Ұлттық киім – ұлт мәдениеті мен рухани құндылықтарының айнасы

 

Қазіргі жаһандану заманында әрбір халық үшін өзіндік қолтаңбасын, ұлттық болмысы мен мәдени кодын сақтап қалу — ең басты міндеттердің бірі. Осы орайда, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары мен оның материалдық көрінісі — ұлттық киімі ерекше орын алады. Ұлттық киім — жай ғана қажеттілік емес. Ол — тарихтың шежіресі, ұлттық рухтың айбыны және бабалар аманаты.

Киім — халықтың тарихы мен философиясы

Қазақтың дәстүрлі киім үлгілеріне қарап отырып, біз көшпенділер мәдениетінің тыныс-тіршілігін, дүниетанымын және эстетикалық талғамын байқаймыз. Қазақ даласында бабадан балаға мұра болған ұлттық киім бүгінде өзгеріске ұшыраған. Кейбір киім тек ұлттық немесе ерекше мерекелерде ғана киілсе де, салт-дәстүріміздің бір бөлшегі іспетті. Бір кездері шапан, бөрік, тақия немесе мәсі ыстық-суықтан қорғану үшін және әр адамның қоғамдағы орнын, жас ерекшелігін және отбасылық жағдайын білдіретін белгі қызметін атқарған. Мысалы, сәукелені қыз бала әкесінің үйінен ұзатылып шығып, күйеуінің үйіне баратын жолда киген. Күйеужігіттің үйіне жете бергенде басын орамалмен жауып, Беташар болғанша ешкім жас келіннің бетін көрмеген. Бүрмелі көйлек, қос етек, камзол, шашқа щолпы. өмілдірік сияқты киімдер мен әшекейлер қыз баланың нәзіктігін, пәктігін және сұлулығын білдірген. Тұрмысқа шықпаған қыздың тақиясы мен келіншектің жаулығының арасында үлкен тәрбиелік мән болған. Сонымен қатар шапан, бөрік, күпі, шекпен секілді киімдер ер-азаматтың айбынын асқақтатып, салмақтылығы мен мәртебесін көрсеткен. Аталарымыздың «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шызарып салады» деген сөздің төркіні де осы ұлттық киімнің адамның ішкі мәдениетімен тікелей байланыстылығында жатыр.

Рухани құндылықтардың бастауы

Қазақ ұлттық киімінің бойында халқымыздың басты рухани құндылықтары — ұят, ибалылық, сұлулыққа деген құштарлық және табиғатпен үйлесімділік тұнып тұр. Айталық, ибалылық пен әдептілікке келсек, ұлттық киімдер ешқашан тар, тым тұрпайы, тым ашық болмаған. Ол әрдайым әйел затының сыпайылығын, ер адамның ірілігін сақтауға бағытталған. Қлттық киімдердегі ою-өрнектердің құпиясы да қатаң сақталған. Мәселен, киімдерге түсірілген әрбір ою (қошқармүйіз, құсқанат, су өрнегі т.б.) жай ғана сән емес. Олар тіл-көзден сақтайтын бойтұмар, береке мен байлықтың, еркіндіктің символдық белгілері болған. Қазақтың салтымен әсем астасқан экологиялық мәдениетте қоршаған ортаға, табиғатқа, жан-жануарларға деген құрмет көрсетілген. Сонымен қатар аталарымыздың киімді тек табиғи өнімдерден (жүн, тері, жібек, мақта) дайындауы — денсаулыққа пайдалы әрі табиғат анамен үндестіктің белгісі.

Бүгінгі күн үрдісі: дәстүр мен заманауилықтың тоғысуы

Бүгінде қазақтың ұлттық киімі жаңаша сипат алып, заманауи сән әлеміне (Neo-Nomad стилі) батыл қадам басуда. Бұл — рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Бүгінгі жастардың күнделікті өмірде оюлы камзолдарды, заманауи шапандар мен тақияларды мақтанышпен киіп жүруі — ұлттық кодтың тірі екендігінің дәлелі.

Ұлттық киімді насихаттау — бұл тек өткенге саяхат жасау емес, болашақ ұрпаққа өз тамырын ұмыттырмаудың төте жолы. Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде де ұлттық нақыштағы элементтерді қолдану арқылы біз мемлекеттігімізді, егемендігімізді және ерекше мәдениетімізді әлемге таныта аламыз. Қазақтың ұлттық киімі — біздің рухани байлығымыз, таусылмайтын қазынамыз. Оны қастерлеу, кию және насихаттау — әрбір қазақстандықтың перзенттік парызы. Ұлттық киімін ұлықтаған халықтың рухы әрдайым асқақ, болашағы жарқын болмақ. Соныдықтан, ұлттық құндылықтарымызды тек музей жәдігері ретінде емес, өміршең тренд ретінде сақтап, дамыта түсу маңызды.

 

Related posts

Halyk 250 млрд теңге мөлшеріндегі мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарды

ttjk

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ-2019

Назия Жоямергенқызы

Назначен руководитель Департамента государственных доходов по Жамбылской области