БАЛАМНЫҢ САҒЫ СЫНБАСЫН ДЕСЕҢІЗ, САЛЫМ АШЫҢЫЗ

«Еркін сөз»-219 шығармашылық байқауының «Үздік мақала» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алған «Заң» газетінің қызметкері Сәкен Орынбасарұлының «Баламның сағы сынбасын десеңіз салым ашыңыз» материалы.
Баламның сағы сынбасын десеңіз салым ашыңыз

Адамзат тарихының қай дәуірінде болсын маңызын жоймаған бір құндылық бар. Ол ілім іздеу, білім алу һәм ғылым игеру. Дана халқымыздың «тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізде» деп тәмсіл қалдыруы сондықтан. Ал, қазақ халқының бұл тәмсілі қасиетті Ислам дінінен тамыр тартып жатса керек.
Асыл дінімізде құпталған білім алуды, ілім іздеуді бүгінгі таңда құқықтық әрі зайырлы жолды таңдаған мемлекетіміз де, оның заңдары да қолдап-қуаттайды. Олай дейтініміз, құқықтық кеңістіктегі темірқазығымыз іспетті Конституциямыздың 30-бабында «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деп көрсетілген. Аталмыш баптың 2-ші және 3-ші бөліктеріне сүйенсек, азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы, сондай-ақ жеке меншік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
Ата Заңда жеке меншік оқу орны деп көрсетілуі тегін емес. Себебі, қазір нарықтық экономика. Мұндай формацияға көшкен елде ақылы оқу түрінің болуы заңдылық және бұл әлемдік тәжірибе. Жоғары тегін білім алуға берілетін мемлекеттік грантқа ілінбей қалған талапкердің ілім алсам деген ниетіне жетуіне жасалған бір мүмкіндік. Қала берді, әлем елдерімен алыс-беріс, барыс-келіс артқан мына заманда шетелдердегі мәртебелі жоғары оқу орындарында білім алу да қазір таңсық емес және осыны арнайы мақсат тұтатын өрендеріміз қаншама.
«Ақыл» депозитімен армандар орындалады!
Алайда, бүгінгідей нарық заманында көкейді тескен мұндай арман-мақсатқа қандай да бір қаржысыз жетуді елестетудің өзі қиын. Қуаныштысы, білімге инвестиция салуды басты орынға қойған мемлекетіміз бұл жағынан да өзінің ертеңі саналатын жастарға көмек қолын созудың түрлі жолдарын қарастырып келеді. Солардың бірі ретінде «Aқыл» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жұмыс істейтінін әлі де білетіндерден білмейтіндер көп. Яғни, білім депозиті. Қарапайым тілмен айтқанда, кәдімгі үй алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» немесе басқа да қандай да бір өмірлік мақсатыңыз үшін кез келген банктен ашқан депозитіңіз секілді балаңыздың болашақ білімі үшін депозит ашып, ақша жинайсыз. Бұл депозиттің басты артықшылығы оған мемлекеттің кепілдік беретіндігінде жатыр. Сондай-ақ, кепілдік беріп қана қоймай, мемлекет аталмыш депозитке салған салымыңыз бойынша сыйақы да береді.
Құқықтық мемлекетте барлық іс-әрекет тиісті заңмен бекітіліп отыратыны белгілі. Осы орайда, білім депозиті «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 14 қаңтардағы №67-V заңымен реттелетінін айта кету керек. Заңның 5-бабының 1-бөлігінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламалары бойынша білім алуға қолданылатыны жазылған. Ал, осы баптың 2-ші бөлігінде көрсетілгендей, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылар – салымшы, қатысушы банк, енгізуші, оператор, білім беру ұйымы және білім беру саласындағы уәкілетті орган болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, жүйеге қатысушы оператордың міндеттері, салым шарттары, банк пен мемлекеттің сыйлықақысы – бәрі бәрі осы заңға негізделеді.
Жарнаның ең кемі – 7215
