Эстетикалық мәдениетке бастаған экоакция

Мемлекет басшысының республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» акциясын жариялады. Бүгін бастауыш партияның Астана қалалық филиалының өкілдері, Парламент Мәжілісі депутаттары мен орталық аппарат басшылығының қатысуымен Сарыарқа ауданындағы полигон аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылар экологиялық бастаманы әр апта сайын өткізуді қолға алып отыр. Ал бүгін партияның 12 мың мүшесі мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері республика бойынша аумақтарды тазалауға шықты. Партия мүшелері өзен жағалаулары, орман алқаптары, өндірістік аймақтар және жол бойындағы аумақтарды қамтитын 475 учаскені қоқыстан тазартып, заңсыз қоқыс алаңына айналған қараусыз учаскені ретке келтірді.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Даулет Кәрібек «Таза бейсенбі» партиялық жобасы жаңа экологиялық мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейтінін жеткізді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өткен еді. Шындығында да әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. Партия мүшелері бұл науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысып келеді. «Жастар Рухы» жастар қанатының шамамен 4 мыңға жуық волонтері су тасқынынан зардап шеккен жандардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша жанды «Таза бейсенбі» акциясына қосылуға шақырамыз», деді ол.
Айта кету керек, алдын ала елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленіп, жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысан секілді аумақтар таңдалып алынды. Ендігі жерде партиялықтар әр бейсенбі сайын осындай тазалық жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Іс-шара тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітіледі. Олар сол учаскеде тұрақты түрде тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етумен қатар, қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу сияқты абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешеді.

Елордалық бастауыш партия ұйымының белсендісі Динара Маратқызының айтуынша, таза мемлекет – бұл тек үнемі тазаланатын емес, қоқыс тасталмайтын ел. «Өзіміз өмір сүріп отырған ортамызды өзіміз тазалап, еліме, туған қаламның сұлуланып, ажары кіргенін қалаймын. Болашақта балаларым мен немерелерімнің таза қоршаған ортада өсіп, таза ауамен дем алып, таза су ішкенін қалаймын. Сол үшін тазалықты әр адам өзінен бастап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараған жөн», – дейді ол.
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек «Экоакцияға 400-ден астам адам жұмылдырылды. Оған партия еріктілері де қатысты» деп отыр. Оның айтуынша, тазалыққа жаны ашитын әрбір азамат сенбілікке шығып, экоакцияны қолдауға атсалысса, өзі тұрған аймақтың ажарының артуына қосқан үлес болып табылады. «Сондықтан осы бағытта жұмыс бастап кеттік. Іс-шара мақсаты – әрбір тұрғынға экологиялық мәдениетті сіңіру, насихаттау. Елімізде әртүрлі экологиялық мәселелер болып жатыр. Сондықтан бірінші кезекте біздің басты мақсатымыз – қоршаған ортамызды қорғауға шақыру. Біз оны тек сөзбен емес, іс-шара арқылы дәлелдегіміз келеді», деді Мұхаммед Болысбек.
Жалпыұлттық акция аясында «AMANAT» партиясы 5 бағыт бойынша жұмысын бастады. Оның ішінде экология саласына қатысты заң шығару, өңірлерде ластанған аумақтардың картасын жасай отырып, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастыру, «Астана-Алматы» тас жол бойындағы аумақты тазартуға арналған «Таза Қазақстан» road-эстафетасы, тарихи, мәдени және табиғи мұраны вандализм әрекетінен қорғауға арналған қоғамдық науқан және жасыл волонтерлік – экологиялық волонтерлер қозғалысын құруды назарға алып отыр. Су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін партияның 4 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері қарғын судан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге де көмектесті. Еліміздің барлық өңіріндегі барша партиялықтар саябақтарды, скверлерді, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді тазалауға атсалысып жатыр. Сондай-ақ сенбілікке шығып, ағаш егу секілді өзге де іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Мәселен, 27 сәуірде, яғни небәрі бір күнде ел аумағында партиялықтар 55 мың түп ағаш екті. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр мемлекеттік орман қоры аумағына 302,7 млн түп ағаш отырғызған. Сонымен қатар, 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды. Ал 2027 жылға қарай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайту, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапасының индексін енгізу, ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту және жаңадан 14 су қоймасын тұрғызуды жоспарға енгізіп отыр.
Сенбілікке шыққан қалалық мәслихат депутаты, Сарыарқа ауданының «AMANAT» партия филиалының төрағасы Ерлан Дәкенов те қаланың тазалығы әр адамның өзінен басталатынын жеткізді. Әсіресе, еліміздің бас қаласы әлемге бүкіл елді таныстыратын болғандықтан, тазалығымен сәнді болуы керек. Сол үшін тұрғындардың бойындағы эстетикалық мәдениетті дамытуда мұндай экоакциялардың маңызы ерекше.
“Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ

Related posts

ГОРДИОН ЮНЕСКО МҰРАЛАРЫ ҚАТАРЫНДА

Назия Жоямергенқызы

Бодрум: место рождения Blue Voyage

Назия Жоямергенқызы

Горнолыжный курорт «Шымбулак» приглашает на SCIJ

ttjk