Астана қаласында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ат спортының конкур түрінен «Астана қаласының кубогы» I ашық жарысы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа Астана, Ақтау, Атырау, Өскемен, Риддер қалаларының спортшылары қатысады деп күтілуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай арнайы олимпиадалық бағдарламасының спортшылары үшін өтетін жарыс елорда төрінде алғаш рет ұйымдастырылуда.
«Біздің паралимпиадалық спортшылардың әрқайсысы жеңімпаз атағына лайық. Жыл сайын біздің қалада параспортты қолдау шаралары күшейіп келеді. Біз осы саланы одан әрі дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасауды жалғастырамыз. «Арғымақ» кешенінің негізгі байлығы – бұл кез келген деңгейдегі ат спорты бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін спорт ғимараты. Сол себепті осы сәуір айында Астана қаласы әкімінің кубогы үшін мүмкіндігі шектеулі жандар арасында конкурдан ашық біріншілік ұйымдастырылады. Мұндай жарыстар Өскемен, Атырау, Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Дегенмен Астана үшін бұл бірінші және ерекше жайт болмақ», — деді «Арғымақ» ат-спорттық кешенінің басшысы Аманжол Хасенов.
Жарыстар жеке және Арнайы Олимпиаданың екі бағдарламасы бойынша яғни, «Мәнерлеп жүру», «Жұмыс жолы» бағдарламасы бойынша өткізіледі. Жарысқа тірек-қозғалыс аппараты зақымданған, интеллектінің дамуында ауытқуы бар 8 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады.
Жарыстың ресми ашылуы 13 сәуір күні сағат 10.00-де, «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің манежінде өтеді.
Барлық сұрақтар бойынша 87780079009 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Астана қаласы әкімдігінің Баспасөз қызметі.