Адамдардың сенімі — айрықша марапат

Косметология — тұлғаның сыртқы келбетін жақсарту және дене сұлулығын сақтау мақсатында түрлі медициналық және эстетикалық процедуралар жүргізетін сала. Оның қызметіне тері ауруларын емдеуден бастап жасартушы және қалпына келтіретін әдістер кіреді. Бүгінде косметологияның маңызы зор. Себебі ол тек сыртқы көріністі жақсартумен шектелмейді. Шымкент қаласының косметолог маманы Шерім Арайлым «адамның өзін-өзі бағалауын арттырып, психоэмоционалдық жағдайына да әсер етеді» деп санайды.

— Косметология саласына қалай келдіңіз?

— Мен косметология саласында жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Бастапқыда бұл мамандыққа қызығушылығым болды. Сондықтан арнайы оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтай бастадым. Косметология тек тері күтімі ғана емес, адамның сыртқы көрінісін жақсартумен қатар, психологиялық тұрғыдан да өзін-өзі жақсы сезінуіне көмектесетін сала екенін түсіндім.

— Қандай процедуралар сіздің тәжірибеңізде ең сұранысқа ие?

— Біздің клиникада көбінесе бет күтіміне арналған процедуралар өте танымал. Мысалы, химиялық пилингтер, терең тазарту, мезотерапия және PRP терапиясы. Сондай-ақ, бет контурын түзету үшін инъекциялық процедуралар да көп жасалады. Әсіресе, соңғы уақытта жасару және дене контурын түзетуге арналған процедуралар сұранысқа ие.

— Үйде тері күтімін жасау үшін қандай кеңестер берер едіңіз?

— Үйде тері күтімі өте маңызды. Бірақ оған дұрыс таңдау жасай білу керек. Әр адам өз терісінің түріне (құрғақ, майлы, аралас) сәйкес күтім жасауды үйрене білгені абзал. Үйде міндетті түрде тазалау, ылғалдандыру және күннен қорғануға көңіл бөлген дұрыс.  Сонымен қатар, ешқашан теріні шамадан тыс көп немесе күшті өнімдермен өңдемеу керек. Егер теріде ерекше мәселелер болса, ең дұрысы косметологқа бару қажет.

— Косметологиядағы қандай жаңа әдістер мен технологиялар сізді қызықтырады?

— Қазір косметология саласында инновациялық технологиялар өте көп. Менің ерекше қызығушылығым PRP терапиясында (плазмолифтинг) және теріні қалпына келтіру үшін қолданылатын микронидлинг әдісінде. Бұл әдістердің басты артықшылығы – олар терінің табиғи ресурстарын пайдаланып, оны жасартуға және жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, лазерлік процедуралар да қазіргі уақытта өте танымал. Бұл процедура терінің әртүрлі мәселелерін шешуге тиімді.

— Клиенттерге процедуралар алдында міндетті түрде кеңес алу қаншалықты маңызды?

— Әрине, кеңес алу өте маңызды. Әр адамның терісі әртүрлі және оны әртүрлі әдістермен күту қажет. Косметолог клиенттің терісінің жағдайын анықтап, оған сәйкес процедураны таңдайды. Сонымен қатар, кейбір процедураларға қарсы көрсеткіштер болуы мүмкін. Сондықтан кәсіби кеңес пен тексеру арқылы ең жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

— Алдағы 5-10 жылда косметология саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін деп ойлайсыз?

— Болашақта косметология қызметтерінің барлығы жеке талаптарға негізделетін болады деп ойлаймын. Технологиялар дамып, біз тері күтіміне арналған бағдарламаларды адамның биологиялық ерекшеліктеріне және генетикасына сәйкес ұсынып, жеке шешімдер қабылдай аламыз. Сонымен қатар, жасанды интеллекттің косметологияға енгізілуі мүмкін, ол процедураларды деректер негізінде автоматтандырып, нәтижелерді жақсартуға көмектеседі.

— Косметолог маман үшін ең маңызды нәрсе не деп есептейсіз?

— Мен үшін ең бастысы — клиенттің сенімі. Егер клиент маған сеніп, менің кеңестеріме құлақ асып, процедуралардан кейін өз нәтижесін көрсе, бұл менің жұмысымның ең үлкен марапаты. Мен әрқашан әр клиентке жеке көзқарас танытып, ең тиімді нәтижеге қол жеткізуге тырысамын.

Сұхбатасқан:

Анеля Абайқызы,

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті

Related posts

Откройте для себя вечные спа-центры и лечебные традиции Памуккале

ttjk

Эстетикалық мәдениетке бастаған экоакция

Назия Жоямергенқызы

Ресейліктерге азаматтық алуға көмектесуге уәде еткен

editor