Алматы прокуратурасы атышулы «Қыздар.нет» сайтының ұйымдастырушыларын ұстады. Кеңседегі тінту кезінде құқық қорғаушылар қомақты ақша мен цифрлық активтерді тапты.
Не болды?
Ұстау туралы Алматы прокуратурасы мәлімдеді. Қазақстанның екі азаматына қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі «Интернет желісі арқылы жасалған жеңгетайлық, жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу мәліметтері бойынша, 2011 жылдан бастап аталған сайт жарнама орналастыру және ақылы интимдік қызметтерді ұйымдастыру үшін пайдаланылып келген. 2026 жылғы 7 маусымда ресурстың болжамды ұйымдастырушылары ұсталды, олардың іс-әрекеттері 309-баптың 2-бөлігі бойынша сараланып, сот санкциясымен қамауға алынды».
Ведомство мәліметінше, тінту барысында ұйымдастырушылардан ірі көлемде ақша, цифрлық активтер, компьютерлік техника мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 2 миллиард теңгеден астам заңсыз табыс анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің барысы Алматы прокуратурасының ерекше бақылауында», – деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Неге сайт әкімшілері бұдан бұрын сотталмады?
Бұл жолғы ұстау – ресурс басшылығын жауапқа тартудың екінші талпынысы.
2023 жылдың көктемінде полиция Kyzdar.net сайтының 11 топ-менеджері ұсталғанын хабарлаған болатын. Ол кезде тергеушілер Қылмыстық кодекстің 309-бабы – «Жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.
Алайда істі сотқа дейін жеткізу мүмкін болмады. 2024 жылы іс тоқтатылды. Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz-ке бұған заңнамадағы олқылықтар себеп болғанын түсіндірді.
«Тергеу органдары сол кезде заңнамада «телекоммуникация желілерін, интернетті пайдалану арқылы жасалған жеңгетайлық», «жезөкшелікті насихаттау және жарнамалау арқылы» деген ұғымдардың болмауына байланысты олқылықтарға тап болып, соның салдарынан бұл қылмыстық іс тоқтатылды», — деп хабарлады ІІМ.
Заңда не өзгерді және сайт осы уақытқа дейін неге жұмыс істеп келді?
Осыдан кейін 2024 жылғы қыркүйекте Қылмыстық кодекске түзетулер қабылданды. Енді заң келесі тұлғаларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді:
- секс-притондарды ұйымдастырушылар;
- жеңгетайлар;
- интимдік қызметтерді жарнамалайтын тақырыптық чаттар мен интернет-сайттардың әкімшілері.
Жаңа нормалар онлайн-жеңгетайлық үшін әлдеқайда қатаң жаза қарастырады. 309-баптың 2-бөлігінің санкциясы мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Ресурс бұғаттауды қалай айналып өтті?
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі заңсыз контенті бар веб-ресурстарды үнемі бұғаттайтынын, ал нақты Kyzdar.net-пен күресу үшін ведомство арнайы жұмыс тобын да құрғанын хабарлаған болатын.
Соған қарамастан, сайт ұзақ уақыт бойы ашық болып келді. ІІМ өкілдері иелері хостингті америкалық интернет-провайдерлерден жалға алатынын түсіндірді. Қазнет кезекті адресті бұғаттаған сайын, әкімшілер домен атауын «Kyzdar.net»-тен «Kyzdar2.net» немесе «Kyzdar4.net»-ке лезде өзгертіп отырған.
Tengrinews.kz
