Қазақ қоғамында, әсіресе, әлеуметтік желілерде суретші Аңсаған Мұстафаның аты көпшілікке танымал. Оның әлеуметтік тақырыптарға салған суреттері қалың жұртшылыққа ой салады.
Пәктігінен айрылып, опық жеген бойжеткен, шарананы анасының құрсағында-ақ ажалға байлаған жасанды түсік, қартайған шағында балалары асыраудан бас тартып, қарттар үйінде қайғыдан қан жұтқан қариялар, кәрі әке-шешесінің зейнетақысына алақан жайған жас жігіттер… Айта берсеңіз, Аңсаған көтеретін тақырып көп.
Былтырдан бері Аңса елмен тығыз байланысқа көшкен. Алматы, Астана, Шымкент пен Қарағанды қалаларында көрмесі өтті. Қаржылай демеушілер қатарында жергілікті билік өкілдерімен қатар қарапайым халық та бар. Бұл арманы асқақ Аңсағанның еңбегінің бағаланғаны деп білеміз.
Жуырда суретшінің әлеуметтік тақырыптарға салған туындыларын француздар да қызу талқылауға кірісті. Мәселен, әлеуметтік желілердегі LES Mediavores Аңсаған Мұстафаның бірнеше суретіндегі мәтіндерді француз тіліне аударып, жұртшылыққа ұсынған.
Пікір білдіргендердің басым бөлігі суретшінің жақсылық пен ізгілікке, руани және адами құндылықтарға үндеген үнімен үйлескен. Еңбегің жана берсін, Аңсаған!
«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