Өнімділікті арттырудың негізгі тәсілдері және өнеркәсіп нысандарын технологиялық жарақтандыру туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек, шыны өндіретін OrdaGlass компаниясының өкілі Ғалымжан Қуатов баяндады.
Өз кезегінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, экономикалық күрделілік индексі шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 55-орынды иеленді. Көршілес елдермен салыстырғанда, 2020–2024 жылдары Қазақстан қарқынды серпіліс жасап, 87-орыннан 55-орынға көтерілді.
Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бізге инвестициялар көлемін ұлғайту қажет. Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың Жалпы ішкі өңімге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.
Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23%-ға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша $120 млрд мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, осылайша, 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар $400 млрд-қа жетеді.
Бірқатар перспективалы бағыттар айқындалған. Табиғи ресурстарды қайта өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу салалары экономикаға әсерінің жоғары болуына байланысты басым бағыттар ретінде белгіленді. Олардың ішінде ең алдымен мына бағыттарды атап өткен жөн:
- Барлық негізгі түсті металдар (алтын, мыс, мырыш, алюминий, қорғасын);
- Қара металлургия;
- Сирек кездесетін металдар;
- Химия өнеркәсібі;
- Мұнай-химия;
- Газ өндірісі;
- Агроөнеркәсіп өнімдерін жоғары және орта деңгейде қайта өңдеу;
- Фармацевтика өнеркәсібі.
Вице-премьер проактивті саясаттың мысалдары ретінде нақты екі кейсті келтірді. Олар:
- Көмір химиясы саласында елімізде шикізат қоры мол. Көмір химиясындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымды тауарларды өндіруге мүмкіндік береді.
Әлеуетті жобалардың бірі – Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін, құны шамамен $2 млрд-ты құрайтын көмірден газ өндіру зауыты. Аталған жобаны қытайлық Shandong Energy Group компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл сегментте капиталды қажет ететін көптеген экспорттық жобаларды жүзеге асыруға болады.
- Қайта өндеу мен әртараптандыруға елеулі серпін беруге инвестициялар көлемінің өсімін көрсетудегі тағы бір мысал – Qarmet кейсі. Компания алдағы үш жыл ішінде шамамен $3,5 млрд-қа жобаларды жүзеге асырады. Инвестициялық бағдарлама нәтижесінде көмір өндіру көлемі 1,4 есеге, темір кені өндірісі 1,8 есеге ұлғая отырып, концентраттар өндірісі 1,7 есеге артып, сұрыптық илемдеу шығару көлемі 2,3 есеге өседі, сондай-ақ қуаты 4 млн тонна болатын жаңа құйма-илек кешені іске қосылады.
Бұдан бөлек, жобалар тізбесі сұрыптық өнім түрлерін кеңейтуді, мырыштау қуаттарын арттыруды, металл бұйымдарын өндіруді, кокс-химия өндірісін жаңғыртуды, газ тазарту жүйелерін жетілдіруді, газ құбыры инфрақұрылымын салуды және энергия өндіру жобаларын қамтиды.
Оныңайтуынша, азық-түлік бағыты агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі сегменттерін қамтиды. Олардың қатарында ет, сүт, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бар. Азық-түлікке жатпайтын сектор импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге бағытталған. Бұл – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия өндірісі. Бұл бастамалардың маңызды құрамдас бөлігі – ондаған миллиард доллар көлемінде ауқымды қаржыландыруды қамтамасыз ете алатын капиталдандырылған даму қаржы институттары.
2026 жылы Бәйтерек ұлттық инвестициялық холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қорландыруды ескере отырып, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары, 2030 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп саласындағы перспективалы әрі несиеге қабілетті жобаларды шамамен $100-120 млрд сомасында қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, жоғары белсенділік танытатын болады.
ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
