Тоқаев тарихты бұрмалаудың қаупі туралы ескертті

Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.

«Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі», — деді Президент.

Мемлекет басшысы геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн екенін баса айтты.

«Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі. Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма. Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс», — деді Президент.

Tengrinews.kz

Related posts

Түркітілдес журналистер қоры Анталья Журналистер одағымен Меморандумға қол қойды

ttjk

Қазақстан түрік-қытай тарапымен бірлесіп бірегей әскери техника шығарды

Назия Жоямергенқызы

«Тәуелсіздік – ең асыл құндылық!»: Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Назия Жоямергенқызы