«МАНАС» ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ ҰШАҚ АПАТЫ

Қырғызстанның «Манас» әуежайының маңында Түркияға тиесілі жүк таситын ұшақ құлады. Салдарынан 37 адам қаза тапқан. Көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Қырғызстан президентінің Жарлығымен, 17 қаңтар Қырғызстанда Қаралы күн деп жарияланды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, түріктердің АСТ компаниясына тиесілі «Боинг 747-400F» жүк ұшағы Қытайдан бағалы тас, қауіпті жүк пен тез бұзылатын тамақтар тасиды екен. Бүгін, яғни, 16 қаңтарда Гонконгтан Стамбұлды бетке алған ұшақ жолай «Манас» әуежайынан жағармай құюды көздеген екен. Таңғы 07-20-да «Манастан» ұшып шыққан бойда әуежайға жақын маңдағы елдімекенге құлаған. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің хабарлауынша, 37 адам қаза тауып, 11 адам жараланған. Сондай-ақ, апат барысында елдімекендегі 20-дан астам үй зиян шеккен.

Бішкектегі меншікті тілшіміз Айпері Сейітбекованың айтуынша, қазір өрт толық сөндіріліпті. Зардап шеккендерге тамақ, жылы киім жиналып жатыр: «Қаза тапқандардың 12-сі — балалар. Көпшілігі ұйқыда жатып көз жұмған. Кейбір отбасыдан тірі жан қалмаған».

Апаттың себеп-салдары әлі анықталған жоқ. Бірақ Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Мұхаметқали Әбілғазиевтің айтуынша, ұшақ ұшқыштардың қателігінен құлауы мүмкін: «Қалың түскен тұманға қарамастан, соңғы тәулікте әуежайға 11 ұшақ қонды. Ұшақ ұшу жолағынан көтерілген де елдімекенге барып құлаған».

Бүгін жүк ұшағының апатын зерттеуге Халықаралық авиациялық комитеттің сарапшыларын тартуға шешім шығарылып, осы қайғылы оқиғаға байланысты Қырғызстан прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

Отыздан астам адамның ажалына себеп болған қазаға байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевқа көңіл айтты. Қырғыз бауырларға біз де қаза қайырлы болсын дейміз.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ

Суреттер www.sputnik.kg сайтынан алынды.

Related posts

Алланы сүй, Алланың хикметін сез…

ttjk

KKTC Turizm ve Çevre Bakanı Antalya’da

HALYK BANK ХАЛЫҚҚА ГАЗ ОРНАТТЫ

ttjk