ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ӘРКІМ ӨЗІНЕН БАСТАУЫ ТИІС

«Еркін сөз»-2019 шығармашылық байқауында «Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орын алған «Орал өңірі» газетінің тілшісі Динара Жұмабекқызының материалы.

Қаржылық сауаттылықты әркім өзінен бастауы тиіс
Әлемнің 97 елінде 46 тілде жарық көрен «Бай әке және кедей әке» атты халықаралық бестселлер серияларының авторы, дүниежүзіне атағы жайылған кәсіпкер-инвестор Роберт Кийосакидің тұжырымдауынша, «Адамдардың басым бөлігі ақшасыз қалмау үшін табанды түрде еңбек етеді. Ал ақшасын алғаннан кейін үнемшілдік пен сараңдыққа салынып, там-тұмдап жұмсауға тырысады. Сөйтіп отырып қамсыз өмір жайлы, қымбат заттар сатып алу жайлы армандайды. Осылайша осы ойлардың шеңберінен шықпай жүре береді. Күнде таңертең жұмысқа барады, кешкісін шаршап-шалдығып үйге келеді. Қаржылық тәуелсіздікті қалайды, бірақ санасындағы үрейдің кесірінен артық қимыл жасай алмайды. Ал үрей-қорқынышты жеңу үшін ең алдымен қаржылық білім керек».
Қаржы нарығының талдамалы зерттеулерімен айналысатын әлемдегі ең беделді «Standard & Poor’s» халықаралық рейтинг агенттігінің 2015 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша, еліміздегі ересек тұрғындардың 40 пайызы ғана қаржылай сауатты. Статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың үштен бірі отбасылық кіріс-шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Қолда бар қаражаттың жартысын үйде ұстайды және халықтың 60 пайыздан астамы келесі жалақыға дейін үнемі ақшасын үнемдемейді.
«Қаржылық сауаттылық мектепте оқытылуы тиіс»
Қаржы саласының мамандары адамдардың жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруі мен қарызға батуының себеп-салдарын қаржылық сауаттылықтың жетіспеуімен байланыстырады.
– Оқушыларға мектеп қабырғасында сауат ашу мен математиканы үйреткендей, ересек адамдарды да қаржылық сауаттылығын арттыруға баулу керек. Балаларға кішкентай кезден бастап үнемділікке және ақшаны орынды жұмсауға үйрету қажет, бұл уақыт өте келе өзінің қаржылық мүмкіндігін бағалауға және өз бюджетін мұқият жоспарлауға көп септігін тигізеді.
Дамыған елдерде тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын жою мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Мәселен, 2002-2003 жылдарда АҚШ, Ұлыбритания, Австралия сияқты мемлекеттерде халықтың жаппай қаржылық сауатын ашу мақсатында ұлттық бағдарламалар қолға алынды.
Шетелде банк несиеге ақша берерде несие алушыны алдымен оқытады. Ақшаны қайда, қалай жұмсайсыз, одан қандай табыс табасыз деген сұрақтарға тиянақты жауап бергенде ғана несие беріледі. Өркениетті елдердегідей тәжірибенің жоқтығынан Қазақстан азаматтарының үштен бірі банктерге қарыз, – дейді М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, экономика магистрі Элеонора Баудиярова.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуәлиеваның пайымдауынша, кіріс-табысын басқара білетін адам – қаржылық сауатты мемлекеттің іргетасы болып табылады.
– Жеке және отбасылық қаржыны басқарудағы біліктілікті арттыру, тұтастай алғанда, ел экономикасының даму қарқынына да оң ықпал етеді. Қаржы-қаражатқа қатысты бастапқы білімі мен дағдысының болмауы азаматтардың қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде дұрыс шешімдер қабылдай алмауына әкеп соғады. Микроэкономикалық деңгейде халықтың қаржылық сауатсыздығының экономикалық салдары және қауіп-қатерлері қаржылық тәуекелдердің артуына, халықтың несиелік берешектерінің шамадан тыс көбеюіне және жеке жинақтардың тиімсіз жұмсалуына тікелей әсер етеді. Ал, макроэкономикалық деңгейде қаржы нарықтарының дамуына кедергі келтіріп, қаржы институттарына және оларды реттеу бағытындағы мемлекеттік саясатқа деген сенімге нұқсан келтіреді әрі экономиканың өсу қарқынының төмендеуіне әкеледі.
Бүгінде қарапайым халық үшін бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы сауаттылығын арттыратын бағдарламалар мен жарияланымдар жеткіліксіз болып отыр. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті ашуға көмектесетін бизнесті бастау тренингтері, оларды дамытуға атсалысатын қолдау орталықтары әлі де аздық етеді. Яғни, насихат жағы әлі де кемшін.
Көптеген іргелі мемлекеттерде «Экономика негіздері» пәні мектеп бағдарламасына енгізілген. Ал біздің елде жоғары және арнаулы оқу орындарында ғана бар. Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін өскелең ұрпақтың қаржылық білімін шыңдауды мықтап қолға алуымыз қажет, – дейді профессор Ғабдуәлиева.

