ДЕПОЗИТ НАРЫҒЫ: «ҚАРЖЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ?»

0
22 қаралды

Ақшаны қалай жинауға болады?

Елімізде депозит ашып, қаржы жинайтындарға қарағанда, кредиттің қамытын киіп, кредитті кредитпен жауып жүргендер жетіп артылады. Мұның себебі де сан түрлі. Соның бірі – қаржылық сауаттылығымыздың төмендігі. Осы тұста депозит ашуға бағыттау мақсатымен тақырыпқа тереңірек үңілуді құп көрдік. Депозиттің қай түрі тиімді? Депозитті қай банктен ашқан қолайлы? Егер банк банкрот болса, депозиттегі ақша қайтарыла ма? Сұрақтар көп. Енді осы сұрақтарға жауап іздемес бұрын, ең алдымен сол депозит арқылы ақшаны қалай жинайтындығын тілге тиек етсек…

Бұл тұрғыда заңгер Гүлмира Қарасай былай дейді: «Бізге ақша он екі мүшемізбен еңбек етудің нәтижесінде келеді. Біздің әрбіріміз өзіміздің еңбектеніп тапқан ақшамызды мысалы, такси жалдасақ, такси жүргізушісіне, дүкенге кіріп, нан алсақ дүкеншіге төлейміз. Тегін дүние жоқ. Судың да сұрауы бар. Бірақ, ойланып қарасақ, ақшаны жұмсауға, айналамыздағылардың барлығына төлеуге бейім екенбіз де, өзімізге төлеуге келгенде шорқақтық танытады екенбіз. Ал қаржылық сауаттылықтың ең бірінші заңы, ақшаны ең алдымен өзіңе төлеу, яғни жинау. Мұны орындай алмасақ, қаржылық сауаттылығымыз өкінішке қарай, өте төмен деңгейде деген сөз. Әрқайсымыз осы қағиданы ұстануға тиіспіз. Егер сіз өзіңізге арнап депозит ашпасаңыз, құдай басқа салмасын, ойламаған жерден уақытша еңбекке жарамсыздық туындаса немесе декреттік демалысқа шығуға тура келіп, табыссыз қалсаңыз жеке қажеттіліктеріңізге жұмсайтын ақшанының өзін табу қиынға соғуы әбден мүмкін. Мейлі ер, мейлі әйел адам болыңыз, жас мөлшеріңізге де, жалақыңыздың көлеміне де қарамастан, өзіңізге өзіңіз ақы төлеуді қолға алыңыз. Айлық табысыңыздың кем дегенде 10 пайызын депозитке салуды әдетке айналдырыңыз».

Иә, «Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеден сый дәметпе» демекші, өзін-өзі құрметтейтін әрбір адам «Өзім үшін» деп қаржы жинауы тиіс екен.

Күнделікті өмірде көріп біліп жүргеніміздей, егер де қаржылық сауатымыз болмаса, біз ақшаны емес, ақша бізді басқарып кететіні сөзсіз. Кейбіріміз мүлде ақша жинай алмай жатсақ, енді біріміз депозитке ақша жинауды бастап, оны аяғына жеткізбей қайта тастап кетіп жатамыз. Бұл алға қойған нақты мақсатымыздың жоқтығынан.

– «Біз алдымызға айқын мақсат қоя білсек, онда ісіміз де өз нәтижесін көрсетері анық. Мәселен, құны 300 мың теңге тұратын фотоаппаратты ұнатып, оны сатып алғымыз келсе, онда кем дегенде «6 ай бойы 50 мың теңгеден жинаймын» деп жоспар құрамыз. Ал егер ай сайын жалақымыздан 50 мың теңге депозитке салып отыруға мүмкіндік аз болса, онда біз басқа да қосымша табыс көздерін қарастырып, міндетті түрде осы мақсатқа жетуге талпынуымыз керек. Алдымызға қойған нақты мақсат бойынша жүріп отырған кезде ғана біз өзіміздің көздеген дүниемізге қол жеткіземіз. Біздің сатып алатын затымыз міндетті түрде бізге табыс әкелуі тиіс. «Біз фотоаппарат алуға бара жатырмыз» деп миға белгі беру арқылы, ойға алған жоспарымызды орындаймыз. Ол үшін міндетті түрде оның атауын, түрін, түсін нақтылап, бағасын біліп, сатып алатын уақытқа дейінгі кезеңді белгілеп, арнайы кесте түзіп, барлығын қағазға түсіріп, қаржылық мақсатымызды көрсетуіміз керек. Осылайша А нүктесінен Б нүктесіне алып баратын жол картасы қолымызда дайын тұрғанда ғана межелі жерге дер кезінде жетеміз», – дейді білікті заңгер Гүлмира Қарасай.

Бұл бір қарағанда қарапайым қағида секілді көрінгенімен, көпшілігіміз осыны ұстанбаудың салдарынан кредитке немесе бөліп төлеуге «ұрынып», өз басымызға қарыз жамап жататынымыз жасырын емес. Сондықтан да әрбіріміз кредитті мақсатқа жетудің төте жолы ретінде қабылдамай, керісінше, алдымызға қаржылық мақсат қойып, қажетті қаржымызды жинауға ұмтылсақ, әрекетімізде берекет те болатыны сөзсіз.

Қаржыны қандай банкте сақтаған қолайлы?

Депозитті кез-келген банктен аша салу дұрыс емес. Бұл мәселеге келгенде ең бірінші нені ескеру керек? «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Төрағасы Әділ Өтембаевтың айтуынша, бірінші кезекте банктің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатын-қатыспайтындығын осы Қордың сайты арқылы біліп алған жөн. Бұдан басқа, банкті таңдау барысында бір емес, бірнеше банктің халыққа көрсететін қызметтерінің, оның ішінде қашықтан көрсететін онлайн сервистерінің сапасын, бағасы мен қолжетімділігін салыстырып, зерделеу қажет. Бұл үшін банктің сайтын қарап шығу, байланыс орталығына хабарласу, тіпті бөлімшесіне келіп, клиенттердің пікірін білу, банк менеджерінен ақыл-кеңес алу артық етпейді. Сонымен қатар банктің қаржылық жағдайын әртүрлі сенімді ақпарат көздерінен, білікті мамандар мен белгілі халықаралық рейтингтік агенттіктердің материалдарынан оқып білу қажет.

«Жеке тұлғалардың қаражаты банк үшін ақшалай қор жинаудың ең маңызды көздерінің бірі. Дегенмен, банкте жеке тұлғаларға тиесілі қаражат үлесінің жоғары болуы салымшылардың қаражатына деген тәуелділіктің жоғары екендігін, ал азаюы – керісінше олардың банктен алынып жатқандығын білдіреді. Егер банктің салымдар бойынша пайыздық сыйақылары тым жоғары екендігі байқалса – бұл банктің қаражаттан тапшылық көріп, халықтан жоғары пайызбен ақша жинап жатқандығын көрсетуі мүмкін. Пайыздық мөлшерлемелер орташа деңгейден жоғары болмауы тиіс. Егер жоғары екеніне көз жеткізсеңіз, онда бұл ойланатын жәйт.

Елімізде барлық банк операцияларын жүргізуге лицензия алған банктердің барлығы депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуға міндетті. Екі Ислам банкі – «Al Hilal» мен «Заман-Банкті» қоспағанда бұл жүйеге қазіргі уақытта 20 банк кіреді», – дейді Әділ Нұрланұлы.

Депозит ашу үшін банкті таңдағанда көпшілігіміз ескере бермейтін тағы бірқатар мәселелер бар. Өкінішке қарай, кейбіріміз банкке арнайы барып, көрсететін қызметтерімен таныспай, қаржылық тұрақтылығына көз жеткізбей, «Пәленше ақшасын осы банкте сақтапты, осы банк қолайлы екен» деген әңгімелерге еріп, ойланбай шешім қабылдап жатамыз. Бүгінгідей ақпараттың ашық заманында әрбір сауатты адам, барлық деректерді зерттеп, зерделеп барып, бір тоқтамға келуі қажет.

Қаржыгерлердің кеңесі бойынша банкті таңдаған кезде ҚР Ұлттық банкінің www.nationalbank.kz ресми сайтына кіріп, Статистика/Қаржы секторының көрсеткіштері/Банк секторы бөлімі арқылы банктердің қаржылық есептілігіне баға беріп, бір-бірімен салыстырып қарау маңызды. Сондай-ақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.finreg.kz ресми сайтына кіріп, маңызды мәліметтерді алуға мүмкіндік бар. Аталмыш сайттың банк секторына кіріп, тізімде көрсетілген банктердің үстін басу арқылы ол банктер туралы толық мағлұмат ала аламыз. Банктердің басшылығы, лицензиясы, ірі қатысушысы туралы барлық деректер көрсетілген. Сондай-ақ, осы сайт арқылы банктерге халыққа дұрыс қызмет көрсетпегені үшін салынған айыппұлдарды да көре аламыз. Бұл өз кезегінде банктердің халыққа қызмет көрсету сапасының қандай деңгейде екенін аңғартады.

