Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланды

Рим қаласында (Италия) өткен World Boxing Конгрессінде танымал қазақстандық боксшы, Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкин ұйымның жаңа президенті ретінде бекітілді.

Президентті сайлау рәсімі аккламация тәсілімен – делегаттардың бірауыздан қолдауымен өтті. Головкин бұл лауазымға жалғыз үміткер болды. Осылайша, ол халықаралық спорт федерациясын басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.

World Boxing-тің алғашқы президенті болған нидерландық Борис ван дер Ворст Конгресс барысында өз өкілеттігін ресми тоқтатты. Ол ұйым құрылған 2023 жылдан бері басшылық еткен.

Головкиннің бағдарламалық мәлімдемесі

Сайлау алдындағы сөзінде Геннадий Головкин федерация қызметін дамытудың негізгі төрт бағытын атап өтті:

  • спортшылардың мүддесін бірінші орынға қою;

  • адалдық пен ашықтықты нығайту;

  • жаңа технологиялар мен жаңашылдықтарды енгізу;

  • қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және өркендеу.

Оның айтуынша, World Boxing спортшылар мен Олимпиада қозғалысы сенім артатын ұйымға айналуы тиіс.

Головкиннің спорттық мансабы

Геннадий Головкин орта салмақтағы ең мықты боксшылардың бірі ретінде әлемге танымал. Ол WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулердің иегері болды. Сонымен қатар, орта салмақтағы ең ұзақ нокаут серияларының бірін — қатарынан 23 жекпе-жекте нокаутпен жеңуді — өзінің еншісіне жазып, осы көрсеткіші үшін Гиннес рекордтар кітабына енген.

2024 жылдың ақпанында Головкин Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті болып сайланған еді. Генассамблея оны бұл қызметке бірауыздан қолдады. Сонымен қатар, ол World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясын басқаруды да қоса атқарып келеді.

Фото: Nur.kz

Related posts

Талисман Олимпиады 2024 года вдохновлен «Фригийской шапкой анатолийского происхождения»

Назия Жоямергенқызы

Журналистер жасанды интеллектімен жақын танысты

editor

АЗАМАТТАРҒА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНБЕЙДІ

ttjk