«Ақшаны орнымен жұмсауды үйрену қажет»
– Халықтың қаржылық сауатын арттыру мақсатында жоғары оқу орындары, банктер, сақтандыру компаниялары, несие беретін мекемелер сияқты көптеген қаржы институттары жұмыс істеуде. Алайда, нәтиже әлі де мардымсыз. Орташа есеппен алып қарасақ, қазір басым көпшілігіміздің тапқанымыз қапқанымызға жетпейді. Демек, шығынымыз табысымыздан көп. Несиенің қамытын киіп, қаржылық тығырықтан шыға алмай жүрміз. Отбасы бюджетін және болашағымызды жоспарлауды білмегендіктен, алда-жалда жұмыссыз қалсақ немесе басқа да қиындықтарға тап болсақ, аузымызды құр шөппен сүртіп қалуымыз мүмкін. Өйткені бізде қолда бар ақшаны сауатты жұмсау қабілеті жетіспейді. Бұл тұрғыда қаржыны сауатты жұмсау дегеніміз, оны үнемдеу дегенді білдірмейді.
Табысты жұмсаудың екі бағыты бар. Алғашқысы, кедейлердің ойлау қабілеті, яғни қанша табыс келмесін, түгел дерлік шығысқа бағытталады. Ал табысты, бай адамдар әр табысының белгілі мөлшерін қосымша табыс әкелетін активтерге жұмсайды. Қаржылық сауаттылықтың маңызды екенін неғұрлым ерте түсінген адам өмірін де тез өзгерте алады. Алайда, қосымша табыс табудың реті осы екен деп, күмән тудыратын түрлі ұйымдарға, болашағы бұлыңғыр қаржылық пирамидаларға кіруге болмайды.
Қаржыны сауатты жұмсау үшін инвестициялауды үйренуіміз керек. Инвестиция салу үшін бәзбіреулер ойлағандай миллиондаған қаражат керек емес. Ол үшін әр тапқан табыстың кемінде 10 пайызын болашаққа қор ретінде салып отыру керек және бұл ереже қатаң тәртіппен орындалуы шарт. Ақша қолжетімді жерде тұрса, кез келген қаржылық қиындық туындай қалған жағдайда жұмсалып кетуі мүмкін. Сондықтан жиналған қаражатты «қорғай» білуіміз, ең алдымен, өзімізден «қорғай» білуіміз керек. Отбасылық кіріс-шығысты жоспарлау және қаражаттың жұмсалуын қатаң қадағалау да аса маңызды фактор. «Ақшам жетпейді» деп үсті-үстіне несие ала берсек, ертеңгі күні қаржылық қиындыққа тап болатынымызды да естен шығармаған жөн. Әрдайым табысты өсіруді жоспарлап, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылу – аса маңызды қадам. Қомақты қаржы жинап қойған күннің өзінде сауатты инвестициялаудың әдіс-тәсілдерін меңгеру аса қажет, – дейді «SkyWay Invest Group» холдингінің кеңесшісі Мәулен Нығметов.