Енді аталмыш заң негізінде өмірге келген «Aқыл» білім беру депозитіне салым салудың тәртіптерін тарқата кетсек. Ең әуелі еске салып өтетіні бұл жүйенің жұмыстарын «Қаржы орталығы» АҚ үйлестіріп отыр. Депозитті Қазақстан Республикасының кез келген азаматы кемінде 3 жыл мерзімге аша алады. Салым шартын жасасқан тараптардың бірі оның мерзімін тоқтатуға ниет білдірмесе, шарт мерзімі ары қарай автоматты түрде ұзартылады. Жалпы алғанда, салым шарты 20 жылға дейінгі мерзімге жасалады. Әлбетте, банктерде өзге де мақсатқа ашылатын депозиттерге төленетін бастапқы жарна мұнда да бар. Бірақ, ол кез келген адамның қалтасы көтеретіндей мөлшерде, яғни минималды жарна 7215 теңге. Сондай-ақ, «Aқыл» депозитін білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы болып табылатын банктердің барлық аймақтық деңгейлеріндегі бөлімшелеріне барып аша аласыз.
Банктен депозит ашып, қаржы жинауды мұрат еткен салымшыны ең бірінші кезекте салымға берілетін сыйлықақы мөлшері қызықтыратыны хақ. Қай банктің сыйлықақысы көп болса, оның салымшылары да көп деген сөз. Ал, ол салымыңызға банктен бөлек мемлекет те сыйлықақы беретін болса ше, бұл онда депозитіңіз мемлекет тарапынан сақтандырылатынын білдіреді. Сәйкесінше, салымыңызға берілетін сыйлықақы мөлшері де айтарлықтай артатынын аңғартады. «Aқыл» білім беру депозитіне жиналған салымға банк 10,5 пайыз мөлшерлемесінде сыйлықақы береді. Бұл туралы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 10-бабының 1-бөлігінде «Қатысушы банк ай сайын капиталдандыра отырып, салымшыға салым шартында айқындалған мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейді» деп көрсетілген. Ал, 13-бапта мемлекет беретін сыйлықақының мөлшері көзделген. Ол бойынша салымшыға 5 пайыз сыйлықақы беріледі.
Басым санаттағыларға 7 пайыз
Айта кетерлігі, білім депозитіне мемлекет сыйлықақы беруде белгілі бір әлеуметтік басым санатқа жататындадың мүддесін бөлек ескеріп, оларға 5 емес, жылдық 7 пайыздық мөлшерде сыйлықақы төлеуді қарастырған. Атап өтсек, олар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, мүгедектерге, кәмелетке толмаған көп балалы отбасылардың балаларына, жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасылардан шыққан балалар.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске асыруда «Халық банк», «Нұрбанк», «Цеснабанк» және ВТБ банкі секілді қаржылық ұйымдар серіктес болып табылады. Яғни, баласының болашақ білім алуын қаржылық тұрғыдан осы бастан қамтамасыз етуді ойлаған еліміздің кез келген азаматы осы банктердің бөлімшелеріне барып, «Ақыл» білім беру депозитін аша алады. Оны ашу үшін қажетті құжаттар да соншалықты көп емес. Бар болғаны ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігін беру жеткілікті немесе куәліктердің орнына төлқұжаттарды ұсынса да болады. Ал, салымды 3, 5 және 10 жылға жасау мүмкіндігі бар. Мемлекет сыйлықақысы 20 жылға дейін төленетінін ескерсек, депозиттің максималды мерзімі жаңағы 10 жылмен шектелмейді. Ашылған есепшотты ай сайын толтырып отыру жолдары да қарапайым. Олай болса касса, CashPay терминалдары, интернет-банкинг, картадан депозит шотына аудару тәсілдері арқылы жинақ ақшаңызды толықтыра аласыз. Айтпақшы, салымыңызға үлес қосуды жөн көрген үшінші тұлғадан да қосымша жарна қабылданатынын қаперге сала кеткен жөн.
Мемлекет 10 млн. теңгеге дейін сақтандырады
