ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ: ӘЙЕЛ ДЕКРЕТКЕ ШЫҒАРДА НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?

Бүгінгі таңда Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асып, бала туу күн сайын артып отырғаны қуантады. Әлемді әбігерге салған пандемия бір ғана оң көрсеткішке ие болып отыр. Атап айтқанда, былтыр елімізде пандемия жарияланған жылы 425,6  мың бала туылса, биыл бірінші тоқсанда 100,5 мың бала дүниеге келген. Осы орайда, әрбір әйел үшін ең маңызды сұрақ: жүкті және босанған әйелге төленетін төлем, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы, қажетті құжаттар тізімі, зейнетақы қорындағы жинағына байланысты қандай да бір мәселелер туындаса не істеу керек деген мәселелерді тарқатып жазуды жөн көрдік.

 

Төлем және жәрдемақы түрлері

Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы жыл сайын өзгеріп отырады. Декреттік демалысқа шыққан әйелге берілетін үш түрлі төлем бар: босанғанға дейін, босанған соң және бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы. Енді осы үшеуін тарқатайық.

Босанғанға дейін төленетін төлемді жұмыс істейтін, жеке кәсіппен айналысатын, салық төлейтін әйелдер алады. Яғни зейнетақы қоры толықтырылып отырған әйелдер деуге болады. Бұл төлемді алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына науқастық қағаз (қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығын куәландыратын құжат), жеке куәлік көшірмесі және банк есепшотын өткізсеңіз болды. Ал босанғаннан кейін берілетін бір реттік жәрдемақыны барлық әйел алады. Оның биылғы мөлшері алғашқы үш балаға дейін — 110 846 теңге, төртіншіден әрі қарай болса 183 771 теңге төленеді. Ал бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы тағы да әйелдің жұмыс істеу-істемеуіне байланысты әртүрлі болады. Мәселен, үй шаруасындағы әйелдерге бірінші балаға — 16 802 теңге, екінші балаға — 19 865 теңге, үшінші балаға — 22 898 теңге, төртіншіден асса 25 961 теңге беріледі. Ал жұмыс істеп, декреттік демалысқа шыққан әйелдің төлемі соңғы екі жылдағы табысына қарай болады. Әлеуметтік аударым жасалуы да міндетті. Мысалы, соңғы 2 жылдағы табыс 24-ке бөлінеді. Оның нәтижесін 0,4-ке көбейтіп, одан 10 пайыздық зейнетақы жарнасын шегереміз. Есептеп көрейік: мысалы, сіздің айлығыңыз 200 мың теңге, екінші жылы 250 мың теңге болды делік. Сонда 12*200 000 + 12*250 000=2 400 000 + 3 000 000=5 400 000 теңге. Енді жалпы соманы 24 айға бөлеміз: 5 400 000/24=225 000 теңге, бұл табыстың орташа айлық мөлшері. Оның нәтижесін 0,4 коэффициентке көбейтіп, 10 пайызын алып тастайсыз. Осылайша балаңыз бір жасқа толғанға дейін қанша жәрдемақы алатыныңызды есептей аласыз. Бұл жәрдемақыны алу үшін де өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, баланың туу туралы куәлігі және банк есепшоты өткізіледі. Көп жағдайда телефон нөміріңізге смс-хабарлама арқылы да қабылдануы мүмкін.

Жалпы декреттік демалыстың үш түрі болады. Оның біріншісі — 126 күнге созылатын (босанғанша 70 және одан кейін 56 күн) жүктілікке және босануға дейінгі демалыс. Ал қиын босанған жағдайда, егіз не үшемді өмірге әкелсе, 56 күн емес, 70 күнге ұзартылады. Үшіншісі — бала үшке толғанша оның күтіміне байланысты берілетін, жұмыс орны сақталғанымен, айлығы сақталмайтын демалыс.

 

Декреттік төлем қалай есептеледі?

Декреттік демалысқа шыққан әрбір әйел үшін осы жағдай әрқашан қызықтырады. Өйткені жылдар бойғы еңбегі мен сәбиінің несібесі қалай болар екен деп үміттеніп күтетіні де жасырын емес. Алдымен, жұмысқа жарамсыздығын білдіретін парақты кадр бөліміне апарып, оның бір данасын ХҚКО-ға тапсырылады. Бұл төлем еңбекақымен тікелей байланысты екенін естеріңізге саламыз. Яғни Жұмысқа жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, коэффициент 126/30=4,2 болады. Мәселен, сіздің міндетті зейнетақы жарнасын шегергенде жылдық табысыңыз 2 160 000 теңге делік. Осы соманы 12 айға бөліп, бір айдағы орташа табысыңызды есептейміз. 2 160 000 теңге/ 12 = 180 000 теңге. Оны 4,2 коэффициентке көбейткенде, сіздің босанған дейінгі алатын төлеміңіз 756 000 теңге болады. Бұдан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталатынын да есіңізге саламыз.