«Қарыз күліп кіріп, жылап қайтады»
«Қазақстанның Ұлттық Банкі» 2007 жылдан бастап елдегі ересек тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы кешенді шараларды қолға алды. «ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2017-2011 жылдарға арналған бағдарламасы», ҚР қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оның негізінде ел Үкіметі мен Қазақстанның Ұлттық Банкі БАҚ-та «2016-2018 жылдарға арналған екінші деңгейлі банктермен бірге халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға» бағытталған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын бекітті. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, ел-жұрттың табысы мол ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарына иелік етуге мүмкіндік беру мақсатында «Халықтық IPO» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылуда.
Ұлттық Банкке халық арасында қаржылық сауаттылықты арттырумен қатар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау міндеті де жүктелген. Аталмыш қаржы институты облыстық филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Валентина Хайрлиеваның айтуынша, қоғамдық қабылдау бөлмесінде қарызды өтеуде қиындыққа тап болған қарыз алушыларға тегін құқықтық көмек көрсетіледі. Азаматтарға тегін кәсіби кеңестер беріліп, банктік, сақтандыру, зейнетақы саласындағы және коллекторлық агенттіктердің жұмысы бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптары түсіндіріледі. Екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізіледі. Өткен жылы жеке және заңды тұлғалардың қаржылық-инвестициялық білімін арттыру мақсатында жоғары және арнаулы оқу орындарында, Орал қаласы мен Ақжайық және Тасқала аудандарындағы бірқатар мемлекеттік мекеме-ұйымдарда жүзден астам дәрістер мен тренингтер ұйымдастырылған.
«Қазақстанның Ұлттық банкі» өткен жылдың соңында іске қосқан «Fingramota.kz» сайты арқылы қаржыны басқару, отбасылық бюджет, депозиттер мен несиелер, сақтандыру, қаржы саласындағы заңнама, зейнетақы жүйесіне қатысты ақпараттарды алуға болады. Ұлттық Банктің «НБК Онлайн» мобильді қосымшасын іске қосу арқылы азаматтардың жедел әрі сапалы қаржылық кеңес алуына жағдай жасалып отыр.
«ҚҰБ» облыстық филиалының бас маманы Ботакөз Ешмағанбеттің мәліметіне қарағанда, былтыр облыстық филиал жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне қаржылық қызметтерді тұтынушы 350 азамат жүгінген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 36 адамға артық көрсеткіш. 2017 жылы филиал мамандары қаржы ұйымдарына талап-арыздар бойынша 74 сот отырысына қатысса, өткен жылы 252 сот отырысында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығы қорғалған.
– Бұл ретте айта кететін тағы бір жайт, қаржы институттарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімі қарыз алушылардың берешектерін есептен шығару, кешіру, мерзімін ұзарту және қарыз валютасын ауыстыру сияқты келісімдік сипаттағы сұрақтар бойынша банктердің қызметіне тікелей араласа алмайды. Егер банктің тарапынан заң талаптары бұзылмаған болса, қарыз алушы бұл мәселелерді тікелей банктің өзімен шешуі тиіс, себебі, банктер өздерінің несиелік (кредиттік) саясатын дербес белгілейді. Ұлттық Банк қарыз алушының әлеуметтік және қаржылық жағдайын ескере отырып, банкке өзара тиімді шешім қабылдауға ұсыныс бере алады. Көптеген азаматтардың қабылданған қаржылық шешімдері үшін жеке жауапкершілікті және кепіл мүлігін жоғалту тәуекелін толығымен сезінбейтіні қынжылтады.
Қаржылық сауатының жеткіліксіздігінен несиені банк тегін беріп жатқандай қабылдайды. Көбінесе жастар жағы несиені қайтару қабілетіне қарамай көп мөлшерде несие алып қояды немесе пайыздық үстемесіне жіті мән бермейді. Банктік заем шартын жасамас бұрын әркім өзінің қаржылық мүмкіндігін және қарызды қайтару бойынша міндеттемелерді орындамау тәуекелін нақты бағалап, елеп-екшеп алуы қажет, – дейді Ботакөз Дәуренқызы.

