«AYALA» ҚОРЫ СӘБИЛЕРДІ АЯЛАЙДЫ

Қайырымдылық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Ол үшін мейірімді жүрек пен таза ниет болса болғаны. Елімізде жүрек жылуын ұсынып, аялы алақанын тосып жүрген қайырымдылық қорлар аз емес. Солардың бірі — «AYALA» қайырымдылық қоры. Қордың «Жаңа туған нәрестелердің ретинопатиясы» жобасы жаңа туған сәбилердің көру қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Семейдегі Перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелердің көз ауруларын, оның ішінде балалардың көру қабілетінен толық айырылуына және мүгедектігіне әкеп соғуы мүмкін шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте диагностикалауға және уақтылы емдеуге көмектесетін толық құрал-жабдықтар жиынтығы бар.
Оның бірі — ретиналды камера. Қондырғы Абай облысындағы шала туған нәрестелерді соқырлықтан құтқаруға мүмкіндік береді. Құны 26 миллионнан асатын замануи диагностикалық қондырғыны орталыққа «AYALA» қайырымдылық қоры сыйға тартқан. Бүгінде, Семей қаласының перинаталдық орталығында салмағы 500 грамнан асатын шала туылған балалардың өмір сүру деңгейі едәуір артты. Алайда, бұл нәрестелер шала туғандықтан оларда ретинопатияның даму қаупі бар. Ол көздің көру қабілетінің төмендеуіне, тіпті толық соқырлыққа апарып соқтыруы мүмкін. Ауру әдетте бала өмірінің 5-6 аптасында көрінеді. Қазіргі уақытта шала туылғандарда ретинопатияны емдеудің ең жақсы әдісі-көз торына лазерлік коагуляция жасау болып отыр. Ол аурудың 4 және 5 кезеңдерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Семей қалалық перинаталдық орталығының директоры Архат Дайырбековтың айтуынша, өткен жылы алғаш рет «AYALA» қайырымдылық қоры берген офтальмологиялық лазермен БИК-диапазонда (толқын ұзындығы 810 нм) сәуле шығаратын лазердің көмегімен транспупиллярлық лазерлік коагуляция жүргізілген. Ретиналды камера облыстық перинаталдық орталыққа орнатылғаннан кейін онда бірден 15 бала тексерілген. Олардың 2-де бірінші сатыдағы шала туған нәрестелердің ретинопатиясының агрессивті формасы анықталған. Одан өзге көз торының траспупилярлық лазерлік коагуляциясынан кейін екі баланың динамикасы жақсарған. Бұған дейін облыста шала туған нәрестелердегі ретинопатия өзекті мәселенің бірі болған. Себебі, көптеген балалар ота жасату үшін, республикалық орталықтарға баратын. Әрине, бұл шала туған нәрестелердің ата-анасы үшін тиімсіз еді.
Семейдегі перинаталдық орталыққа ретиналды камералар, лазерлік қондырғылар, офтальмоскоптар орнату нәтижесінде 700-ден астам бала тексерілген. Оның 100-ге жуығы ретиналды камерада емделсе, 30-ға жуық балаға лазерхирургиялық ота жасалған.
Өткен жылға дейін еліміздің перинаталдық орталықтарында ретинопатияны ерте скринингтеуге арналған жабдықтар тек 4 орталықта болған. «AYALA» қайырымдылық қорының арқасында ол еліміздің 14 медициналық мекемесінде пайда болды. Бұл Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді офтальмологиялық скринигпен қамтуды 11,8 пайызға ұлғайтуға, шала туған балаларда ретинопатияны анықтауды 20,6 пайызға арттыруға және ретинопатия кезінде көз нұрын лазерлік коагуляциялау бойынша 34,3 пайызға операциялар жүргізуге көмектесті. Офтольмолог дәрігерлер 30 баланың көру қабілетін сақтап қалды. Соның ішінде, 21 балаға қор сатып алған «Луцентис» препараты енгізілді. Қазақстандық дәрігерлерің мәліметінше, қазіргі уақытта мерзімінен бұрын туған нәрестелердің 40 пайызға жуығы ретинопатиямен яғни, көз ауруымен ауырады. Бұл шала туған нәресетелерде көру қабілетінің біржола жоғалуына апарып соғуы мүмкін. Сондықтан,еліміз үшін ретиналды камераларды сатып алу, медициналық қызмет көрсету тұрғысынан үлкен серпіліс болуда.
AYALA» қайырымдылық қорының негізгі мақсаты — балалардың мүгедектігін туған кезден бастап төмендету. Осы мақсатта қор бүгінде көптеген шаралар атқарды. Қордың ресми парақшасындағы ақпаратқа сай, шала туған нәрестелердің ретинопатиямен сырқаттануына ерте офтальмологиялық скринингке арналған жабдықтардың болмауы, лазерлік қондырғылардың тапшылығы, ретинопатияның күрт дамыған түрлерін дәрі-дәрмекпен емдеудің клиникалық хаттамасы жоқтығы себеп болған. Қайырымдылық қор ретинопатияға байланысты шала туған балалардың мүгедектігін төмендету бойынша жұмысқа белсене кірісіп, еліміздегі 17 медициналық орталықтар үшін, ретиналды камералар, лазерлік қондырғылар, офтальмоскоптар, «Луцентис» препараттарын алған. «AYALA» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова, бұл ретте көру қабілеті бойынша жаңа туған балалардың мүгедектігін азайтуға қолдау көрсетіп, ұлт денсаулығына құнды үлес қосқан «Шеврон» компаниясы екендігін айтады.
Еліміз бойынша, 4322 бала диагностикадан өткен. Бұл шала туған нәрестелерің ретинопатиясы бойынша тәуекел аймағындағы балалардың 50 пайызын құрайды. Жүздеген сәби соқырлықтан толық құтқарылса,
340 балаға лазерхирургиялық ота жасалған. Жалпы медициналық орталықтарды қондырғылармен жабдықтау 3,5 есеге өскен.
Алдағы жылы «AYALA» қайырымдылық қоры неонаталдық офтольмологтардың, оның ішінде хирургияға маманданған дәрігерлердің біліктілігін арттыруды, емдеуге арналған препараттарды қосу бойынша өзара іс-қимылдарды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Бұл ретте игі істер атқарып, адамдардың өмірін жақсартуға үлес қосып жүрген қорлар жұмыстарының өміршең болғандығы маңызды.

Related posts

Мемлекет басшысы Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті

editor

Cтамбұл «2024 жылы саяхаттауға лайық ең жақсы 50 жер» қатарына енді

Назия Жоямергенқызы

Мың құбылған доллар бағасы

editor