Қонаевтағы «Біздің таңдауымыз – денсаулық!»: Қонаевтағы мағыналы фестиваль

Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта Халықаралық нашақорлыққа және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Біздің таңдауымыз – денсаулық!» атты ауқымды денсаулық фестивалі өтті.

Маңызды шара денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларының мамандарын, құқық қорғау органдарының өкілдерін, қоғамдық ұйымдар мен өңір тұрғындарын бір алаңға тоғыстырып, қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Фестиваль аясында келушілер үшін тақырыптық алаңдар мен кеңес беру аймақтары жұмыс істеді. Қатысушылар дәрігер-наркологтар мен психологтардың кәсіби кеңестерін алып, скринингтік тексерулер мен экспресс-тестілеуден өтті. Сондай-ақ зиянды әдеттердің алдын алу, денсаулықты нығайту және өмір сапасын арттыруға арналған ақпараттық материалдар мен көрмелер ұсынылды.

Іс-шара барысында жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Мамандар ашық диалог алаңдары арқылы жас буынға дұрыс өмірлік бағдар таңдаудың маңызын түсіндіріп, есірткіге тәуелділіктің зардаптары мен салауатты өмір салтының артықшылықтары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Фестиваль қатысушылары алдында сөз сөйлеген Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қоғам денсаулығын нығайту мен нашақорлықтың алдын алуда мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

«Ұлт денсаулығы – әр азаматтың саналы таңдауынан басталады. Біз жастардың спортты, білім мен дамуды, шығармашылық пен белсенді өмір салтын таңдауына қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Осындай іс-шаралар тұрғындардың денсаулық мәселелеріне қатысты хабардарлығын арттырып қана қоймай, қоғамда жауапкершілік пен салауатты құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. Біздің таңдауымыз – денсаулық, қауіпсіздік және жарқын болашақ», – деді Ержан Сүлейменов.

Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі тартымды өтті. Атап айтқанда, жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетіп, спорттық белсенділіктер, интерактивті викториналар, мотивациялық кездесулер және емдік-еңбек шеберханалары өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар үшін жаппай сауықтыру жаттығулары өткізіліп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі танымдық шаралар ұсынылды.

Мерекелік көңіл күйді Алматы облысының шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының концерттік бағдарламасы еселей түсті. Патриоттық әндер шырқалып, би ансамбльдерінің әсерлі қойылымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» атты символикалық акция болды. Бұл бастама қатысушыларды денсаулықты сақтау, саналы таңдау жасау және болашаққа жауапкершілікпен қарау идеясы төңірегінде біріктірді.

«Біздің таңдауымыз – денсаулық!» фестивалі қоғам денсаулығын нығайтуға, жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға және салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай игі бастамалар өскелең ұрпақты дұрыс таңдау жасауға ынталандырып, дені сау, белсенді әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға негіз болады.

Шұғыла Ысқаққызы

Related posts

Трамп толықтай жеңді ме?

editor

Абай облысында өңірдің өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтарға құрмет көрсетілді

Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады