Алаяқтардан 3 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді

Шымкент қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтарды қазақстандық SIM-карталармен қамтамасыз етіп келген арнаның жолын кесті.

Жүргізілген мұқият талдау және жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарды қазақстандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлерімен қамтамасыз еткен тұлғалар анықталды. Бұл нөмірлер азаматтарға, оның ішінде шетелде жасалатын алаяқтық қоңырауларға пайдаланылған.

Бірінші SIM-карталарды жаппай тіркеп, үшінші тұлғаларға WhatsApp мессенджеріндегі растау кодтарын беріп отырған ер адам ұсталды. Осылайша алаяқтар қазақстандық нөмірлерге тіркелген аккаунттарды өз бақылауына алып, қылмыстық схемаларда қолданған.

Жедел іс-шаралар барысында киберполиция қызметкерлері екінші қатысушыны анықтады. Ол –телефондарға арналған аксессуарлар дүкенінің сатушысы. Клиенттердің жеке деректерін пайдаланып, олардың атына қосымша абоненттік нөмірлер рәсімдеп, өткізіп отырған.

Аталған арна арқылы 3 мыңнан астам абоненттік нөмір пайдалануға қосылып, интернет-алаяқтық әрекеттерде қолданылғаны белгілі болды.

Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция ескертеді: мұндай заңсыз схемаларға қатысу, жәбірленушілермен тікелей байланыс болмаса да, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мессенджерлердегі растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіздер және үшінші тұлғаларға өз атыңызға SIM-карта рәсімдеуге келіспеңіздер – бұл қылмыстық схема болуы мүмкін.

Related posts

Қазақстанның 500 ірі компаниясы ел экономикасының жартысын қалыптастырып отыр

Назия Жоямергенқызы

Мемлекет басшысы NVIDIA және Firebird AI компанияларының өкілдерін қабылдады

Шымкентте жаңа оқушылар сарайы ашылды

editor