Ал ай сайынғы табысы 500 мың теңгеге жететін әйелдердің әлеуметтік төлем мөлшерін анықтау үшін ай сайынғы табыс 297 500 теңге деңгейінде ескеріледі. Зейнетақы қорына 12 ай бойы әлеуметтік аударылым жасалып тұрған болса, 297 500 теңге * 4,2 = 1 249 500 теңге. Әлеуметтік төлемнен 124 950 теңге сомасынан 10% МЗЖ ұсталып, БЖЗҚ-ға аударылады.

Еркектер де декретке шыға алады

ҚР Еңбек Кодексінің 100 бап, 1 тармағында көрсетілгендей, Бала күтіміне демалысты анасының да, әкесінің де алуға құқы бар. Баланы үйде кімнің қарайтынын және бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтіндерін экономикалық тұрғыда тиімді тұстарын ескере келе отбасы мүшелері өздері шешеді. Бала күтімі үшін демалыс алатын әкелер саны жыл санап артып келеді. Статистиканың сандарын сөйлетсек, соңғы 12 жылда 97,5 мыңға жуық қазақстандық азамат декреттік демалысты рәсімдеген екен. Соның бірі – экономист Мақсұт Нұрланұлы.

«Жалпы біздің елде әйелді жұмыс істейтін және істемейтін деп бөліп жатады. Ал елдің экономикасына миллиондап үлес қосып, салық төлеп отырған күйеулері есепке алынбайды. Өзім экономист болғандықтан бұл мәселені жақсы түсінемін. Келіншегімнің айлық табысы аз болды. Екеуіміз ақылдаса келе, декреттік демалысқа мен шығамын деп шештік. Себебі менің табысым әлдеқайда көп. Сәйкесінше, балаға берілетін жәрдемақы да жақсы болады. Біз неге орайы келіп тұрса, баланың несібесінен қашуымыз керек? Қолдан келсе, неге істемеске? Осылайша құжаттарды менің атыма рәсімдеп, бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Заң бойынша, төрт айдан кейін қайта жұмысқа шығуға қақым бар. Балам алты айлық болғанда өз жұмысыма қайта оралдым. Және мен баламның несібесі үшін декреттік демалысқа шыққаныма ұялмаймын.  Мұндайды намыс көріп жүрген азаматтар жүйені әлі түсінбеген деп білемін», — деді Мақсұт Нұрланұлы.

Айта кетейік, өзге елдерде еркек адамның бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы қалыпты жағдай болып саналады. Бұл заң Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия және Франция сияқты ірі мемлекеттер үшін таңсық емес. Мысалы, Швецияда баланың әкесі кем дегенде бір ай декреттік демалыс алуға тиісті. Ал, фин әкелердің 65%-ы бала күтімімен үйде отыратын көрінеді. Испанияда әке атанған ерлер үшін апта сайынғы жүз пайыздық төлеммен он аптаға дейін қосымша демалыс беріледі.

«Қайтару» не үшін болады?

Декреттік демалысқа құжат тапсырып, шығып кетсең жақсы. Кейде Зейнетақы қорындағы әлеуметтік төлемдерге байланысты «қайтаруды» талап етіп, құжатыңыз кері қайтуы мүмкін. Ол не үшін болады? Сіздің ХҚКО-на өткізген құжатыңыз «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне түседі де, ондағы мамандар сіздің зейнетақы қорындағы есепшотыңызды тексереді. Бұл жоғарыда атаған үш төлемді төлеу үшін де қажетті процесс. Егер сіздің жұмыс орныңыз әлеуметтік төлемді қателесіп, бірнеше рет төлеген болса, Қорға қате аударылса, реквизит дұрыс көрсетілмесе және т.б. себептермен мемлекет сіздің жұмыс орныңызға «қарыз» болып тұрады.  Сол артық төленген әлеуметтік төлемді сіз істейтін компанияға қайтару үшін өтініш жазуыңызды сұрайды. Ол үшін аталған мекеме көрсеткен айлардың артық төленген әлеуметтік төлемдердің түбіртегін ала отырып, қанша сома екенін компания есепшісі есептейді. Содан кейін барып, жалақыны қай банк арқылы төлесе, сол банкке барып құжаттың «референс» нөмірлерін аласыз. «Референс» нөмір деген төлем басталған кезде банк тағайындайтын банктік операцияның бірегей идентификаторы.

Банк бұл нөмірлерді қолыңызға бере салмайды. Бухгалтеріңіз баруы тиіс немесе компания сіздің алуыңызға рұқсат берген жолдамасы өзіңізде болуы тиіс. Оны алған соң, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 11 маусымдағы No 224 бұйрығы бойынша «қайтаруға» өтініш жазып, 20 күн күтесіз. Егер бәрі дұрыс болса, «қайтарылған қаражат» сіздің жұмыс орныңыздың есепшотына аударылады да, сіз бастапқы құжаттарды ХҚКО-на қайта тапсырасыз.

