СТАМБҰЛ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДИАФОРУМ

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

СТАМБҰЛДА VII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІТІЛДЕС ЖУРНАЛИСТЕР МЕДИАФОРУМЫ ӨТЕДІ

2026 жылғы 15 қыркүйекте Стамбұл қаласында «Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігі: цифрлық интеграция мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы өтеді.

Халықаралық басқосудың негізгі мақсаты – түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, түркітілдес елдердің журналистері арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қою, кәсіби ынтымақтастықты нығайту және түбі бір түркі халықтарына ортақ рухани-мәдени құндылықтарды халықаралық деңгейде насихаттау.

Медиафорумға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Германия, Бельгия, Швейцария, Франция, Солтүстік Кипр және басқа да елдерден журналистер, БАҚ басшылары, медиа ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері қатысады. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар, PR-менеджерлер, баспасөз хатшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары бас қосады.

Форум бағдарламасы қазіргі медианың өзекті мәселелеріне арналған төрт негізгі сессиядан тұрады.

Ақпараттық қауіпсіздік және жаңа интеграциялық модельдер

Бірінші сессияда түркітілдес мемлекеттердің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастырудың геосаяси және стратегиялық мүмкіндіктері қарастырылады. Қатысушылар цифрлық дәуірдегі ықпалдастықты, ортақ контентті дамытудағы жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың рөлін, халықаралық хабар тарату стандарттарын және түркітілдес БАҚ арасындағы трансшекаралық жобалар мен копродукцияны талқылайды.

Білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастық және цифрлық серіктестік

Екінші сессия түркі мемлекеттерінің білім беру саласындағы медиа-ынтымақтастығына арналады. Сарапшылар ортақ білім беру стандарттары мен академиялық ұтқырлықты дамыту, түркітілдес университеттердің желілік альянсын құру, қос дипломдық бағдарламалар мен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелерін көтереді.

Сонымен қатар журналистика саласындағы білім беру бағдарламаларын жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімдеу, БАҚ өкілдеріне арналған халықаралық резиденциялар мен трансшекаралық тағылымдамаларды ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланады.

Ұлы Жібек жолының жаңа тынысы: туризмдегі түркі бренді

Үшінші сессия түркі әлемінің ортақ туристік және мәдени брендін қалыптастыруға бағытталады. Қатысушылар бірыңғай цифрлық TURKIC BRAND тұжырымдамасын дамыту, мәдени дипломатия, этнотуризм мен экотуризмнің әлеуеті, этноспорт және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызы туралы пікір алмасады.

Сондай-ақ түркі елдерінің мәдени құндылықтарын әлеуметтік желілерде ілгерілету, заманауи сторителлинг пен вирустық PR құралдарын пайдалану мәселелері сөз болады.

Өңірлік медианың экономикалық иммунитеті

Төртінші сессия өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының қаржылық тұрақтылығына арналады. Медиа саласының сарапшылары дәстүрлі БАҚ-ты цифрлық трансформациялау, гибридті бизнес-модельдерді енгізу, programmatic және мақсатты жарнама құралдарын пайдалану тәжірибесімен бөліседі.

Бұдан бөлек, жергілікті бизнеспен кооперация орнату, мақсатты аудиторияны монетизациялау, медиаменеджментті жетілдіру және БАҚ-тың қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету стратегиялары талқыланады.

Форум аясында халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және түркітілдес елдердің медиа ұйымдары арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.

Медиафорум соңында түркі әлемінің бірлігін нығайтуға, ортақ ақпараттық кеңістікті дамытуға және түркі халықтарының рухани-мәдени құндылықтарын насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларға арнайы марапаттар табысталады.

Қорытынды жиында қатысушылар форум жұмысының нәтижелерін саралап, түркітілдес мемлекеттердің медиа саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумының Қарарын қабылдайды.

Іс-шара: VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы
Тақырыбы: «Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігі: цифрлық интеграция мен жаңа мүмкіндіктер»
Өтетін күні: 15 қыркүйек 2026 жыл
Өтетін орны: Стамбұл қаласы, Түркия

Толық ақпарат: +7778 878 3408 (WhatsApp)

Related posts

Олжас Бектенов Орталық Азия елдері делегациялары басшыларымен Аралды құтқару қорының басым міндеттерін талқылады

editor

«Қапланбек — Науаи» бақылау-өткізу бекеті жұмысын бастады

editor

6 адам құтырма ауруынан көз жұмды

editor