Бір мәселеге екі түрлі көзқарас

Қожантай ТАСЖАНОВ,
Орал қаласы:
– Несиені кісі қиналған соң алады. Өйткені бір ғана жалақымен қажетті баспана мен дүние-мүлік сатып алу тұрмақ, күн көрудің өзі қиын. Жалақысы жетіп тұрса, кімнің қарайған пайызбен банктен қарыз алғысы келеді дейсің?!
Менің ойымша, қаржылық білім туралы айтпас бұрын, сол халықтың табысын арттыру жағын ойлауымыз керек. Өйткені «шықпа, жаным, шықпамен» айлығы шайлығына әрең жетіп отырған адамға инвестициялық білім, қаржылық сауаттылық туралы айту әлі ерте, тіпті күлкілі. Қолында артық қаражаты болса, халықтың қосымша табыс көздеріне салуға деген ынта-ықыласы пайда болады. Артық-ауыс ақшасы жоқ болса, бұл мәселені кейінге ысыра береді. Бірінші кезекте күн көрісін күйттейді, келесі айлыққа дейін қиналмай жетуді ойлайды. Қазір Қазақстандағы халықтың 80-90 пайызы осылай өмір сүреді. Өзінің қалтасында жоқ ақшаны ары қарай басқаруға, көбейтуге байланысты білімді халықтың әзірге керек қылмай отырғаны да сондықтан, – дейді Орал қаласының тұрғыны.

Жұмабек ҚАРТЖАНҰЛЫ,
Ақжайық ауданы:
– Қазір қазақ қоғамында ысырапшылық белең алып тұр. Әсіресе, ысырапшыл тұтынушылық басым. «Қонақ келсе – құт» деп, мейманға аста та төк дастарқан жаю, «ұят боладыны» желеу қылып, несиеге белшеден батып той жасау, «ұл-қызым жұрттан кем болмасын» дегенді алға тартып, қарызданса да бағалы тон мен қымбат телефон сатып алып беру – нағыз даңғойлық. Данышпан Абай айтпақшы, «тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Қасиетті Құран Кәрімде де: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды қадірлемейді», – делінген. Міне, сондықтан қаржылық сауаттылықты, соның ішінде үнемшілдікті, қаржыны жоспарлауды үйрену мәселесі қазақ үшін ең басты мәселенің бірі деп санаймын.

Тақырыпқа тұздық…

Әйгілі америкалық инвестор, әлемдегі ең бай үш адамның бірі Уоррен Баффетт үнемшілдікті жақсы көреді. «Көріпкел» деген лақап атпен танымал миллиардер өзінің қарапайымдылығымен және үнемшілдігімен ерекшеленеді. Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары 31,5 мың долларға сатып алған қос қабатты үйде тұрады. 700 долларлық ескі «Хондамен» жүреді. Мейрамханаларда тамақтанып, желінбей қалған тамағын үйге алып кетуге әдеттенген. Күнделікті тұтынатын заттарды да арзан дүкендерден сатып алады. Оның байлығы 84 млрд. долларды құрайды.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Related posts

Türk Konseyi Turizmden Sorumlu Bakanlar Toplantısı

ttjk

АҚПАРАТ МИНИСТРІ АРАША ТҮСТІ

Назия Жоямергенқызы

АЛАНЬЯЛЫҚ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КӘСІБИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

ttjk