НЕСИЕ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАРЖЫ ЕМЕС

«Еркін сөз»-2019 шығармашылық байқауының «Сайттағы үздік мақала» номинациясы бойынша 2-орын алған www.elorda.info тілшісі Нұрдәулет Кәкіштегінің «Несие – қайырымдылық қаржы емес» материалы.

Несие – қайырымдылық қаржы емес
Бүгінде әулетінің шежіресінен бөлек азаматтардың тағы бір тарихының тазалығы аса маңызды рөл атқарады. Қаржы тілінде ол «кредиттік тарих» деп аталады.
Қазіргі таңда отандастарымыздың кредит алуға әбден әуестеніп кеткені жасырын емес. Тіпті жасөспірімдер 21 жасын асыға күтетінді шығарды. Себебі еліміздегі екінші деңгейлі банктер несиені осы жастан асқандарға ғана береді. Ал бұл жастағылардың көбісі ұялы телефонды несиеге алады.
Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында астаналықтар екінші деңгейлі банктерден 49 млрд 651 млн теңгенің тұтынушылық несиесін рәсімдепті. Ал осы 2 айдың есебі бойынша бас қала тұрғындарының банктерге қайтаратын қарызы 266 млрд 559,3 млн теңгені құраған. Сол сияқты биылғы қаңтар-ақпан айларында елордада мақұлданған ипотекалық кредит сомасы 25 млрд 96,9 млн теңге болса, осы бойынша қайтарылуға тиіс сома 343 млрд 841,6 млн теңгеге тең. Астаналықтардың осы жылы рәсімдеген тұтынушылық және ипотекалық несие сомасы былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда едәуір артқан.
Ұлттық банктің мәліметінше, кредит рәсімдеуден еліміз бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұрса, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан өңірлері одан кейінгі орынға жайғасқан. Айта кету керек, ипотекалық несие бойынша Маңғыстау өңірінің де белсенділігі жоғары екен.
Жалпы статистикаға жүгінсек, еліміздегі әрбір үшінші тұрғынның мойнында бір немесе одан да көп несиенің қамыты бар көрінеді. Қаржыгерлердің мәліметіне сенсек, 18 миллион қазақстандықтың 7-8 миллионы – өмірінде бір рет болса да, несие алған адамдар екен. Ал қалғаны қаржылық ұйымдардан әзірге бір де бір рет қарыз сұрап көрмепті. Бірақ олардың санының күн санап азайып келе жатқаны сөзсіз. Өйткені қазіргі таңда көлік сатып алу, баспаналы болу, оқу ақысын төлеу, үйге жөндеу жүргізу, әлемге саяхат жасау, мектепке баратын баланы киіндіру мен той өткізудің өзін несиесіз атқару мүмкін болмай кетті.
Дегенмен «Қарызды қайтару – парыз» демекші, кредитті де уақтылы өтеу қажет. Өйткені несие – қайырымдылық қаржы емес.
Бей ресми деректерге сүйенсек, дамыған елдерде кредиттік үстемеақы 2-5 пайызды ғана құрайды. Мәселен, Батыс Еуропадағы ең жоғары үстемеақы Испанияда екен (4 пайыз). Алайда жапондықтар 2 пайыздық үстемеақыға кредит алуға жүрексінетін көрінеді. Ал біздің елдегі тұтынушылық кредиттің үстемеақы мөлшері 18-ден 42 пайыз аралығында. Бірақ мұның кредит алушыларға тосқауыл болып тұрғаны шамалы.
Қай кезде несие берілмейді?
