Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкеп соққан жол апатын тергеу аяқталды

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған атышулы жол апатына қатысты істі тергеу аяқталды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов мәлімдеді.

Не болды?

Чернов мәліметтерді Instаgram парақшасында жариялады. Енді іс материалдары қарау үшін сотқа өткізілуі тиіс.

«Ертең соттар, азаматтарға кеңес беру, сосын Әл-Фарабидегі жол-көлік оқиғасы бойынша істі зерделеуге кірісеміз. Іс аяқталды», – деп жазды адвокат.

Алтыншы мамырда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жол-көлік оқиғасын тергеу қорытынды кезеңге өткенін айтқан еді.

«Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша іс аяқталу сатысында. Жақын күндері материалдар жәбірленуші тарапқа, содан кейін күдікті мен оның қорғаушысына танысу үшін беріледі», – деді ол Мәжіліс кулуарында.

ПД басшысы орынбасарының жүргізушісіне қатысты іс не болды?

Бұған дейін біз негізгі іспен қатар полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты екінші қылмыстық іс тергеліп жатқанын жазған болатынбыз.

Еске сала кетейік: 26 наурызда Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Алматы Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ішкі істер министрлігі редакцияның сауалына тергеудің аяқталуға жақын екенін және іс жақын арада сотқа берілетінін хабарлады.

«Күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталу сатысында және жақын арада сотқа жолдау жоспарланып отыр», – деп хабарлады ведомство.

ІІМ «анықталған кемшіліктерге байланысты» келесі тұлғалардың қызметінен босатылғанын еске салды:

  • сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жетекшілік ететін Алматы ПД бастығының орынбасары,
  • әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.

Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.

Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.

Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшыларын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.

Апат алдындағы көше жарысы: полицияның қатысы бар ма?

Әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін екендігі туралы видеолар тарады. Жарияланым авторларының уәжі бойынша, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысты болуы мүмкін.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі видеоға сілтеме жасап, полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Жанжалдың салдары

Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайларын хабарлады.

«Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады», — деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.

Tengrinews.kz

Related posts

Денсаулық сақтау вице-министрі Абай облысындағы медицина саласының жағдайымен танысты

Бесқарағай ауданында үш ауылдық округте жаңа мәдениет үйлері салынып жатыр

Назия Жоямергенқызы

АСЛАН ОТБАСЫНА КӨҢІЛ АЙТУ

ttjk