Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар Иран Ислам революциясының 46 жылдығына орай еліміздегі БАҚ өкілдерімен кездесіп, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарға баға берді.
Сұхбат барысында дипломатқа Қазақстан мен Иран арасындағы астық саудасының бүгіні мен келешегі туралы да сұрақтар қойылған. Елшінің сөзінше, Иранның Қазақстаннан алатын астық көлемі биыл да былтырғы көлемде сақталуы мүмкін. «Иран Қазақстанның импорттайтын астық көлемі бір жылда бірден 40 пайыз артуына ешқандай геосаяси жағдай әсер кеткен жоқ. Бұл екі елдің мемлекет қайраткерлерінің және астық бизнесімен айналысатындармен арадағы өзара тығыз байланыстың жемісі», деді ол. Сондай-ақ елші ресми Теһран өзіне қажетті азық-түлікті, басқа да маңызды тауарларды ең әуелі көршілес, бауырлас елдерден импорттауды басым бағыт ретінде ұстанатынын да тілге тиек етті. Дегенмен елші Қазақстанның Иранға экспорттайтын тауарларының көлемі ішкі әлеуетке байланысты өзгеріп отыратынын да айта кетіп: «Биыл Қазақстаннан қанша астық алатынымыз да осы ішкі өндіріске байланысты. Ол көктемге қарай белгілі болады. Бірақ биыл былтырғы мөлшер төмендемейді деп ойлаймын. Керісінше жоғарылауы мүмкін», деді.
Әйткенмен елші екі ел арасындағы туризмнің кенже қалып жатқанына қынжылыс білдірді. «Қазақстанмен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздеген едік. Бірақ бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген жоқпыз. Екі елдің арасында туристердің келіп-кету мөлшері өте аз. Тіпті Орталық Азиядағы бірнеше мемлекетпен салыстырғанда ирандықтар Қазақстанға саяхаттап аз барады. Қазақстан туристері де Иранға аз барады», деп отыр. Сондықтан алдағы уақытта дипломат елшіліктің алдағы жұмысы екі елдің туризм саласын дамытуға бағытталатынын баса айтып өткен. Бұл орайда ол екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерін көбейту керектігін алға тартты.
«Туризм саласындағы ең басты мәселе – көлік. Екі елдің арасындағы тікелей рейстердің саны өте аз. Сондықтан қазақстандық әуе компаниялар Иранға туристік рейстер жасаса, бұл қазақстандық туристер үшін өте қолайлы әрі арзан бағыттардың бірі бола алады», деді дипломат.