Егер жеке немесе заңды тұлға банкке кезекті рет несие алуға жүгінсе, менеджер ең алдымен оның бұған дейінгі кредиттерінің тарихын тексереді. Онда қарыздың өтелуі бірнеше рет кешіктірілгені анықталса, менеджер жаңа кредит рәсімдеуден бас тартуы мүмкін. Әрине, кәсібіне тұрақты түрде қаржы құйылғанын қалайтын кәсіпкер бұған жол бере алмайды. Несие ұсыну туралы өтініш берген күні клиент борышкер болмауы қажет. Әлі төленбеген кредит – банктің қарыз беруден бас тартуына соқтыратын ең маңызды себеп саналады. Егер кредит келісімшартта көрсетілген мерзімнен 5 күн кешіктіріліп төленсе, бұл кредиттік тарихқа нұқсан келтіреді. Бірқатар отандық банк ондай клиенттерге қарызға ақша бере алады. Себебі борышкер қажетті соманы келісімшартта көрсетілген соңғы күнде аударуы мүмкін. Алайда қаражат банкке бірнеше күн өткен соң ғана түсуі ықтимал. Бұл жайттар да аталған есепте «төлемді кешіктіру» деп тіркеледі. Егер клиент кредиттік келісімнің күші тоқтатылғаннан кейінгі 30 күн ішінде кешіктіріп төлесе, сұралып отырған қаражатты беру-бермеуді әр банк өзі шешеді. Айталық, келіп отырған жеке тұлға банктің тұрақты клиенті болып, сол мекеменің түрлі қызметін белсенді түрде тұтынып жүрсе, бұлар шешім қабылдауда шешуші мәнге ие болады. Ал егер кредиттік тарих иегеріне қылмыстық іс қозғалғаны немесе басқа да ұсақ қаржылық, әкімшілік бұзушылықтары үшін айып тағылғаны анықталса, ол нашар клиент ретінде танылуы ғажап емес. Кредит бойынша кешіктіру немесе мүлде төлемеу сыртында банктер клиенттің салық пен коммуналдық қызметті және айыппұлды уақытылы төлеу-төлемеуіне назар аударуы мүмкін.
Бұзылған кредиттік тарихты түзету жолдары
Қаржыгерлердің айтуынша, бұзылған кредиттік тарихты түзету күрделі болғанмен, ондай мүмкіндік бар. Әлбетте, оны толығымен тазартып, қайта жазып шығуға жол берілмейді. Бірақ оған оң деректер қосып, жақсы жағын арттыруға болады. Нашар кредиттік тарихты көріп, көңілінде күмән туған банк қызметкері клиенттің келісімшарт талаптарын толығымен орындай аларына қосымша кепілдіктерді қажетсінеді. Сондықтан жауаптылығыңызды дәлелдейтін кредиттік карталар, коммуналдық қызметтер бойынша ай сайынғы төлемдеріңізді, кредиттерді өтеу бойынша көшірмелер мен есептерді ұсынуыңызға болады. Бұдан бөлек, төлем қабілеттілігіңіздің жоғары деңгейін растайтын табыс туралы анықтаманы да апару қажет.
30 жылдық тәжірибесі бар Мамила Мұсабекованың айтуынша, кейбір банкте 5 күндік кешіктіруі бар клиент кредиттік тарихы бұзылған болып саналса, тағы бір банкте кредиттік тарих 30 күн немесе тек 90 күннен аса кешіктіріп төлеген жағдайда бұзылады. Ал егер тұтынушының несиелік тарихы бұзылса, әр банктің талабына қарай оны түзетудің де өзіндік уақыты бар. Мәселен, клиент жағдайы жақсарып, қалған қарызының барлығын төлеп тастаса, кейбір банктен ол тек 5 жылдан соң, тағы кейбірінен 1-2 жылдан кейін кредит алуға мүмкіндігі болады. Бұрын қарызын уақтылы төлемей, тек соңғы 3 айда кредитін кешіктірусіз төлеп жүрген азаматтарға несие беруді карастыратын банктер де бар. Дегенмен әр банктің ішкі талаптары әртүрлі.
