Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы облысы Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Қосқұдық ауылында «Аламан», «Топ», «Тай», «Құнан» бәйгелері ұйымдастырылды.
Жарыс барысында Қапшағай өңірінің әкімі Нұрлан Орынбасарұлы жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, атбегілерге сәттілік тіледі. Сонымен бірге, ауыл ақсақалдары сайыс басталар алдында бәйгеге қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді.
Жалпы, республика деңгейінде өткен бәйгеге еліміздің Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан және Алматы, Талдықорған қалаларының атбегілері қатысты. Соның ішіндегі 25 шақырымдық аламанға 50 сәйгүлік, 15 шақырымдық топ бәйгесіне 40, 8 шақырымдық құнан бәйгесіне 50, 4 шақырымдық тай жарысына 30 ат шабысқа жіберілген.
Жалпы есеп бойынша 100-ден астам тұлпар қатысқан топ бәйгеден – Батыс Қазақстан облысы, құнан бәйгесінен — Ескелді ауданы, тай бәйгеден – Жамбыл ауданы жүлделі орындарға ие болды.
Ал аламан бәйгеде Қордай ауданының тұлпары бас жүлдені жеңіп алып, жүлдеге тігілген «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады.
Ардақ Қасымхан, Қапшағай қаласы