Мәжіліс зағиптарға қатысты заң жобасын қарап жатыр

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.

Бұл заң зағиптар мен көру қабілеті бұзылған адамдардың баспа ақпаратын қабылдауын жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Марракеш шарты 2013 жылғы 27 маусымда Мароккода Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) дипломатиялық конференциясында қабылданған. Шарт көру қабілеті нашар адамдарға арналған әдеби және көркем шығармаларға қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған.

Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, шарттың мақсаты — кедергілерді жою және білім мен жарияланған туындыларға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету. Құжат уағдаласушы тараптардан зағип және нашар көретін адамдар үшін қолайлы форматтарда жарияланған туындыларды (Брайль; аудиоформат; бейімделуі бар электронды кітаптар, яғни мәтінді аудиоға және ірі қаріпке аудару мүмкіндігі) жаңғыртуға, таратуға және көпшілікке қолжетімді етуге мүмкіндік беру үшін авторлық құқықтарға қатысты шектеулер мен ерекшеліктердің стандартты жиынтығын ескеруді талап етеді.

Сондай-ақ ол  биыл 26 сәуірде Мәжілістің қарауына түскен зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына тиісті түзетулер көзделгенін жеткізді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректеріне қарағанда, елімізде 85 мыңнан астам адамның көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар. Шартты ратификациялау осы адамдардың кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына емін-еркін қол жеткізуін кеңейтуге мүмкіндік береді. Марракеш шартын ратификациялау зағиптар мен көру қабілеті бұзылған адамдар үшін кітапханалар желісінің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді», деді министр.

 

Related posts

ЕЛШІЛІКТЕГІ ҰЛТТЫҚ ЕГЕМЕНДІК ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ

ttjk

“Самғау” жастар фестивалі басталады

ttjk

Қазақстан түркі интеграциясының дамуына ерекше мән береді

editor