Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.
Алдыңғы жазба
