Әлеуметтік саланың басым бағыттары

Президент Жолдауын орындау мәселесіне арналған Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов әлеуметтік саланың бірқатар негізгі бағыттарын атап өтіп, кешенді өзгерістер қажеттігін алға тартты.

Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді реформалау жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілетін болады. Премьер-Министр Олжас Бектенов оқу-ағарту министрлігінің алдына 1 желтоқсанға дейінгі мерзіммен тиісті міндет қойды. Жыл соңына дейін халықтың табысын ескере отырып, мектепке дейінгі білім беруге арналған жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу үшін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлеу тапсырылды.

Әлеуметтік сектордағы негізгі міндеттердің бірі – білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту да қарастырылып отыр. Қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, қаржыландыру көздерін айқындап, 1 желтоқсанға дейін орта білім беру объектілеріне күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жоспарды бекіту жүктелді. Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл соңына дейін инженерлер, геологтар, көлік, аграрлық және су салаларының жұмыскерлері, сондай-ақ ғалымдар мен басқа да мамандықтардың өкілдері үшін құрметті атақтарды қосу бөлігінде «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға өзгерістер әзірлеп, енгізуі қажет.

Сондай-ақ ғылыми тағылымдамаларға гранттарды бөлу кезінде инженерлік-технологиялық бағыттарға басымдық берілуге тиіс. Премьер-Министрдің айтуынша, ғылым министрлігінің алдына салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті міндет қойып, бұл шешім елдің ғылыми-технологиялық даму міндеттерінен туындаған.  Атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлауға ерекше назар аудару қажет.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті.

«Мемлекет басшысы міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға бағытталған қаражатты жұмсау тиімділігіне ерекше назар аударды. Сондықтан осы міндетті орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін базалық медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру жұмысын аяқтасын», — деді Үкімет басшысы.

Бұдан басқа, денсаулық сақтау және цифрландыру министрліктері бірыңғай медициналық ақпараттық жүйенің құрылуын қамтамасыз етуге тиіс.

Денсаулық сақтау және білім беру саласына жеке инвестициялар тарту үшін ұлттық экономика министрлігі денсаулық сақтау, оқу-ағарту, жоғары білім министрліктерімен бірлесіп, жылдың соңына дейін МЖӘ тетігін пайдалану жөніндегі қағидалардың жобасын әзірлейді.

Туризм және спорт министрлігіне балалар мен жасөспірімдер мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу үшін заңнамалық өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Үкімет басшысы «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру жоспарына жеке тоқталып, Цифрлық даму министрлігіне Еңбек, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерімен, өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп цифрлық төлем құралын енгізуді қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 қаңтардан бастауды тапсырды. Тиісінше, 1 желтоқсанға дейін «Әлеуметтік әмиянға» кіретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі бекітілуі тиіс, ал жыл соңына дейін – қажетті заңнамалық өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс аяқталады.

Премьер-Министр министрліктердің заңнамалық деңгейде сапалы жұмыс істеуі үшін Парламент депутаттарымен сындарлы ынтымақтастықты жандандыру маңызды екенін атап өтті.

«Қабылданып жатқан шаралардың барлығы дәйекті түрде әрі мемлекеттік органдар мен экономика секторлары арасында үйлесімді іске асырылуы тиіс. Өзара іс-қимылдың теңгерімді тетігі ғанатұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов ұлттық экономика министрлігіне Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын тез арада Үкімет отырысының қарауына енгізуді тапсырды.

«Біздің әрбір қадамымыз ортақ нәтижеге – халқымыз бен еліміздің әл-ауқатына бағытталуға тиіс. Президент Жолдауының іске асырылу нәтижесін қазақстандық әрбір азамат сезінуі керек» деді ол.

#Мемлекет басшысының Жолдауы #Әлеуметтік қорғау #Олжас Бектенов #ҚР Премьер-Министрі #Білім беру #Денсаулық сақтау

Related posts

See Machu Picchu & Other Highlights Of Peru For $899

ttjk

«Могул», «параллель могул» және «шаңғы акробатикасы» бағыттары бойынша фристайлдан FIS Әлем Кубогының финалдық кезеңдерінің қорытындысы

ttjk

Ұлттық ұланның 3 жыл 9 айда 58 әскери қызметшісі қаза тапқан

editor