Банк таңдау кезінде сіз таңдаған банктің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатындығы өте маңызды екенін жоғарыда атап өттік. Өйткені егер банк қаржылық ахуалы нашарлап, төлемге қабілетсіз болып, лицензиясынан айырылған күннің өзінде аталмыш жүйенің басты операторы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қаражатыңызды кепілдік берілген шекті көлемде қайтарып береді. Яғни, кепілдік сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей байланысты. Дәлірек айтсақ, бұл шекті сома: шетел валютасындағы барлық депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеден; теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы банк шоттарындағы ақшалар бойынша – 10 миллион теңгеден; теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды. Егер сіз ірі көлемдегі қаржыңызды сақтайтын болсаңыз, онда әртүрлі банкке бөліп сақтағаныңыз жөн. Неге десеңіз, кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады. Әрбір банк бойынша қолға берілетін жиынтық кепілдік сомасы 15 миллион теңгеге дейін. Бұл ретте әрине, әрбір депозит түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомасы ескеріледі. Міне, осы жағын басты назарда ұстауымыз керек.

Депозит ашып, қаржы жинаудағы мақсат – өз табысыңызды еселеу екені айқын. Сондықтан бұл тұрғыда банктің салымшылардың табыстылығын қаншалықты арттыра алатындығына мән беру керек. Бұл тұрғыда ел арасында кең танымал екі банктің пайыздық мөлшерлемелерін талдаған қаржыгер пікірін назарларыңызға ұсынуды құп көрдік.

Қаржыгер Әйгерім Қариева: «Мәселен, «Kaspi Bank»-те пайыздық мөлшерлеме 10%, «Отбасы банкінде» 2% болсын делік. Егер біз 500 мың теңгеден екі банкке салсаңыз, онда «Каспий» банкінен бір жылда 50 мың, ал «Отбасы банкінен» 10 мың теңге көлемінде пайыз ретінде сізге сыйақы түседі. Алайда «Отбасы банкінде» жыл сайынғы жиналған 583 400 теңге үшін 116 680 теңге мемлекет тарапынан сыйлықақы қосып береді. Ал «Каспий» банкінде мемлекеттік сыйлықақы есептелмейді. Нәтижесінде 1 жылда «Отбасы банкіндегі» табыс 126 680 теңге, ал «Каспий» банкінде 50 мың теңгені құрайды. «Отбасы» банктің айрықша артықшылығы – мемлекеттік сыйлықақысында. Алайда бұл сыйлықақы жылына бір ақ рет 583 400 теңге жинаған салымшыларға беріледі. Бұл қаржыны шешіп алу үшін депозитіңізге 3 жыл толуы қажет. Егер де сіз қаржыны ұзақ мерзімге белгілі бір мақсатқа жинасаңыз, онда сіз үшін «Отбасы банкі» тиімдірек. Бұл тұрғыда ескеретін бір нәрсе егер сақтайтын қаржыңыз көлемді болса, онда отбасы мүшелерінің бірқатарының атынан депозит ашып, жылдық салым көлемін 583 400-ге жеткізген жөн. Сол кезде мемлекет тарапынан берілетін сыйлықақыға қол жеткізуге мүмкіндік мол», – дейді ол.

Жоғарыда біз банктерді таңдау барысында назар аударатын дүниелерді атап көрсетуге тырыстық. Кейбір банктердің пайыздық мөлшерлемесіне де маман көмегімен талдау жүргізіп көрдік. Дегенмен, банкті таңдау – өз еркіңізде.

Депозиттің қай түрі тиімді?

«Депозиттің қай түрі тиімді?» деген сауал көпті мазалайтыны сөзсіз. Депозиттің әр банкте әртүрлі түрі бар екені белгілі. Біз ел арасында кең танылған «Жинақ» және «Мерзімсіз» деп аталатын екі депозит түріне тоқталып өтсек. «Жинақ» депозитінің «Мерзімсіз» депозитке қарағанда сыйақы пайызының мөлшерлемесі әлдеқайда жоғары. Бірақ соған сай талабы да жоғары. Яғни, жинақ депозитке ақша салсаңыз, ұзақ мерзімге саласыз бір жылға немесе одан да ұзақ мерзімге. Бұл ақшаның үстіне ақша қоса да алмайсыз, мерзімінен бұрын ала да алмайсыз. Бір жылға ашып, 6 айдан соң шешіп алсаңыз, 6 айдың ішінде қосылатын сыйақыны жоғалтуыңызға тура келеді. Мәселен, сіз банк салымы шартына қол қойып, бір жылға 500 мың теңге салып, оны алты айдан кейін шешіп алсаңыз, онда банк салымы шартын бұзып, мерзімінен бұрын шығарып алғаныңыз үшін депозитке есептелген сыйақыдан айырыласыз. Ол сізге тек талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерлемемен (0,1%) ғана төленуі мүмкін.

