Қазақстанның үздік шахматшысы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жалақының қысқаруы мен уәде етілген қаржылай қолдаудың жоқтығы туралы мәлімдеме жасады.
Шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялап, қаржыландыру мәселесінде қиындықтарға тап болғанын айтты.
Шахматшының айтуынша, оның соңғы Norway Chess турниріне дайындық жиындары Асаубаеваның жеке жүлде қоры мен ата-анасының қаражаты есебінен өткен.
«Осы маңызды турнир алдындағы жиындар менің жеке жүлде ақшам мен ата-анамның қаражатына ұйымдастырылды. Осы жарыс үшін секунданттар мен сарапшылардың ақысын әлі төлеген жоқпыз», — деді Бибісара Асаубаева.
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы мерзімінен бұрын жеңіске жеткен болатын.
Бұдан бөлек, шахматшы шахматтан әлем чемпионатының алтын медалі үшін берілетін сыйақы 2 мың доллар (976 мың теңге) екенін, ал Олимпиаданың жоғарғы марапат иелеріне 250 мың доллар (122 миллион теңге) төленетінін атап өтті.
Сондай-ақ ол бұған дейін спорт министрлігі желісі бойынша 1 миллион теңге көлемінде ресми жалақы алып келгенін, алайда кейіннен оның үш есе қысқарғанын айтты. Ал федерация тарапынан Асаубаеваға мүлдем жалақы төленбейді.
Бұл ретте Бибісараның айтуынша, министрліктегілер Sport Qory арқылы қолдау көрсетуге уәде берген, бірақ ақша түспеген.
Министрліктің ұстанымы
Брифингте Қазақстанның туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев чемпионға «толық қолдау көрсетіліп жатқанын» мәлімдеді. Ол министрлік деректері бойынша Асаубаеваға төленген сомаларды атады:
«Бүгінде Бибісараға министрлік тарапынан да, Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан да толық қолдау көрсетіліп жатыр. Алдыңғы жылдармен салыстырсақ, 2024 жылы Бибісараға 64 миллион теңге, 2025 жылы — 79 миллион, ал 2026 жылы 100 миллион теңге бөлінді», — деді брифингте Қазақстанның туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Дегенмен ол жалақының миллион теңгеден шамамен үш есеге қысқарғанын мойындады.
«Бибісара 2023-2024 жылдары Спортты дамыту дирекциясы (СДД) желісі бойынша миллион теңге жалақы алып тұрды. Кейін шахмат басым спорт түрлерінің тізбесіне кірмегендіктен, оның келісімшарт сомасы төмендетілді. Қор арқылы көрсетілетін қолдауға келер болсақ, оған биыл 100 миллион бөлінді, одан кейін қосымша қаражат бөлуге өтінім берілді.
Біз тараптан өтінім мақұлданды, бірақ қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты ақша бөлінбеді. Сонымен қатар, министрлік желісінен бөлек, федерация қаржысын есепке алғанда, оған биыл 210 миллион, былтыр 160 миллион теңге бөлінді», — деп толықтырды ол.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева — ел тарихындағы ең көп марапатқа ие шахматшы және әлемдік рейтингте бесінші орында тұр. 2024 жылы ол Қазақстан құрамасына шахмат Олимпиадасының тарихи күміс жүлдесін жеңіп алуға көмектесті.
Еске салайық, бұған дейін шахматшы жеке жаттықтырушысына күніне мың еуро төлеуге мәжбүр екенін мәлімдеген болатын.
Tengrinews.kz
