Астанада «Наурыз» ұлттық сыйлығы табысталды

Астанада 19 наурыз – Жаңару күніне орай, «Наурыз-2024 ұлттық сыйлығы» марапаттау рәсімі өтті.


Осымен төртінші жыл ұйымдастырылып отырған шарада жаңашылдық көп. Ұлттық сыйлық биыл 9 номинация бойынша табыс етілді. Олардың арасында осыған дейін болмаған аталымдар бар. Осылайша, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттауға арналған республикалық «Наурыз» сыйлығы бойынша «Үздік ұлттық этно киім дизайнері» номинациясымен қазақстандық дизайнер Қайролла Әбішев, «Үздік ұлттық би ансамблі» номинациясымен «Қазына» би ансамблі, «Үздік ұлттық тағам өндіруші» номинациясымен «Сандық» мейрамханасы, «Үздік этно фольклорлық ұжым» номинациясымен «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі, «Үздік тоғызқұмалақшы» номинациясымен Әсет Қайыржанов, «Үздік құсбегі» номинациясымен бүркітші Арман Кушкаров, «Үздік ит баптаушы» номинациясымен Рамазан Үсеев, «Үздік атбегі» номинациясымен Бүркітбай Серікбеков, «Үздік ат спорты шебері» номинациясымен Шыңғысхан Ержанов марапатталды.

“Бұл шараның деңгейі жылдан жылға жоғарылап келе жатыр. Үміткерлерді соңғы 2 жыл ішінде елдегі, халықаралық байқауларда бақ сынаған, баспа беттерінде танылғандар арасынан іріктеп алдық. Жеңімпаздарға диплом, осы шараның символы – Тайқазан және 1 000 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Бүгін 9 номинант марапатталды”, – деді шара ұйымдастырушысы Назгүл Сарыбай.

Қазақстандағы жетекші ұлттық мейрамханалардың бірі «Сандық» мейрамханасы «Үздік ұлттық тағам өндіруші» номинациясына ие болды. Бас аспаз Манас Сқақтың айтуынша, мұндай жүлде аламыз деген ой болмаған. Аталған сыйлыққа мейрамхананы халық ұсынған.

Ал Атырау облысынан келген құсбегі, Азия чемпионатының жеңімпазы Арман Қошқаров қыран құстың көк туымызда бейнеленуі тегін емес дейді.

“Қыран – еркіндіктің сиволы. Ал бүркітшілік әкемнен қалған мұра. Өзім 7-8 жасымнан бастап құс ұшырумен айналысамын. Ұлттық спортта қазақтың төл өнерін күллі әлемге паш етуіміз керек деп есептеймін. Мақсат алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынында туымызды биікке көтеру”, – дейді спортшы.

Астана әкімдігінің қолдауымен өткен салтанатты кеште Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қайрат Баекенов пен Мадина Садуақасова, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары «Ұлытау» тобы, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» би ансамблі және тағы басқалары өнер көрсетті.

”Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ

Related posts

АЙЛЫҒЫ АЗДЫҢ САЛЫҒЫ ДА АЗ

ttjk

ТҮРКИЯ: ТАРИХЫ МЕН ТАҒЛЫМЫ ҚАТАР ӨРІЛГЕН

ttjk

Halyk QR-мен 0,5% – Кәсіпкерлерге QR төлемі бойыншанарықтағы ең төменгі комиссия

ttjk