Азаматтардың дербес кредиттік тарихы «Бірінші кредиттік бюрода» 5-10 жыл бойы сақталып, одан кейін ғана жаңарады деседі. Бұл тұрғыда сарапшылар кредиттік тарихы бұзылғандарға «жалақыға дейінгі ақша» секілді өнімдер бойынша микроқаржы ұйымдарында немесе тауар түрінде шағын несиелер алып көруге және оны дер кезінде өтеуге де кеңес береді. Өйткені микрокредиттік ұйымдар несиелік тарихы нашар клиенттерге де қызмет көрсетеді. Ол компанияларда адамдар ешқандай анықтамалар мен басқа да құжаттар жинамастан, бірнеше минут ішінде жылдам микрозаем рәсімдей алады. Адам қарызға қол жеткізгеннен кейін оны мерзімінен еш кешіктірмей, дәл уақытында төлеп шығуы қажет. «Заемшының несиесін өз мерзімінде өтегені» туралы ақпарат микроқаржы ұйымынан кредиттік бюроға түседі. Осылайша, бірнеше рет несие рәсімдеп, лайықты өтеп тұрса, адамның кредиттік рейтингі көтеріледі. Кредиторлар борышкердің түзелгенін, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарай бастағанын аңғарады. Әлбетте, осыдан кейін банктердің барлығының есіктері бірден айқара ашылады деуге болмайды. Бірақ ірі несиеге бірте-бірте жол салынады.
Онлайн қарыз орға жығады
Банкке қарызы барлар үшін кредиттік тарихты бүлдіріп алмау өте маңызды. Алайда қарызға өмір сүруді қаламайтындардың атында да несие рәсімделіп тұруы ғажап емес. Өйткені алаяқтар жеке куәлігіңіздегі ЖСН нөмірді біліп алса, соны пайдалану арқылы сіздің де атыңыздан ғаламтордағы несиелерді рәсімдеуі мүмкін. Мұндай мәселелер елордада да аз болмаған көрінеді. Мәселен, осыдан 1-2 жыл бұрын елордадағы ауруханалардың бірінің қызметкері сонда ем қабылдап жатқан ондаған науқастың атынан онлайн несие рәсімдеп, артынша оның қитұрқы әрекеті әшкере болыпты.
Тіпті оны өзге емес, өзіңіз рәсімдеген күннің өзінде зардабын тартуыңыз ықтимал. Бастапқыда «оңай олжа» көрініп, керек сомаңызды қиындықсыз сұрап алғанмен, қарызды қайтарар кезде төлемнің төркіні тағдыр тауқыметіңізді талқандай жаздауы мүмкін. Себебі онлайн қарыздың пайыздық үстемеақысы тым жоғары. Алайда алғаныңызды еселеп қайтаруға тура келеді. Оның үстіне, онлайн несиелер Қазақстандағы ешбір банктің бақылауында емес екен.
«Интернет арқылы рәсімделетін «Деньги сразу», «Займер» сияқты онлайн қарыз беретін түрлі ұйымдар Ұлттық банк тарапынан бақыланбайды. Менің білуімше, ондай ұйымдардың жұмысы заңды болғанмен, олар ешбір мемлекеттік органның қадағалауында емес. Ал Ұлттық банктің құзырында тек микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер», – дейді Ұлттық банктің елордадағы филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржы қызметі тұтынушыларының құқығын қорғау бөлімінің басшысы Рустам Ғабдуғазиев.
Егер онлайн кредит рәсімдесеңіз, кейін кімнен қарыз алғаныңыздан өзіңіз де бейхабар болуыңыз мүмкін. Бірақ несиеңізді төлемесеңіз, сот орындаушылары мен заң органдарының қызметкерлері соңыңызға шам алып түседі. Өйткені қарызды өзіңіздің танысыңыздан алсаңыз да, екеуара келісім болса, оны заң жүзінде міндетті түрде қайтаруға тиіссіз. Сондықтан жеке құжатыңызға абай болғаныңыз жөн.
Сарапшылар мұндай жағдай тап болмас үшін, банкке несие сұрап бармас бұрын жеке азаматтарға және бизнесмендерге алдымен кредиттік тарихы туралы біліп алуға кеңес береді. Қазақстанда бұл ақпаратты egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы, сондай-ақ «Бірінші кредиттік бюро» агенттігінің порталы (www.1cb.kz) немесе «Кредиттік тарихтар бюросы» (https://www.1cb.kz/getpko) арқылы онлайн білуге мүмкіндік бар. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаңыз болуы шарт. Яки жеке куәлігіңізбен халыққа қызмет көрсету орталығына да баруға болады.
