Әсем Сүлейменова: «Әр туындымда қазақтың рухы мен әйелдің нәзіктігі бар»

Лондон төрінде Қазақстанды әлемге танытып, «Golden TIME TALENT» халықаралық байқауының Басжүлдесін жүлдесін иеленген отандық суретші Әсем Сүлейменовамен эксклюзивті сұхбат. Ол өз туындыларында ұлттық кодты заманауи стильмен қалай ұштастырып жүр? Алматы әуежайындағы көрмеден кейінгі әсері қандай? Осы және өзге де қызықты сұрақтардың жауабы төмендегі материалда.

«Сурет салу — мен үшін жай ғана жұмыс емес, бұл — өмір сүру салты»

– Әсем, сіздің картиналарыңыздан қазақтың рухы, ұлттық нақышы мен ою-өрнегі бірден сезіледі. Заманауи өнерде дәл осы бағытты таңдауыңызға не түрткі болды?

– Менің балалық шағым Орал қаласында өтті, содан кейін Астанада өнер университетінде «Монументалды кескіндеме» мамандығында оқыдым . Білім ала жүріп, мен әрқашан өз қолтаңбамды іздедім. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, қазақ әйелдерінің ішкі сұлулығы мен асқақтығы маған ерекше әсер етті. Мен тек сурет салғым келмеді, мен сол сурет арқылы жас ұрпаққа және шетелдіктерге біздің терең философиямызды көрсеткім келді. Қазақ өрнегі — бұл тек дизайн емес, бұл — үлкен мағынасы бар код. Мен сол кодты заманауи тілде сөйлеткім келді.

– Жаңа картинаны бастамас бұрын шабытты қайдан аласыз? Ерекше бір дайындық ритуалдарыңыз бар ма?

– Шабыт — бұл күтіп отыратын нәрсе емес, ол жұмыс барысында келеді. Мені қазақ әуендері, ұлттық аспаптардың дауысы, әсіресе, қобыз бен домбыра сарыны қатты шабыттандырады. Көбіне шеберханамда музыка қосып қойып, әлемді ұмытып, кенеппен оңаша қалғанды жақсы көремін. Түстердің үйлесімі, бояудың иісі мені мүлде бөлек бір тылсым әлемге алып кетеді.

– Лондонды бағындырған «Ана мен бала»— Лондонда өткен халықаралық «Golden TIME TALENT» байқауында алдымен 1-орын, кейін Бас жүлдеге ие болдыңыз. Әлемнің ондаған елінен келген мықты суретшілердің ішінен суырылып шықтыңыз. Шетелдік қазылар алқасы сіздің туындыларыңыздан ең бірінші не нәрсеге таңғалды?

– Олар үшін біздің мәдениет өте экзотикалық және жұмбақ көрінді. Байқауға мен «Ана мен бала» картинасын ұсындым. Онда ананың балаға деген шексіз махаббаты, қазақы тәрбие мен әжелерімізден қалған асыл мұра бейнеленген. Қазылар алқасы түстердің қанықтығына, суреттегі кейіпкерлердің жанарындағы жылылық пен тереңдікке тәнті болды. Олар: «Бұл суреттен біз Орталық Азияның тынысын, көшпенділердің рухын сезіндік» деп баға берді. Бұл мен үшін ғана емес, бүкіл қазақ өнері үшін үлкен мақтаныш болды.

«Өнер — бұл тек талант емес, бұл — үлкен еңбек»

– Бүгінде сіз тек суретші емессіз, сонымен қатар Инстаграмда үлкен аудиториясы бар танымал тұлғасыз (@asem_art_kz). Қазіргі заманда суретшіге өз өнерін бренд ретінде дамыту қаншалықты маңызды?

– Өте маңызды. Қазіргі таңда суретші тек шеберханада тығылып отырмауы керек. Заман талабы сондай: егер сені ешкім білмесе, сенің өнеріңді ешкім көрмейді. Әлеуметтік желілер маған өз туындыларымды әлемге танытуға, картиналарымды тапсырыспен сатуға үлкен мүмкіндік берді . Өнер де еңбекті, маркетингті және үнемі ізденісті талап етеді. Сондықтан жас суретшілерге әлеуметтік желіні дұрыс жүргізуді үйренуге кеңес беремін.

– Өнер жолына жаңа қадам басып келе жатқан жас қазақстандық суретшілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы — өзгені қайталамау, өз стиліңді табу. Екіншісі — ешқашан тоқтамау. Көптеген жастар алғашқы сәтсіздіктен кейін қолдарын бір сілтейді. Мен де бір күнде жеңіске жеткен жоқпын, бұл — жылдар бойғы төгілген тер мен еңбектің нәтижесі. Өз еліңнің тарихын, мәдениетін сүй және соны мақтан тұт. Сонда ғана ерекше туындылар өмірге келеді.

– Әсем, мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Шығармашылығыңыз өрлей берсін!

Әңнімелескен: Шұғыла Ысқаққызы

Related posts

Аңыз-әнші Бибігүл Төлегенова Алматыда өткен референдумға қатысты

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ білім беру бағдарламаларын аккредиттеу туралы халықаралық сертификаттарын алды

ttjk

Абай облысының әкімі соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады