Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізгі себептеріне ата-ана бақылауынсыз қалуы мен интернет-ресурстардың теріс әсері кіреді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Соңғы 5 жылда балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше атқармағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 3 есеге – 2024 жылдың 11 айында 18,5 мың жағдайға дейін өсті. Бұдан басқа, балалардың түнде ересектерсіз сыртта өз бетінше жүру фактілері 2019 жылғы 59,5 мыңнан 2024 жылы 107,5 мыңға дейін, 2 есеге артты. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мектептерде қорқыту мен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламаларын белсенді түрде енгізіп жатыр. Сондай-ақ өңірлерде орталықтар ашу арқылы балаларға психологиялық қолдауды күшейтіп келеді.
Министрдің сөзінше, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар заң жүзінде күшейтіліп, баланы қорлау (қорқыту) фактілері, олардың ата-аналарының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілік енгізілді, девиантты мінез-құлқы бар балалар басым тәртіппен қосымша біліммен қамтылған.
«19 желтоқсанда Парламент білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды мақұлдады, онда қамқоршылық органдарының штат санының нормативі алғаш рет заңнамалық түрде бекітілді. Бұл новелла әр баланың құқығын қорғауға мүмкіндік береді», деді Ғ.Бейсембаев.