Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ауыл шаруашылығы вице-министрлері Азат Сұлтанов пен Бағлан Бекбауов, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясында Айдарбек Сапаров Ресей тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзитіне қойылған барлық шектеудің алынғанын мәлімдеді. Министр қаңтар айында бұл мәселені реттеу үшін Мәскеуге жеке барып, келіссөздер жүргізгенін және дәнді, бұршақты, майлы дақылдардың транзитіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы келісімге келгенін айтты.
Сонымен қатар ол Қазақстан жаңа өнімнен 4,8 млн тонна астық экспорттағанын хабарлады. Алдағы уақытта қазақстандық астықты экспорттайтын жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр, олардың қатарында Мысыр және басқа араб елдерінің нарықтары бар.
Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 5 пайыз жеңілдікпен несие алу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерінен жалпы көлемі 205 млрд теңгеге өтінімдер түскені атап өтілді. Жақын арада ауыл шаруашылығы техникасын 5 пайыз жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасын қаржыландыру басталады. Бұл мақсатқа 200 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.