Елордалық полицейлер ескерту жасайды

Осы күні өмірімізді смартфонсыз елестету қиын. Шынында да технологияға тәуелді болған тұста кез келген шаруамызды сымсыз желімен оңай шешіп, интернеттің көмегімен қалаған дүниемізге қол жеткізе аламыз. Алайда айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын сандық дәуірде алаяқтардың да алшысы түсіп жатқанын ұмытпаған дұрыс. Өйткені халықтың өмірін жақсарту үшін қолға алынып жатқан сымсыз желіден өз «үлесін» алуға асығатын айлакерлерге жем болғандардың да көптігін аңғаруға болады.

Қазір алаяқтық фактілерінің көпшілігі онлайн режимде өрбіп жатыр. Құқық қорғау қызметкерлері алаяқтардың алдын алу мен тоқтату үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы, өңірлерде цифрлық қылмыстармен күресу үшін арнайы киберполиция бөлімшелері құрылды. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты жолға қойып, еуропа елдерінің тәжірибесін қабылдап жатырмыз. Бұдан бөлек, адамдарға алаяқтық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу жайында түсіндірме жұмыстары тұрақтыжүргізіліп келеді.

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындардың алаяқтардың құрбаны болудың алдын алуға жиі кеңес беріп келеді. Себебі қазір әккілердің айла-амалдары күн сайын құбылып жатыр. Ал биыл жыл басынан бері елімізде WhatsApp мессенджерін қоса алғанда, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткен. Соның ішінде биыл TikTok әлеуметтік желісінде қателесіп жіберілген ақша аударымдары жөнінде жазған өтініштер жиілеген. Алаяқтықтыңбұл түрі қарапайым халықтың аңғалдығын өз мақсатына сәтті пайдаланып, онлайн-банкингтің көмегімен азаматтардың шоттарына белгілі бір ақша аударымдарын жібереді. Содан кейін ықтимал құрбанның мобильдік нөміріне ақшаны басқа адамға «қателесіп» жіберген адамнан қоңырау түседі. Алаяқтар осы жерде әртістік шеберліктерін іске қосып, аңыз оқиғаларды айтып іш-бауырына кіреді. Мәселен, ақшаны «бала емдеуге арналған соңғы ақшам еді, аударымның клиниканың, дәріхананың шотына түсуі қажет еді» деген секілді әр түрлі ойдан шығарылған уәждер келтіреді. Бұдан соң олар кері аударым жасауды, бірақ ақшаны басқа нөмірге жіберуді сұрайды.Алаяқтардың айтуымен ақшаны аударатын болсаңыз, онда жәбірленушінің өзі де алаяқтықсхемаға қатысушы болып шығады. Себебі әлгілердің айтқанын істеген болса, оның шоты датранзит шот ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан елордалық полицейлер күдік тудыратын аударымдар туралы хабарласқан жағдайда, сақтықпен әрекет еткен жөн екенін жиі ескертеді.Сондықтан Астана қаласы Полиция департаментінің өкілдері бұл үшін шот бойынша үзінді-көшірмені қарап, зерттеу жасап, кімнен және қашан ақша түскенін қадағалап отырған дұрыс екенін айтады. Себебі шотқа қателесіп келгенсоманы қайтару тек банкке жазбаша өтініш арқылы жүзеге асады.

Сондай-ақ «Қазпоштадан» келетін SMS мен фишингтік сілтемелерді жеті рет тексеріп алған дұрыс. WhatsApp-тағы аккаунттар арқылы түрлі сылтаумен ақша жөнелту өтінішімен келген мәтіндердің мағынасына мән берген абзал. Өкінішке қарай, «полициядан» немесе «банктен» қоңырау шалатындарға сенетіндер әлі де азаймай отыр. Алдын ала төлем жасау арқылы сан соғып қалғандардың санын азайту да қиын. Бұған «дауыс беріңіз» деп келетін күмәнді сілтемелерді қосып қойыңыз.Айтпақшы, авторизацияланбаған дүкендерден смартфонға қосымша орнату да қауіпті.

Мәселен, елордалық полицейлер What’s App және Telegram мессенджерлерінде мемлекеттік, квазимемлекетік және басқа да ірі коммерциялық мекемелерінің басшыларының фотосуреттерін қою арқылы жалған аккаунттар құрып, осы ұйымдардың қызметкерлеріне алдағы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) немесе құқық қорғау органдары тарапынан тексеру болатынын хабарлайтындар жиілегенін айтады.

Мұндағы алаяқтардың мақсаты сол, олар өздерін ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырып, террористік ұйымдарды олрдың банктік шоттары арқылы қаржыландыру фактісі анықталғанын хабарлап, қорқыту арқылы белгісіз банктік шоттарға ақша аударуды немесе қолма-қол ақашаны құқық қорғау органдары қызметкерінің қолына беруді сұрайды. Сол үшін астаналық полицейлер азаматтардан белгісіз абоненттік нөмірлерімен мессенджерлерде  диалогқа түспеуін, сондай-ақ ешбір жағдайда белгісіз банктік шоттарға ақша аудармауын және бөгде адамдарға бермеуді сұрайды. Дәл осындай күдікті фактілер туралы естіген жағдайда, дереу «102» арнасына хабарласқан жөн. Бұл алаяқтардың ары қарайғы әрекетіне тосқауыл болуға септігін тигізеді.

Жалпы Астана қаласы Полиция департаменті тұрақты түрде интернет-алаяқтықтың алдын алу және ескерту бойынша теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізіп, қылмыстың алдын алу бойынша тұрғындар арасында ескерту-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ПИК чаттарына, аудан тұрғындарына, жалпы білім беретін оқу орындары мен балабақшаларға брошюралар, бейнероликтер орналастырылып, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қою үшін құқық қорғау органдары жеңіл пайда алу мақсатында алаяқтарға өз шоттарына ақша шығаруға көмектескен отандық азаматтардың да қолына кісен салуға кіріскен.

 

Related posts

Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

editor

ЕР ЖӘНІБЕК КУБОГЫ

4 ақпан — Обырға қарсы күрес күні

ttjk