«Қайтару» өте жүйкені тоздыратын жұмыс. Ол үшін декретке шығып жатқан әйелдің бухгалтері сауатты болса, жылдам бітіруге болатын шаруа. Алайда қазіргі нарық заманында көптеген бухгалтерлердің заңды-заңсыз 3-4 жерде жұмыс істейтіндіктен, декретке кететін әйелдің мұндай проблемасына бас қатырғысы келмейді. Ол үшін «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ табалдырығын тоздырып, банкке жүгіргісі келмейді, нақты ондайға уақыттары жоқ. Сосын «қайтару» алған әйелдің жылап жүргені біздің әр есікті қағып. Биыл сондай бір келіншекті көрдім. Біздің мекеменің табалдырығын алты ай бойы тоздырды. Алғашқыда бір-ақ рет келген бухгалтерін қайта көрмедік. Апта сайын, ай сайын өзі келіп, құжаттарын қайта-қайта жасаумен болды. Оның мәселесі, екі нәрседе болды. Біріншіден, ол бір емес, бірнеше жерден декретке шығып жатты. Алайда Зейнетақы қорына 4-5 жерден аударым жасалған. Сәйкесінше шекті суммадан тым артық болды. Екіншіден, бір жұмыс орны 3 жылда 6 төлемді артығымен төлепті. Соның бәрін  компанияға қайтару керек болды. Ақырында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне хат жазып, өтінішін бірнеше рет толтырып жүріп, декретке әзер шықты. Баласын босанғанша жүгіріп, босанғаннан кейін де қырқынан шықпаған баланы көтеріп келуге мәжбүр болып жүрді. Осыны көрген біздің жетекшіміз әлгі келіншекке көмектесуімізді сұрады. Бухгалтері істеу керек нәрсенің бәрін істеп, «қайтару» керек ақшаларын есептеп, референс нөмірлеріне дейін реттеуге өзіміз көмектестік. Негізінде бұл біздің міндетіміз емес еді, тек адамгершілікке салдық», — дейді Алматы қаласы Алмалы аудандық КЕАҚ «Қайтару» бөлімінің қызметкері Анар Жұмағұл.

Салықтың әлегі

Жоғарыда пандемияның әсері бала тууды арттырды десек, декретке шығатын біраз әйелді әбігерге салды. Нақты айтқанда, декреттік демалысқа шыққан БАҚ қызметкерлері біраз зиянын да көрді. Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алты ай көлемінде кей ЖШС, ШОБ-тардың қызметкерлерінен еш салық ұстамай, қиын кезде айлығын толық алуына мүмкіндік берді. Салықтан босатылғандар тізімінде кейбір журналистер де бар. Мәселенің бәрі, БАҚ қызметкерлері декреттік демалысқа шығарда орын алды. Жүктілікке және босануға байланысты төлемді алуға құжат өткізгенде әлгі салық төлемеген кездердің есепке алынбайтынын білген біраз әйел жоғарыда аталған министрлікке қанша шағымданғанымен, мәселені шеше алмады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының айтуынша, Министрліктің № 109 бұйрығының № 224 қаулысы бойынша әлгі № 15 қосымша арқылы толық төлем алуға болатын салалардың ішіне БАҚ кірмеген. Ал басқа кәсіп иелері салықтан босатылса да, төлемді толық алуға мүмкіндік алған.

«Қанша жылдан бері жеке клиникада қызмет етіп келемін. Былтыр карантин басталған кезде салықтан босатылып, жалақымызды толық алып отырдық. Тек декретке шығатын кезде жұмыс орнымнан табыс туралы анықтама, 15-қосымшаны өткізіп, «0 коэффициентпен» төленбеген кездер үшін есептеп береді. Бірақ ХҚКО-да «осы қосымшаны қабылдамай жатыр» деп режіп жүрген бірнеше келіншекті көзім шалған, неге екенін түсінбедім», — дейді Ақсұңқар Бекжігіт.

Сондықтан, бұл мәселеде қандай жағдай болмасын, салықты тоқтатпаған дұрыс екеніне биыл талайдың көзі жетіп отыр.

P.S. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, егер декретке шыққан әйел бала бір жасқа толмай, жұмысқа кіріссе, онда ол мемлекеттік бюджеттен бала күтіміне байланысты жәрдемақының кепілдік берілген мөлшерін ала береді. Тек мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем тоқтатылады. Мұндай норма азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасында көзделген.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ»-2018 ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ttjk

Ел экономикасы дамуы үшін жаппай қаржылық сауат керек

Криптонарықтан ақша табу: Қалай сатып аламын, қолма қол ақшаға қалай айналдырамын

ttjk