Марқұмдардың отбасылары кешірім берді: енді Алматыдағы Zeekr жүргізушісін не күтеді?

Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты сотта күтпеген жағдай болды: қаза тапқандардың кейбір туыстары айыпталушыны кешіретінін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Осыдан кейін қоғамда қызу пікірталас басталды. Біз бұл жағдайға қатысты қазақстандық адвокаттың сарапшылық пікірін білдік.

«Ауыр қылмыс»

Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, тағылған бап жүргізушіні жауапкершіліктен босату мүмкіндігін жоққа шығарады. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы ауыр қылмыстар санатына жатады.

Ескерту: Zeekr жүргізушісі А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі «Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша айыпталып отыр.
Анықтама: бап санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

«Кейбір жәбірленушілер татуласқанын мәлімдегеніне қарамастан, заң сотқа айыпталушыны жауапкершіліктен босатуға немесе оған шартты мерзім тағайындауға рұқсат бермейді. Сот жаза шарасын тек заңнамалық дәліз шеңберінде таңдайды, бұл 7 жылдан 10 жылға дейін нақты бас бостандығынан айыру», – деп есептейді Абзал Қасымжанов.

Ол заң бойынша айыпталушыға қатысты шартты жаза қолданылуы мүмкін еместігін, өйткені заңда мұндай мүмкіндік қарастырылмағанын атап өтті.

«Менің пайымдауымша, шартты мерзім алуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Заңға сәйкес, нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның баламасы жоқ», – деп түсіндірді Қасымжанов.

Жәбірленушілермен татуласу неге әсер етеді?

Дегенмен, кейбір жәбірленушілердің ұстанымы белгілі бір рөл атқарады. Кінәсін мойындау, шын жүректен өкіну және материалдық әрі моральдық зиянды толық өтеу фактісін сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеруі мүмкін.

«Жәбірленушілердің ұстанымы айыпталушыға осы бап бойынша болуы мүмкін ең төменгі мерзім – 7 жыл алуға және жазасын өтейтін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі режимін таңдауға ғана көмектесе алады. Осы ретте, бұл жеңілдететін факторларды ескеру соттың міндеті емес, құқығы екенін түсіну маңызды», – деп толықтырды адвокат.

Фото Tengrinews.kz

Zeekr жүргізушісі қоныс колониясына жіберілуі мүмкін

Салдардың ауырлығына қарамастан, заңнама мұндай әрекетті абайсызда жасалған қылмыстарға жатқызады. Бұл жазаны өтеу жағдайлары мен орнына да әсер етеді.

Абзал Қасымжановтың айтуынша, айыпталушы қоныс колониясына, яғни қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге жіберілуі мүмкін.

«Қылмыстық кодекстің 46-бабына сәйкес, абайсызда жасалған қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға жазаны өтеу қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде тағайындалады», – деп түйіндеді адвокат.

Сондай-ақ сарапшы бұл істі қарауға қатысып жатпағанын және барлық материалы мен мән-жайларына ие емес екенін атап өтті. Осы себепті оның бағалауы жалпы сипатта және тек заңнама нормаларына негізделген. Жаза шарасы, сондай-ақ жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлардың болуы туралы түпкілікті шешімді сот барлық дәлелдеме мен іс материалдарын зерделегеннен кейін қабылдайды.

Анықтама: Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, шартты түрде соттау қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, азаптаулар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Сот отырысында не болды?

Еске сала кетейік, 1 маусымда Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты басты сот талқылауы басталды. Отырыста жәбірленушілер сөз сөйледі.

Mercedes-тің 1996 жылы туған қаза тапқан жүргізушісінің қарындасы мен 2005 жылы туған қаза тапқан жолаушы қыздың анасы айыпталушы А. П. оларға моральдық және материалдық шығынды толық өтегенін, шын жүректен өкініп, кешірім сұрағанын мәлімдеді.

Екі отбасы да сотқа татуласу туралы жазбаша өтініш беріп, Zeekr жүргізушісіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза, яғни шартты мерзім тағайындауды сұрады.

Қаза тапқан бойжеткеннің анасы өз өкілдерінің қызметінен бас тартқан, олар 100 миллион теңгеге талап арыз беруді жоспарлаған болатын.

Үшінші отбасы, 2005 жылы туған қаза тапқан Т.-ның туыстарының ұстанымы келесі отырыста, 4 маусымда жарияланады.

Айыпталушының өзі сотта кінәсін мойындайтынын мәлімдеді.

 

Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?

Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі «Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша айыпталып отыр.

Анықтама: Бап санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Айыптау актісі

Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.

Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.

«Жүргізушіге көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлермен басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr 001 көлігімен келе жатып, шамамен сағат 3:30-да белгіленген жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан асырып жіберген және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбаған. Осылайша ол жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан», – деді прокурор.

Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.

Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.

Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?

Сондай-ақ прокурор сотқа айыптаудың негізі болған ресми сараптамалардың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, сотталушы жеңіл дәрежелі мас күйінде болған, ал соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.

Сотталушы өзіне тағылған айыптың мәнін түсінетінін мәлімдеп, БАҚ-та суреті мен анкеталық мәліметтерін жарияламауды сұрады. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.

ҚР ІІМ видеосынан кадр
«Өз іс-әрекетімді ақтамаймын» – Zeekr жүргізушісі

Төрағалық етуші судья тараптардың басты сот талқылауын өткізу форматы туралы пікірін тыңдағаннан кейін, сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.

«Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер», – деді ол.

Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.

Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.

Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.

12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.

Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.

Дау салдары

Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайын хабарлады.

«Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады», — деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.

Анықтама: ІІМ деректері бойынша, 2026 жылдың наурызына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік нөмір үшін тыйым салынған 106 әріптік тіркесім тізімі бар. Тыйым салынған сериялар ішінде: SEX, USA, KNB, MVD, OPG, SOS және басқалары бар. Ішкі істер министрлігінің мләмітеінше, тыйым 2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту комитеті жүргізген тілдік сараптамаға негізделген.
Tengrinews.kz

Related posts

Абай облысында өңірдің өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтарға құрмет көрсетілді

Археологическая площадка Сагалассоса

ttjk

Иностранные журналисты будут способствовать развитию туризма в Казахстане

ttjk