Шымкентте өткен «Сырты бүтін » кітабының тұсаукесеріне жиналған сарапшы мамандар мен жиналғандардың айтары осы болды.
Бірнеше ай бұрын америкалық жазушы Рейчел Луиз Снайдердің «Сырты бүтін» кітабы қазақ тілді аудиторияға таныстырылған болатын. Әлемдік бестселлерде үйдегі зорлық-зомбылықтың шындығы бүкпесіз айтылып, оның себебі мен салдарын талданады. Кітап 2019 жылы New York Times-тың «Жылдың үздік ондығына» енген.
Шымкент қаласындағы Пушкин кітапханасында ұйымдастырылған іс-шараның өтуіне АҚШ-тың Қазақстандағы өкілдігі мен Steppe & World баспа үйі ұйытқы болып отыр. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп-төркінін тереңінен зерттелген бұл кітаптың қазақ тілінде жарық көруіне елшілік қаржылай қолдау көрсеткен.
«Кітаптың мазмұны өте ауыр. Бұл жердегі автордың негізгі фокусы «кім кінәлі?» дегеннен бұрын себебін ашуға тырысады. Содан кейін барып онымен күресудің тәсілдерін іздейді. Мысалы, үйдегі зорлық қандай деңгейде, қай кезеңде алғашқы белгілерін байқап қалай күресуге, қалай тоқтатуға болады? АҚШ-та озбырмен күресудің өз жолы, тәсілі бар. Әр штаттың өз заңы бар, әр шатат ұстанатын саясат бар. Солардың барлығын сараптап, жинақтап үйдегі зорлық-зомбылықпен күресте ең озық үлгісі мен әдіс-тәсілдерге сараптама жасаған», дейді баспа үйінің менеджері Ғалымжан Оразымбет.