Ал мерзімсіз депозит бойынша сіз кез-келген уақытта қаржыңызды толықтырып, кез-келген уақытта шығарып ала аласыз. Бірақ жинақ депозитке қарағанда сыйақы мөлшерлемесі төмен. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі үнемі өзгеріп отыратындығын назарда ұстауымыз керек.

Дегенмен салымшы ретінде ұтылмас үшін бұл тұрғыда мамандар кеңесіне жүгіну артық етпейді. Біз атап көрсеткен екі депозит түрі бойынша қаржы жинау кезінде қандай тиімді әдістерді қолданған дұрыс екендігін заңгер Гүлмира Қарасайдан білдік.

«Егер салымшы «Жинақ» депозиті бойынша 500 мың теңге ақша жинады делік. Ойламаған жерден 400 мың теңге ақша қажет бола қалған жағдайда, бөліп жармай, 500 мыңды тұтастай шешіп алуына тура келеді. Қолға тиген қаржы міндетті түрде жұмсалатыны анық. Бұл мәселені тиімді шешу үшін депозиттің екі түрін ашу керек. Мәселен, сіз табысыңыздың 10%-ын жинап отырсаңыз, оны екіге бөліп жинаған тиімді. 5%-ын «Жинақ» депозитіне, 5%-ын «Мерзімсіз» депозитке. Сол кезде «Жинақ» депозиттегі ақшаңызға тиіспей жинауды жалғастыра бересіз. Ал шұғыл қаржы қажет бола қалған жағдайда, «Мерзімсіз» депозиттегі ақшаңыздан жұмсай бересіз. Демек сіз тиімді тәсілді қолдану арқылы ешқандай да ұтылмайсыз. Мәселен, 24 айға «Жинақ» депозитіне қаржы салып, оны 12 айдан кейін алуға шешім қабылдасаңыз, онда 500 мың теңге салсаңыз сол 500 мыңды ғана аласыз. Бір қарағанда ештеңе ұтылмаған сияқты көрінесіз. Бірақ өз қаржыңызды 8 пайызға инфляцияға ұшыратасыз. Сондықтан дәл осындай жағдайда жоғарыда мен атап өткен екі депозитке бөліп салу әдісінің тиімділігі жоғары», – дейді заңгер маман.

Ал, блогер Дариға Рүстембек, бір емес бірнеше банкте қаржысын сақтаған салымшы ретінде тиімділердің бірі – «Халық» банкіндегі «Оңтайлы», «Барынша жоғары» атты депозит түрлері екенін айтады. Өйткені бұған дейін «Каспий» банкіндегі депозиттің «Қарапайым» деп аталатын түріне қаржысын жинаған ол, қаржыны кез-келген уақытта алуға да салуға мүмкіндік берілгендіктен, жиналып келе жатқан қаржысының жұмсалып кете беретіндігін айтады. Депозит ашқандағы мақсат – қаржы жинау болғандықтан, ең дұрысы тек қана толықтырып тұратын, әрі кез келген уақытта алуға мүмкіндіктің берілмегені дұрыс дейді. Сол кезде, салымшылар қосымша қажеттілікке керекті қаржы үшін қосымша табыс көзін іздейді және сол бағытта жұмыс та істейді. Әрі салымшылар банк салымы шартында көрсетілген мерзімде өз ақшасын шешіп алу арқылы өз ақшасының табыстылығының артуына жол ашады.

Таяуда ғана үй алу үшін «Отбасы банкінен» депозиттің «Баспана» атты түрі бойынша қаржы жинауды бастаған ол, үй алуды көздейтіндердің әрбірі қаржы жинауда осы банк қызметін тұтынғанын дұрыс санайды.

Иә, әрқайсымызға депозиттің әр түрі тиімді. Бірімізге тиімді көрінген түрі, бірімізге қолайлы болмауы мүмкін. Өйткені, әрбіріміздің қаржылық жағдайымыз да, мақсатымыз да әртүрлі. Сондықтан да депозит түрін таңдаған кезде де, кәсіби білікті мамандар кеңесіне жүгініп, «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» жолды таңдау мейілінше абзалырақ.

Гүлмира САДЫҚОВА,

qazaquni.kz

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.