Скринг саулықтың кепілі ме?

2 Орын

Скринг саулықтың кепілі ме?

Жарияланған сайт: zhasalash.kz

Авторы: Жадыра Мүсілім

Сілтемесі: https://zhasalash.kz/kogam/skring-saulyqtyn-kepili-me-21756.html

Жарияланған күні: 22.09.2022

***

Ана мен бала өлімін азайту – әлемге ортақ мәселе. Шетел емес, шыр етіп дүниеге келмей жатып жарық дүниемен қоштасатын шақалақ та, тоғыз ай құрсағына көтерген нәрестесін бір сүйе алмастан соңғы сапарға аттанып кететін аналардың саны жағынан да салымыз суға кететінін жасырып жаба алмаймыз. Өмірдің жарығын сыйлаған әлемдегі аяулы жанның жүзін көрмейтін жетімде, сәбиі шетінеп шерменде күй кешкен анада одан артық қандай қасірет болсын.

Ана өлім-жітімі бойынша Қазақ­стан әлемде 42-орында, ал бала өлімінен 79-орын­да. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы. Еселеп қаржы бөлінетін денсаулық сақтау саласындағы ана мен бала өлімін азайту осыдан он шақты жыл бұрын да өзекті болған. Одан бері де талай қаржы бөлініп, салада сан рет өзгеріс болғанымен босану бөлмесінде баласын көре алмай кеткендердің азаймағаны анық. Бұлай деуімізге соңғы жылдары жүргізілген статистикалық көрсеткіш дәлел. Айталық, ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан әлі де болса ал­дыңғы қатардан түс­пей келеді. Жарық дүниеге жаңа келген нәрестелердің саны екі пайызға артса, сәби өлімі бір пайызға өскен.

Үш жыл бұрын нәресте өлімі 7,3%-ға артқан еді. Ал былтыр ана өлімінің көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға өскені рас. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі пандемия салдарынан әрі жүкті әйелдердің коронавирустық инфекциямен сырқаттануының өсуіне байланысты босандыру қызметіне кәдімгідей салмақ түскенімен түсіндіреді. Бірақ күні кеше ведомство басшысы елдегі бірқатар аймақта шала туған шақалақтардың өлімі жиі тіркелетінін жасырмады. Оның себебін министр тағы құрылымында-акушерлік асқынулар 70%, соматикалық аурулар 30% болуымен түсіндіріп бақты. Сонда нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 1000 тірі туғанға шаққанда 8,3-ті құраған. Әсіресе  Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында мерзімінен ерте келген шақалақтардың шетінеуі жиі байқалады.

Сол үшін де биыл Президент де Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселеге айрықша тоқталды. Оның айтуынша, ана мен баланы өлімнен қорғау тез арада шешуді талап етеді. Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін өңірлерде шетелдік инвесторларды тарта отырып, халықаралық стандарттарға сай ірі көпбейінді ауруханалар салуды жоспарлаған көрінеді. Соның ішінде 2025 жылға дейін мемлекет пен жекеменшік әріптестігі механизмі арқылы салынатын 8 көпбейінді аурухана құрамында перинаталдық орталықтар да болады. Сондай-ақ ана өлімінің 14%-ында әйелдер арасындағы жүрек-қантамыр, жүйке жүйесі, эндокриндік жүйе, асқазан-ішек жолдарының аурулары және онкологиялық аурулар әсер еткен. Дегенмен министрлік биыл босану бөлмесіндегі қайғылы жағдайдың көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 2,4 есеге төмендегенін алға тартады.

Айталық, балаларда кездесетін ауруларды ерте анықтап, диагностикалау мақсатында елімізде жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балаларға скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді. Ол бойынша әрбір сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап мектеп жасына жеткенше кешенді бақылауға алынады. Бұл скрининг бағдарламасы әрдайым жетілдіріліп отырады. Мәселен жақында тұқым қуалайтын зат алмасудың 49 ауруының популяциясын ерте жастан анықтау үшін жаңа туған нәрестелерге селективті скрининг жасау пилоттық жобасы іске қосылыпты. Ал бір жыл бұрын есту мүшесінің зақымын қысқа патенттелген есту қабілеті (КСВП) арқылы анағұрлым дәл анықтауға мүмкіндік беретін жаңа әдіс қолданысқа енсе, мұндай аудиологиялық скринингпен балалардың 75,6%-ы қамтылған. Нәтижесінде 1-2,  3-4 дәрежелі саңырау балалар анықталып, 235 балаға кохлеар имплантациясы жасалды. Сол секілді офтольмологиялық тексеріс 500 гр бастап өте аз салмақпен туылған нәрестелерге толықтай жүргізіледі.

Сонымен бірге ана мен бала өлімін азайтып, балалар арасындағы туабітті ауруларды емдеу ісін қолдаудың жаңа тетіктерін қарастыру маңызды.«АЯЛА» қайырымдылық қорының жобалар үйлестірушісі  Меруерт Рысбекованың сөзінше, елімізде сәби өлімі мен мүгедектікті қысқарту, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды түзетіп дамытуға көмек көрсету, балалар үйінен және аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернаттардан жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағдарлау қолдауы ауадай қажет. Бүгінде ол жұмыс істейтін қор мемлекеттік балалар медициналық және білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс істейді. Қор жұмысын бастаған осы 15 жыл ішінде Қазақстанның 67 елді мекеніне көмек көрсетілген. Соның ішінде балалар ауруханаларына, перинаталдық орталықтарға, перзентханаларға, интернаттар мен балалар үйлеріне жіберілген көмектің жалпы сомасы 4 млрд.теңгеден асады.