Заңгер кеңесі
Заңгер Ержан Болатбек тұтынушыларға несие беруге арнайы рұқсаттары бар банктер мен микроқаржылық ұйымдар ғана құқылы екенін айтады. Ал көптеген онлайн несие беретін сервистерде ондай рұқсат жоқ көрінеді.
«Бүгінде мен олардың тек біреуінен ғана арнайы рұқсатты көрдім. Рұқсаты болмаған соң қызметі реттелмегендіктен, онлайн несие сервистері үлкен пайыздарды, айыппұлдарды талап етеді. Тіпті кейбір жағдай «абсурдқа» жетіп жатады. Мысалға, 75 000 теңге қарыз алған азаматтан онлайн несие берген сервис бір миллион теңге қайтаруын талап еткен. Немесе аз соманы уақтылы қайтара алмай, үнемі қарызды өтеу мерзімін созу үшін ақша төлеп, алған қаржысынан неғұрылым көп төлесе де, қарызынан құтыла алмай жүргендер бар. Біреулер өз құқықтарын қорғап, сотқа жүгініп жатса, көбісі шегі жоқ пайызды төлеумен күндерін өткізуде, – дейді ол. – Біздің азаматтар құқық мәселесіне келгенде салғырттық танытады. Сол себепті де олар көп жағдайда опық жейді. Ал күмәнданып, уақыт созып жүргендер қомақты сомаларды қайтару мүмкіндігінен айырылып қалды. Дер кезінде сотқа бергендер ақшаларын қайтарып алды. Сондықтан онлайн кредит алғандарға дереу заңгерлерге жүгінуге кеңес беремін. Опық жегендерге көмек беретін кәсіби мамандар жеткілікті. Олардың ақылары да қолжетімді».
Оның айтуынша, арнайы рұқсаты жоқ онлайн сервисті анықтау үшін ең алдымен келісімшарттағы ұйымның атына зер салып қарау қажет. Егер олардың рұқсаты болса, ұйымның ресми атауында «микроқаржылық ұйым» деген жазу болуы тиіс. Немесе Ұлттық банк сайтындағы микроқаржылық ұйымдар тізілімінен қарауға болады.
Айта кету керек, алдағы уақытта онлайн қарыз беру сервистері ұлттық банктің бақылауна өтуі мүмкін. Бұл тұрғыда жақында Үкімет пен Ұлттық банк арасында меморандумға қол қойылған болатын.
«Қара касса» шариғатқа қайшы ма?
Шариғатта пайыздық үстеме ақыны қосып төлеу күнә болып саналады. Бұл тұрғыда банк борышкері атанып, қарызды қайтаруды парыз санағаннан гөрі мұсылмандық парызды орындағанды артық көретін діни көзқарастағы адамдар қаржыдан қысылсаңыз, «қара касса» ойнауды ұсынады.
Сабыр Серікұлы есімді қала тұрғыны достарымен үнемі «қара касса» ойнайтынын, 5-6 адамның әрқайсысы 20 мың теңгеден қосылып, ай сайын біреуінің еншісіне 100 мың теңгеден бұйыратынын айтады. Егер осы соманы банктен алсаңыз, үстінен қаншама мың қосып қайтаратыныңыз белгілі. Бірақ «қара касса» да шариғатқа қайшы емес пе?» деген сұрақтың туындайтыны рас. Бұл туралы «Нұр Астана» мешітінің наиб-имамы Ербол Мәмбетовтен сұрадық.
«Қара касса» – шариғатқа қайшы емес. Оны «харам» деп айтуға болмайды. Себебі мұнда таныс адамдар бір-біріне өсімсіз қарыз береді. Яғни, ортаға тасталған ақша кезекпен-кезек барлығына беріліп шығады. «Қара касса» арқылы қаржыға ие болған адам бірнеше ай бойы қарыздарын кері қайтарады. Бұл жердегі басты мақсат – өзара жәрдемдесу», – дейді ол.
Нұрдәулет Кәкіштегі

Related posts

ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІТІЛДЕС ЖУРНАЛИСТЕР МЕДИА ФОРУМЫ

ttjk

Салық жеңілдігін пайдаланып жүрсіз бе?

ttjk

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖУРНАЛИСТИКА: БАҚ-ТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР»