Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға сұраныс артады

Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанын еске салып, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіптік бағдарлауды дамыту қажеттігін атап өтті. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы 6 жылда жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс 400 мыңнан астам адамға жетеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын іске асыруда. Осы жұмыс аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкелері өткізіледі, кәсіптік стандарттар жетілдіріледі, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл күшейтіледі. Бұл шаралар еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

«Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс саны 1,6 млн адам болады деп күтілуде, оның ішінде 900 мыңға жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында аса сұранысқа ие», – деді Министрліктің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Азиз Ибрагимов.

Құрылыс саласындағы ең үлкен сұраныс мынадай мамандықтарға күтіледі: сылақшылар – 9 758 адам, құрылыс бригадаларының прорабтары – 9 477 адам, дәнекерлеушілер – 7 229 адам; ауыл шаруашылығы саласында: фермерлер – 10 695 адам, тракторшылар – 7 141 адам, ірі қара малды өсіру бойынша – 4 940 адам; өңдеу өнеркәсібінде: дәнекерлеушілер – 3342 адам, тігіншілер мен киімді қалпына келтірушілері – 2606 адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 2367 адам, сантехниктер мен құбыр өткізуші – 2051 адам; денсаулық сақтауда: орта медициналық персонал – 24 614 адам, жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам, фельдшерлер – 4 536 адам.

«Мансап компасы» платформасының базасында 100 мың жоғары сынып оқушыларын қамти отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта осы платформада кәсіби диагностика бойынша функционалды енгізу жұмыстары жүргізілуде, оның іске қосылуы осы жылдың сәуір айына жоспарланған.

«Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлау үшін кемінде 35 мың тәлімгерді тарту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспарланған. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жастар практикасына 3,2 мың адам жіберілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жастар практикасына қатысушыларға 2 645 тәлімгер бекітілді», – деді Азиз Ибрагимов.

Бүгінгі таңда Skills Enbek платформасында 9 827 оқушы мен ТжКБ студенттері онлайн-оқытумен қамтылды.

Осы жыл ішінде кемінде 500 мың оқушы мен ТжКБ студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытумен қамтылатын болады. ТжКБ-ның үздік мың түлегін елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Сонымен бірге жұмыс берушіде жұмыссыздарды 6 айдан аспайтын жұмыс орнында кәсіптік оқыту ұйымдастырылады.

2025 жылдың ақпан айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде бос жұмыс орындар жәрмеңкелері жұмысшы мамандықтарына баса назар аудара отырып өткізіледі. Елордада мұндай жәрмеңке «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында өтіп, бір аптаға созылды.

Бүгінде бос жұмыс орындар жәрмеңкелеріне 1 мыңнан астам жұмыс беруші қатысып, жұмысшы мамандықтар бойынша 9,6 мың бос жұмыс орнын ұсынды.

«Биыл су шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, тау-кен металлургия өнеркәсібі, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы, Көлік логистикасы, автомобиль жолдары және т. б. салаларда 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылатын болады.

Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды, тағы 5 орталықты ашу жоспарлануда, оның ішінде 2 халықаралық стандарттар бойынша болады», – деді Азиз Ибрагимов.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Баспасөз қызметі

Related posts

162 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тен төлем алды

Назия Жоямергенқызы

Некеге тұрған жастарға пайызсыз несие берілмек

editor

Алаяқтар мемлекеттік органдардың басшысы ретінде таныстырады: полиция астаналықтарға сақ болуды ескертті