ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

Бүгін «Өнер орталығында» Құрылысшылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, облыстық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері, сала ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, құрылыс саласында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

«Президентіміз «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», — деген болатын. Бұл — экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам.


«Жұмысшы мамандықтары жылына» орай жақында ғана Мемлекет басшымыздың Жарлығымен өңіріміздің бірқатар металлургтері, теміржолшылары мен құрылысшылары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл еңбек адамдарына көрсетілген зор құрмет пен лайықты жоғары баға.
«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірі Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қарқынды дамуда. Облысымыздың бюджеті 823 млрд. теңгеден асып, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті. Бұл қаражат аймағымыздағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.

Биыл 96 жобаның құрылысына бюджеттен 166 млрд. 800 млн. теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге артты. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көрсеткіші бойынша республикада үздіктер қатарында келеміз.
Құрылыс саласында қызмет ету – бұл жай ғана мамандық емес, елге қызмет ету. Құрылысы қарымды елдің экономикасы да қуатты.


Туған жеріміз, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, сәулеттік келбетінің жаңаруына, заманауи ғимараттардың бой көтеруіне қосқан елеулі еңбектеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының, жеке Өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін.», -деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік шарада құрылыс саласының үздіктері «Достық», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» орден-медальдарымен марапатталды.
Сонымен қатар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісіне, «Құрмет грамотасына» және Қызылорда облысының «Құрмет грамотасына» ие болды.
Мерекелік іс-шарада әнші Қайрат Баекенов, әнші-композитор Жарасхан Төлеубай ән шырқады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related posts

ҚАПШАҒАЙДАҒЫ «АҚ ЖАЙЫҚ» ДЕМАЛЫС БАЗАСЫ

ttjk

Австрияға тікелей рейс ашылады

editor

Президент Тоқаев әскери парадты То Ламмен бірге тамашалады

Назия Жоямергенқызы