Қызылорда облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген арнайы операция нәтижесінде 13 адам ұсталды.
Алтын Жаманкөл шатқалында өндірілген
Тергеу мәліметтері бойынша, заңсыз өндіріс Шиелі ауданындағы Жаманкөл шатқалында жүргізілген. Топ мүшелері күрделі өнеркәсіптік өңдеуді қажет етпейтін саф алтынды өндіріп келген.
Күдіктілер арасында рөлдер бөлінген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндірісті ұйымдастырса, екіншілері алтынды тасымалдау мен өткізуге жауапты болған, ал үшіншілері қауіпсіздікті қамтасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында периметр бойынша күзетшілер қойылған, ал мотоциклшілер іргелес аумақты патрульдеп, бөтен адамдар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің келгені туралы ескертіп отырған», — деп хабарлады ҚМА.
Алтын Алматыға тасымалданған
Өндірілген алтын кейіннен өткізу үшін Алматыға жеткізіліп отырған. Түскен қаражат топ мүшелері арасында бөлінген.
Тінту барысында Қызылорда облысы бойынша ҚМА қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚКД-мен бірлесіп 500 грамнан астам алтын құрамдас шикізатты, екі арнайы техниканы, 12 металл іздегішті және алты автокөлікті тәркіледі.
Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды.
Қазіргі уақытта 13 адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан топтың қызметіне тосқауыл қойылды. ҚМА мәліметінше, қаскөйлер бағалы металды өндіру үшін өзен арнасын өзгертіп, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтірген.
Tengrinews.kz
