15 қазаннан бастап «Отбасы банк» құрылыс компанияларымен бірлескен жаңа тетік бойынша несие бере бастады. Енді салымшылар бағалау көрсеткішінің қажетті деңгейге жетуін алты ай күтпей-ақ, пәтер рәсімдей алады. Сондай-ақ банк «Наурыз» бағдарламасы аясында баспана тауып үлгермеген қатысушылар үшін тұрғын үй таңдау уақытын ұзартты.
Жаңа тетіктің ерекшелігі қандай?
Қолданыстағы тәртіпке сай, аралық қарыз алу үшін клиент депозитіне несие сомасының 50%-ын жинап, бағалау көрсеткішін кемінде 5-ке жеткізуі керек.
Бағалау көрсеткіші жинақтың шотта сақталу уақытын ескереді. Оның белгіленген деңгейге жетуі үшін қаражат депозитте кемінде алты ай жатуға тиіс.
Жаңадан енгізілген тетік бойынша бағалау көрсеткішіне қатысты талап алынып тасталады. Несие рәсімдеу үшін депозитте қарыз сомасының жартысы жиналса және құрылыс компаниясы пәтердің брондалғанын растаса жеткілікті.
Қандай компаниялардың пәтерлерін алуға болады?
Банк соңғы үш жылдағы тұрғын үй сатып алу деректерін зерттеген. Нәтижесінде салымшылардың көбіне BI Group, SAT NS және QazaqStroy компанияларының тұрғын үй кешендеріне таңдау жасайтыны белгілі болған. Осыған орай банк аталған компаниялармен ынтымақтастықты кеңейткен.
Жобаға алғашқы болып BI Group қатысып, Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынды.
SAT NS және QazaqStroy компанияларымен келісімдер әлі рәсімделу үстінде. Өзге құрылыс компанияларының қосылуы жөнінде банк қосымша ақпарат бермек.
Несие шарттары
Аралық қарыз жылдық 8,5% мөлшерлемемен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9%-дан 9,6%-ға дейінгі аралықты құрайды.
Одан кейін жылдық мөлшерлеме 3,5–5%-ға дейін төмендейді. Бұл жағдайда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3,6–6,9% аралығында болады.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша баспана іздеу мерзімі ұзарды
Көктемде «Наурыз» бағдарламасы арқылы несие алуға мақұлдау алған екі мыңға жуық адам әлі пәтер таңдамаған.
Бұған дейін қатысушыларға тұрғын үй іздеу үшін алты ай берілген. Белгіленген мерзім 2026 жылғы 12 қарашада аяқталуы тиіс еді. Банк бұл уақытты 30 желтоқсанға дейін ұзартты.
Биыл бағдарлама арқылы 10 мыңнан астам қазақстандық отбасы тұрғын үйге қол жеткізді. Олардың қатарында 35 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
