MÜSİAD ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Бүгін Алматыда Түркітілдес журналистер қорының мүшелері Түркияның тәуелсіз кәсіпкерлерінің ассоциациясы – MÜSİAD-ТЫҢ Қазақстандағы өкілі Йылмаз Кесен мырзамен кездесті.

MÜSİAD – 1990 жылы Түркияда құрылған ең ірі Ассоциациялардың бірі. Құрамына 11 мың адам мүшелікке өткен. Түріктер еліндегі 1 миллион 600 мың адамға жұмыс беретін 60 мыңға жуық кәсіпорынның мүддесін қорғайды. Сондай-ақ, 17 миллиард долларға тең Түркия экспортының 18 пайызы MÜSİAD-тың еншісінде. Әлемнің 74 елінде 201 өкілдігі, ал Түркия ішінде 86 бөлімшесі бар. Кәсіпкерлермен қатар білім беру, ағартушылық, зияткерлікті насихаттайтын Ассоциация – өте қуатты азаматтық бірлестік.

Қазақ журналистермен өткізілген баспасөз мәслихатында MÜSİAD –тың Қазақстандағы өкілі Йылаз Кесен мырза: «Ұлттық және халықаралық деңгейде қызмет ететін Кәсіпкерлер ассоциациясының басты мақсаты мен міндеті – кәсіпкерлер арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас екі елдің арасындағы сауда айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізуді міндет етті. MÜSİAD-тың Қазақсандағы өкілдігі ретінде біз дәл осы мақсатқа барынша тез арада қол жеткізуге тырысамыз», – деп мәлімдеді.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы түрік кәсіпкерлер жетекші орынға ие. Олар тамақ өнеркәсібі, химия мен фармацевтика, құрылыс, қонақүй бизнесі, қызмет көрсету секторы т.б. салаларда еңбек етіп жүр. 2017 жылдан бері түрік кәсіпкерлер Қазақстанда жалпы құны 21 миллиард доллар тұратын жобаларды жүзеге асырған. Былтыр Түркиядан Қазақстан экономикасына тікелей тартылған инвестиция 700 миллион долларға жуық.

Журналистермен кездесуде Йылмаз Кесен мырза қазіргі таңда Түркия экономикасына жасалып жатқан сыртқы күштер қысымына қарамастан, кәсіпкерлер мен тауар өндірушілердің мүддесін көздейтін  халықаралық шаралардың жүзеге асырыла беретінін айтты. Солардың бірі – биыл 17-рет ұйымдастырылатын MÜSİAD EXPO: «2018 жылдың 21-24 қарашасы аралығында Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның бастамасымен өткізілетін MÜSİAD EXPO-2018 хаықаралық көрмесінде мемлекет басшысы, құзырлы органдар, кәсіпкерлер палаталарының басшылары, ғалымдар, инвесторлар, тауар өндірушілер т.б. қатысалы. Көрме шеңберінде мүдделі тараптар өзара тиімді ортақ жобалар мен келісімшарттарға қол қояды».

Баспасөз мәслихатына арнайы келген «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Нұрлан Қабыштаев күзде болатын MÜSİAD EXPO-2018 көрмесіне еліміздің түкпір-түкпірінен сан саладағы кәсіпкерлер қызығушылық танытып жатқанын, әзірге 50 кәсіпорын өкілі баруға ниет білдіргенін, бұл көрсеткіштің әлі нақтыланатынын жеткізді.

Нәзия Жоямергенқызы, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

Related posts

ҚОСҚҰДЫҚТА БӘЙГЕ ӨТТІ

ttjk

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАРЖЫЛЫҚ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ЖАҢА ТҮРІ ШЫҚТЫ

ttjk

В Жылыойском районе состоялось открытие двух объектов социальной инфраструктуры

Назия Жоямергенқызы