Мемлекет беретін сыйлықақының жылдық мөлшеріне жоғарыда тоқталдық. Қоса кететіні, оның көлемі бір жылға 100 АЕК-тен аспайды. Бұл мәселен 2019 жылы аталмыш сыйлықақының ең жоғарғы мөлшері 252 500 теңге деген сөз. Енді мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қалай іске асырылатынын қарапайым тілмен сипаттай кетсек, бұл арада негізгі үш тарап бар – салымшы, оқу орны және серіктес банк. Салымшы серіктес банктен есепшот ашып, салым жинайды. Сондай-ақ, білім алғысы келген оқу орнымен шарт жасасады. Салымшының салымы есебінен серіктес банк салымшы таңдаған оқу орнына оның оқу ақысын төлеуге білім беру кредитін береді. Ал, салымға мемлекет кепілдігін жүзеге асыратын ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ серіктес банкке мемлекеттің 5 немесе 7 пайыздық сыйлықақысын береді. Мақаламызға арқау болып отырған бұл жүйенің еске салатын артықшылықтары мұнымен бітпейді. Мәселен, мемлекет сыйлықақысына табыс ретінде салық салынбайтыны, бұл депозит түрлері 10 миллион теңгеге дейін мемлекет атынан сақтандырылатыны – «Ақыл» депозитін басқа салым түрлерінен даралап тұратыны даусыз.
Бұдан бөлек, алда-жалда бастапқы мақсатыңыздан айнып қалсаңыз, мұнда жинақталған салымыңызды білім алудан басқа да қажеттілігіңізге жұмсай аласыз. Тек бұл жерде мемлекет сыйлықақысы кері қайтарылатынын ұмытпаңыз. Бірақ, Қазақстан азаматтары өзіне немесе баласына ашқан бұл салымдағы жинақталған қаражатын заң тілімен айтқанда үшінші тұлғаға, яғни басқа да баласының атына ашылған депозитке аудара алады. Оқу орнын таңдауға да шектеу жоқ. Тіпті, шетелдегі оқу ақымды осы депозит арқылы төлеймін десеңіз де мархабат!
Деректерге ден қойсақ…
Осынау білім беру депозитін ашып беріп, балаларға базарлық жасай білген, мәрттігін танытқан елге белгілі тұлғалар да жоқ емес. Бұл ретте Қазақстан спортының әлемге танымал саңлақтары Серік Сәпиев, Илья Ильин мен Александр Левит өзгелерге үлгі көрсетіп, Нұр-Сұлтандағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне салым ашып бергенін айтпай кетуге болмас.
Ал, жалпы осынау қаржы жинақтау жүйесі бойынша осыған дейін бас-аяғы 20 мыңдай депозит ашылып, оларда салымшылар 19 млрд. теңгеден астам қаржы жинақтап үлгерген. Бұл салымшыларға мемлекет берген сыйлықақы 1,6 млрд теңге мөлшерінде. 2019 жылдың алғашқы тоқсанын қосқандағы мәлімет бойынша, елімізде 600-дей адам «Ақыл» депозитінің есебінен оқып жатса, 177-сі осы жүйенің аясында әлемнің озық жоғары оқу орындарын таңдаған. Мұндай талапкерлердің көбі Ресей және Ұлыбританияның ЖОО-н таңдаса, АҚШ пен Түркия, Оңтүстік Корея, Чехия және Біріккен Араб Әмірлігінде білім алуды құп көретіндер де жоқ емес.
Ең үлкен һәм қайырлы инвестиция – баланың болашағына, оның ішінде білім алуына салынған капитал екені айтудай-ақ айтылып жүр. Жаһанда технологияның үздіксіз дамуының түп-төркінін де біліммен, ғылыммен байланыстырмай көріңіз. Мемлекетіміздің де бұл мәселеге айрықша мән беруі сондықтан. Елбасы Н.Назарбаев та өзінің халыққа Жолдауларында білім беру ісін назарынан тыс қалдырған емес. 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 7-тарауын «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп атап, онда білім берудің жаңа сапасы жайлы сөз қозғауы соның айғағы.
Алайда, баланы мектеп партасымен қоштаспастай көріп, «қыстың қамын жаз ойлағандай» оның болашақта қайда, қалай жоғары білім алатынын ерте бастан қамдауға дағдыланбаған алаңсыздық көптеген ата-ананың бармағын тістетіп, баланың сағын сындырып жатады. Баламның сағы сынбасын десеңіз, «Ақыл» депозитін ашу – ақылды қадам болмақ…

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Related posts

HALYK BANK ХАЛЫҚҚА ГАЗ ОРНАТТЫ

ttjk

İSTANBUL OPERA HOUSE

ttjk

Basın Davetiyesi

Назия Жоямергенқызы