Бас прокуратура қазақстандықтарға PayPal төлем жүйесі арқылы iPhone сатып алу туралы жаңа интернет-алаяқтық схемасын ескертті.
«Сіз iPhone сатып алдыңыз»
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қатер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы мәліметінше, пайдаланушыларға iPhone сатып алынғандығы туралы электрон хаттар келеді. Хабарламада транзакциядан шұғыл түрде бас тарту ұсынылады. Ол үшін қаскөйлер «қолдау көрсету қызметінің» телефон нөмірін көрсетеді.
«Мұндай хаттар өте шынайы көрінеді, өйткені қаскөйлер appleid@id.apple.com мекенжайын пайдаланып, хабарламалардың мазмұнын өзгертіп жібереді», — делінген хабарламада.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Қоңырау шалу кезінде алаяқтар Apple ID бұзылғаны туралы хабарлап, пайдаланушыны аккаунтты шұғыл қорғау қажеттігіне сендіруге тырысады.
Содан кейін олар:
- қашықтан қолжеткізу бағдарламаларын орнатуды ұсынады;
- құпия сөздерді және басқа да құпия деректерді сұратады;
- аккаунт қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғандай шұғыл әрекет ету сезімін тудырады.
Қауіпсіздік бойынша ұсыныстар
Мамандар мұндай хаттардағы сілтемелерге өтпеуге және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға кеңес береді. Сатып алуларды тек Apple және PayPal ресми сервистері арқылы тексеру қажет.
Сондай-ақ белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша бөгде бағдарламаларды орнатпаған жөн. Аккаунтты қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылады.
Күмәнді хабарламалар алған жағдайда пайдаланушыларға сервистердің ресми қолдау қызметіне хабарласу және алаяқтық деректері туралы құқық қорғау органдарына хабарлау ұсынылады.
Tengrinews.kz
