Халықтың жайын ойлаған кәсіпкерлікті қолдаған

Биыл бірінші жартыжылдықта Almaty Finance және «Almaty» МҚҰ қала бойынша 4,5 млрд теңге сомаға 55 жобаны қаржыландырған. Осы жобалар аясында 348 жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Шағын өнеркәсіп парктерінің құрылысын қаржыландырумен қатар, бизнесті дамытуға арналған қарыздарды өндіріс және қайта өңдеу, денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік, креативті экономика және туризм салаларындағы жобаларды іске асыратын кәсіпкерлер алды. Сондай-ақ, спорт және халыққа қызмет көрсету саласындағы жобалар қаржыландырумен қамтамасыз етілген.

Мәселен, «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес ұйымы, «Almaty Finance» ЖШС Алматы қаласы Наурызбай ауданында жекеменшік жалпы білім беретін мектептің құрылысын қаржыландырған. Қарыз алушы «Orken Education» ЖШС 200 млн. теңгеге өз қаражаты есебінен құрылыс материалдарын ішінара сатып алуға және кейіннен бірінші қабаттың құрылысына жұмсаған. Өз кезегінде, «Almaty Finance» ЖШС оқу орнының құрылысын аяқтауға және жабдықтауға 288 млн.теңге бөлді. Бұл жобаны қаржыландыру «Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%, қаржыландыру мерзімі 5 жылды құрайды. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың жазына жоспарланған. Ашылғаннан кейін жаңа оқу орнына бір уақытта 420 оқушы келе алады.

«Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игеновтің айтуынша, жаңа мектептің құрылысы Наурызбай ауданында мектеп орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жоба сондай-ақ 50 жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Сонымен қатар, жекеменшік мектептің қызметі есебінен жергілікті бюджетке салық түсімдері ұлғаяды. Осындай ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындарға бизнесті бастауға немесе дамытуға 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2% және 6% жеңілдікті мөлшерлемемен қарыздар берілді.

Жалпы алғанда кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қолданылу кезеңінде 2019 жылдан бастап 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін 36,3 млрд теңге сомасына 656 жоба қаржыландырылды, 2 716 жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген бюджеттен 25,3 млрд теңге қайтарымды-револьверлік қаражатты пайдалану есебінен 36,3 млрд теңге сомасына қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Бір ғана мегаполистегі Жетісу ауданын алсақ, бизнес-құрылымдардың өнімділігін мониторингілеу және талдау бойынша белгілі жұмыстар жүргізіліп жатқаны көңіл қуантады. Себебі, бүгінде Жетісу ауданы көтерме-бөлшек сауда бойынша қала көшбасшыларының бірі. Тауар айналымының көлемі 250-ден астам сауда кәсіпорындарының қызметі есебінен қалыптасады. Дәл осы ауданда базарлардың ең көп саны шоғырланған. Олардың 80% жуығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жүргізген.

«Ауданда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту – біз үшін маңызды міндет болып табылады. Біз әлеуметтік әріптестікті, бизнес пен халықтың өзара байланысын орнатуға мүдделіміз. Кәсіпкерлермен кездесуде барлық мәселелерді талқылаймыз, бизнестің шағым-тілектерін тыңдаймыз. Оларға қандай қолдау шаралары қажет екенін анықтаймыз және мәселелерді шешу үшін бар мүмкіндіктерді тартамыз. Біз бизнесті барлық жағынан қолдауға әрдайым әзірміз. Біздің мақсатымыз — кәсіпкерлікті табысты дамыту», дейді Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева.

Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдерін бірлесіп іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға және аймақтағы экономикалық жағдайды жақсартуға ықпал етіп жатыр. Бұл табысты бизнес-жобалар санының артуына, өз кезегінде  кірістердің және сәйкесінше салық түсімдерінің өсуіне әкеліп отыр. Салық  түсімі артқаны, бюджетке бүйірін шығаратыны айтпаса да түсінікті. Ал бюджет түсімі көбейсе, халықтың әл-ауқаты жақсармақ.

 

 

 

Related posts

АҚПАРАТ МИНИСТРІ АРАША ТҮСТІ

Назия Жоямергенқызы

АҚТӨБЕ: «ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ»

editor

Бакуде 2015 Еуропа ойындары

ttjk