Астана, 1 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған депутаттар Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Ронамен кездесті. Венгриямен парламентаралық достық тобының жетекшісі Серік Егізбаев Қазақстан екіжақты қарым-қатынастың деңгейі мен болашағын жоғары бағалайтынын атап өтті. – Қазақстан Венгрияға Еуропа Одағындағы негізгі саяси және экономикалық серіктестердің бірі ретінде қарайды. Астана мен Будапешт арасындағы қарым-қатынас сенім мен достық негізінде дамып келеді. Бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қолайлы жағдай туғызып отыр, – деді Серік Егізбаев. Сондай-ақ депутат елдер арасында тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Былтыр қарашада Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан Астанаға ресми сапармен келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті. Мәжілісмендер қол қойылған келісімдерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салуға ниетті. Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Серік Егізбаев Қазақстан-Венгрия достық тобының жұмысын жандандырып, оның келесі отырысын осы жылға жоспарлауды ұсынды. Өз кезегінде Отто Иван Рона венгриялық кәсіпкерлердің Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамытуға инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев пен Ирина Смирнова да қатысты. Талқылау нәтижесінде тараптар екіжақты, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастық аясындағы байланысты нығайтуға келісті. Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков
_________________________________________________________
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі
Ақпарат көзі: https://parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50986/1/1
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі