Алматы метросын Алатау қаласына дейін ұзарту әзірге жоспарда жоқ. Оның орнына билік LRT желісін дамытуды және қалалар арасындағы көлік қатынасының өзге де балама нұсқаларын қарастырып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Үкіметте өткен брифинг барысында журналистер бұған дейін Алматы метросының бір тармағын Алатау қаласына дейін ұзарту мүмкіндігі талқыланғанын еске салып, бұл идеяның жоспарда бар-жоғын сұрады.
Бозымбаевтың айтуынша, метро құрылысы туралы айтуға әлі ерте.
«Алатау халқының саны қазір ресми түрде 50 мыңнан сәл ғана асады. Ол жаққа әзірге метро салудың қисыны жоқ», — деді ол.
Басқа нұсқалар
Вице-премьердің сөзінше, қазіргі уақытта бас жоспар аясында көлік қатынасының басқа форматы қарастырылып жатыр.
Оның сөзінше, Алматы, Алатау және Қонаев арасында LRT желісін дамыту көзделген. Сонымен қатар, билік қосымша басқа да нұсқаларды зерттеп жатыр.
«Қазір бұл LRT, пойыз және тағы басқалары болуын қарастырып жатырмыз. Әлемдік мамандармен жұмыс істеп жатырмыз. Ең оңтайлы, ең арзан, әрі тиімді шешімді іздейміз», — деді Бозымбаев.
Ол түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын баса айтты.
«Бұл метро бола ма, әлде басқа ма — қазір айта алмаймын. Бірақ қазіргі уақытта ештеңе салудың қажеті жоқ», — деп толықтырды ол.
Билік көлік коллапсы болады деп қауіптенбейді
Жаңа қаланың өсуіне байланысты көлік кептелісі қаупі туралы сұраққа ол мұндай қауіп жоқ екенін айтты.
Оның айтуынша, Alatau City бас жоспары халықаралық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген. Бұдан бөлек, қазір жобаға урбанистика және көліктік жоспарлауға маманданған тағы бір халықаралық топ тартылып жатыр.
«Біз басқа жобаларда кеткен барлық қателікті ескереміз. Жағымсыз тәжірибені де назардан тыс қалдырмау керек. Сондықтан көлік коллапсы болады деп ойламаймыз», — деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов Алматыдағы метрополитенді дамыту жоспарлары туралы хабарлаған болатын. Оның айтуынша, қолданыстағы метро желісін «Барлық» станциясына дейін ұзартып, кейін оны Алматы-1 вокзалымен қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Tengrinews.kz
