Депутат Қазақстанда тағы бір тілді заңды түрде тануды сұрады

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Қазақстанда ым тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тануды ұсынды. Ол тиісті сауалды республика премьер-министріне жолдады.

Смолякованың айтуынша, жыл сайын құқық қорғау органдарына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының бұзылуына қатысты 45 мыңнан аса өтініш түседі.

«Бұл жай ғана статистика емес. Бұл қоғамнан тыс қалып жатқан адамдардың үні», — деді ол.

Депутат бүгінде Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан аса адам тұратынын, оның 5 мыңға жуығы балалар екенін атап өтті. Олар үшін ымдау тілі — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар сыртқы әлеммен байланыс орнату мүмкіндігі.

«Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда ым тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде танылмаған», — деп қынжылды Екатерина Смолякова.

Осының салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмысқа, мемлекеттік қызметтерге және қоғамдық өмірге толыққанды қолжеткізе алмай отыр, деді депутат. Сондай-ақ Смолякова ым тілі мамандарының тапшылығына назар аударды. Оның мәліметінше, Қазақстанда небәрі 221 сурдопедагог бар, ал мұндай мамандарды тек 4 жоғары оқу орны даярлайды. Қазір бұл мамандық бойынша бар болғаны 35 студент оқып жатыр.

Депутат сурдоаударма қызметіне берілетін лимит мәселесін де жеке көтерді. Бүгінде есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына небәрі 60 сағат қана сурдоаударма қызметі көрсетіледі.

«Бұл тіпті күнделікті өмірге де жетпейді. Ауруханаға бару, мемлекеттік қызмет алу, оқу, жұмыс, қоғамдық өмір бар. Ал біз жылына 60 сағатпен шектеліп отырмыз», — деді ол.

Депутат Смолякова үкіметтен ым тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тануды, оны білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолдану кепілдіктерін бекітуді, сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарауды, сурдоаудармасы мен субтитрлері бар контент көлемін арттыруды, сондай-ақ сурдопедагогтарды даярлау ісін кеңейтуді сұрады.

«Есту қабілеті бұзылған азаматтарға тең мүмкіндік беру — бұл қайырымдылық емес. Бұл — әділетті мемлекеттің белгісі. Кез келген адам дауыстап сөйлей алмауы мүмкін. Бірақ әр адамның айтуға құқығы бар», — деп түйіндеді парламентарий.

Tengrinews.kz

Related posts

Қазақстандағы су тасқыны: ТҮРКСОЙ ұйымы зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетеді

ttjk

“ЖАС ҚАНАТ”-2024 БАЙҚАУЫ

ttjk

САМЫЕ КРАСИВЫЕ МАРШРУТЫ ДЛЯ ДАЙВИНГА В ТУРЦИИ

ttjk