жоямергенқызы

Астанадағы апатты үйлерден 4200 адам жаңа баспанаға көшіріледі

ttjk