«2007 жылы «Өмір сыйлайық» жобасын қолға алдық. Жобадан жиналған қаражат Қазақстанның перинаталдық орталықтары мен балалар ауруханаларына заманауи реанимациялық жабдықтарды сатып алуға және орнатуға бағытталды. Елдегі 36 қала мен 67 медициналық мекемесі қамтылып, жиналған қаражаттың арқасында Қазақстанда емес, одан тыс жерлерде жүздеген мың балалардың өмірі құтқарылды. Қор ірі демеушілер мен қазақстандықтар аударған 2 млрд теңгеге жуық сомаға ауруханаларда 124 фототерапия аппаратын, 16 ИВЛ аппаратын, жаңа туған нәрестелерге арналған 11 инкубатор жеткізді. Сондай-ақ 26 реанимациялық үстел, 12 СИПАП аппараты, 34 төсек жанындағы және 15 ЭЭГ мониторы,  2 наркоз және 14 басқарылатын терапиялық гипотермия аппараты сатып алынды.  Бұл жаңа туған нәрестелердің өмірін құтқару үшін өте маңызды», — дейді Меруерт Рысбекова. Бұдан бөлек, қоғамдық қор Пусан ұлттық университетінің госпиталімен (ГНПУ), Пусан қаласының экономикалық даму агенттігімен және «Донг-А жеке клиникасымен екі меморандумға қол қойылған. Меморандум аясында оңтүстік кореялық клиникалармен «АЯЛА» қоры дәрігерлердің біліктілігін арттырып қана қоймай, балаларды емдеп, озық медициналық технологиялармен алмасты.

Бұл қор 2017 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «басқарылатын гипотермия» жобасын іске асыруда. Онда осы жоба шеңберінде күш-жігерді үйлестіру туралы Меморандумға қол қойылды. «Біздің елімізде қайтыс болған сәбилердің 60%-дан астамы жаңа туған нәрестелер. Олардың өлімінің негізгі себептерінің бірі ­– орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, ал 70 пайызында гипоксияға себеп болады екен. Туу кезіндегі гипоксия ми жасушаларының өліміне әкелетін патологиялық физиологиялық процестердің каскадын бастайды. Ал терапиялық гипотермия-жаңа туған нәрестелердің миын қорғаудың негізгі физикалық әдісі. Гипотермия аппараты ми тіндері мен жаңа туған нәрестелерді оттегімен қанықтыруға көмектеседі. Бұл метаболикалық бұзылуларды тез азайтады және жаңа туған нәрестелерді жан сақтау бөлімінен тезірек шығаруға жол ашады. Жалпы осы жоба шеңберінде қор 14 гипотермия аппаратын сатып алды», — дейді қордың жоба жетекшісі.

Сондай-ақ, қоғамдық қордың қызметкерлері әлеуметтік желідегі жұмысын да жандандыруға назар салып отыр. Өйткені былтыр ақпанда қор «AYALA Онлайн-академиясын» ұйымдастырып, неонатология, балалар реаниматологиясы, жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды күту саласында маманданған қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін тегін бейне-курстары бар платформаны іске қосты. Қазіргі уақытта платформада 647-ден астам неонатолог тіркелген.

Ал осы жылдан бастап қор балалардың туғаннан бастап мүгедектігін азайту жөніндегі міндетке көбірек көңіл бөле бастапты. «Біздің перинаталды орталықтарымызда дене салмағы 500 граммнан аз, кейде салмағы одан да төмен балалар туылады. Өкінішке орай, көптеген жағдайларда өмірлік маңызды жүйелердің жетілмегендігіне байланысты дене салмағы өте аз шала туылған нәрестелерде мүгедектік аурулар, соның ішінде шала туылған ретинопатия тіркеледі.Шала туылған нәрестелерде көздің тор қабығы мен веноздық өзгерістермен бірге жүретін көздің ауыр зақымдануы жиі тіркеледі. Жыл сайын Қазақстанда мыңға жуық нәресте осындай диагноз алады. Осы жылдың мамыр айында қор Денсаулық сақтау министрлігімен шала туылған нәрестелерде ретинопатиямен ауыруды азайту бойынша күш-жігерді үйлестіру туралы меморандумға қол қойды. Себебі, біздің қор Қазақстандағы 14 перинаталдық және ғылыми орталықтарды ретинопатияны хирургиялық түзету үшін офтальмоскоптармен және лазерлік қондырғылармен қамтамасыз етуді өз міндетіне алып отыр», — дейді Меруерт Рысбекова. Сондықтан қазір қор жаңа туған нәрестелерді тексеру, көз патологиясы мен ауруларды анықтау үшін 12 офтальмоскоп және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу үшін 4 лазерлік жүйе сатып алған. Ендігі жерде шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын дәл диагностикалау үшін ретинальды камераларды сатып алуға ден қойылмақ. Бұл да құны қымбат тұратын жүйе. Алайда жоба жетекшісі демеушілерді белсенді түрде тарта отырып, ана мен бала өлімінің көрсеткішін азайтуға білек сыбана кірісу керегін жеткізді.

Өйткені саламатты ұлт қалыптастырып, өскелең ұрпақтың саулығын сақтауда ерте бастан скринг жасап, туабітті аурулардың алдын алу маңызды. Әрбірден соң ана мен балаға қамқорлық әйел саулығының күтімінен, болашақ ананың құрсағына түйіншек болып тіршілік иесі біткеннен басталады. Сонда ғана босану бөлмесінен бақилыққа аттанып, балалар жетім қалмайды. Тоғыз ай, он күн толғатқан аналардың жасы қайғыдан емес, қуаныштан ғана шығарына үміт мол.

Related posts

Бала өмірін аялағандар

ttjk

«ӘЛЕУМЕТ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ»-2024 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ

editor

АҚТӨБЕ: «ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ»

editor